туыс емес, жат адамдар ғана біріге алады. Өйткені, туыс онсыз да туыс қой! Ал жат адамды бауырыңа басу, жат болмыспен туысу, сонымен бірге, ол өзіңнің өзгешелігіңді сақтау, өзіңнің ерекшелігіңді дәріптеу емес пе? Сөйтіп, бірліктің ең көкесі – жаттықтан нәр алатын бірлік. Бұл ойға ең алғаш терең бойлаған және кейін өзінің басты идеясы ретінде оны жүзеге асырған алғашқы адам – Шыңғысхан. Қарап отырсаңыз, аңызда Дүниені Тітіркендірушіні ханға және данагөй шалға бөліп, оның биліктегі ұлылығын да, қарапайым өмірдегі данышпандылығын да жаңағы «жат туыстық» ретінде көрсете алған.
Автордың басты ойы да осы… «Жат туыстық» арқылы ол «қалың елі, қазағын» трайболизмнен арылтқысы кеп отыр, жат туыстық арқылы ол Қазақстанды, ондағы барлық халықтарды «қазақы еркіндік» идеясымен біріктіріп, жаңа деңгейге көтергісі кеп отыр. Көп ойлары бізге жат көрінгенімен, ниеті адал. Ал бұл адалдықты ол өзінің халқынан сіңіріп отыр. Өйткені, оның ең басты ойынша, қазақтар тобырлық, немесе ру-тайпалық санадағы емес, жеке тұлғалық еркін санадағы құшағы да, ниеті де ашық, бүкіл әлеммен қауышуға дайын халық. Кітап жоғары ғылыми деңгейде жазылған, бірақ таза ғылыми еңбектен гөрі ол Батыста өте жақсы дамыған саяси антрополияға жақын. Кітапта «потестарлық-саяси» ұғымының жиі кездесетіні де содан болар. Осының негізінде автор саналы билікпен өңделген ұлт саясатына талпынғандай. Көріп тұрғаныңыздай, кітаптың мақсаты өте биік және меніңше, өте дер кезінде көтеріліп тұр. Бұл кітап тек қабылдауды, иә, қабылдамауды тілейді. Мен өз басым біраз идеяларына қызықтым, бірақ тұтастай қабылдадым деп айта алмаймын.
Егер менің аудармалық шешімдеріме келсек, мен гуманитарлық саладағы бүкіл әлемдік орныққан терминдерді қазақшалай беруге қарсымын. Ол деген қанша патриоттық сезімнен туса да, адамзат дамуын сыйламаумен бірдей. Сондықтан мен «трансформация», «деформация», «кеңестік» сияқты сөздерді сол күйінше қалдырдым. Сосын пайдаланылған әдебиетте көрсетілген есімдерді және олардың кітаптарының аттарын сол орысша күйінше келтірдім. Өйткені, Шоқанның фамилиясы әлемдік ғылыми қолданыста тек «Валиханов» нұсқасында белгілі. Және де келтірілген кітаптардың көбісі қазақ тіліне аударылмаған.
Кітап күрделі, көп айтқан идеялары тосын, бірақ біз мәдениетті, демократиялық елдің азаматтарымыз ғой, сондықтан бірден байбалам салудың орнына алдымен түсініп көрейік. Сөйтіп, кітап енді оқырмандарының ашық теңізіне кетпек… Ендігі мәселе оқырмандардың талғамында және ақ ниетінде.
Қорытындыласақ, осы кітап үшін басты лингвистикалық түсінбеушілік жөнінде бірер сөз. Қазір барлық жерде қазақ сөздіктерінде қазақ тіліндегі «казак» сөзі орыс әскерінің өкілдерін белгілейтін болды (Дон, Кубань, Запорожь және т.с. әскерлерінің), яғни отырықшы «шаруа-жауынгерді». Әйтсе де, бұдан сәл-ақ бұрынырақта, ұлы түркітанушы Радловтың айғақтауынша, бұл үшін одан гөрі дәлірек «орыс қазақ» сөзтіркесі қолданылған, өйткені, ішінде «қ» әрпі жоқ «казак» орыс сөзі