деген атау алды. Бұл шайқастардан кейін қазақ жерін жаудан толық азат ету кезеңі басталды.
Бұл азаттық соғысы барысында үлкен геосаясат ұстанған көрші Орыс мемлекеті бар ниетімен қазақтар жағында болғаны рас. Олар өкпе тұсындағы қазақ елінің күшті мемлекетке айналғанын қаламаса да қазақтарды даланың өзге көшпенді тайпалары тарапынан жиі-жиі болып тұратын сойқан шабуылдардан қорғану үшін қалқан ретінде ұстағысы келіп, беттерінен қақпай, олармен келіссөздер жүргізуге ықыласпен кіріскендері анық. Алайда, сол кездері билік еткен орыс патшасы Анна Ионовна кезінде дала елдеріне көз тіккен 1 Пётр өсиетімен бұл саясатын барып тұрған жымысқы, құйтырқылықпен жүргізді. Оның қазақтарға там-тұмдап берген көмектері мардымсыз болып, халықты қалыптасқан ауыр саяси-экономиялық тығырықтан алып шыға алмады. Сөйтіп бұл қазақтарды түбі орыстарға амалсыз бодандыққа кіруге мәжбүрлейтін жайсыз келісім-шарт жасауға итермеледі.
Әлбетте бодандық емес, ойларында тек одақтасу ниеті бар мұндай келісім-шарт жасауға алдымен орыстармен шекаралас жатқан кіші жүз ханы Әбілқайырдың ұмтылғаны рас. Біржолата жойып жіберер зор қаупі бар жойқын жоңғар шапқыншылығымен күресте орыс патшасына арқа сүйемей болмайтындығын, әл-ауқаттарын да құдай қосқан көршісімен бейбіт сауда-саттық жүргізбей көтере алмайтындықтарын ол жақсы түсінген. Ханның бұл саясатын осыған дейін кімге бағынарларын білмей азып-тозып, бей-берекеті кеткен, артында қалың жұрты бар біраз би, батырлар да қолдап шыға келді.
Сөйтіп 1726 жылы өздеріндегі Ресей елшісі Максюта Юнусовпен алдын-ала кездесіп, сөйлескен Әбілқайыр хан ұзамай-ақ Петерборға Қойбағар Көбеев бастаған елшілікті аттандырды. Ал 1730 жылдың 8 қыркүйегінде Мәскеуге екінші елшілікті жіберді. Оған табыстаған хатында хан: «Мен қазір өзімнің бүкіл аймағыммен қоса Сіздің Императорлық Ұлы мәртебеңізге бағынсам деймін… Біз, Әбілқайыр хан, Орта және Кіші жүздің өзімізге қарайтын көп-көп… халықтарымен бірге Сіздің алдыңызда бас иіп… құзырыңыздан үміт етеміз»,– деп жазды дейді қазақстандық тарих ғылымының докторы В.Басин өзінің «Әбілқайыр» деген зерттеу мақаласында («Білім және еңбек» жұрналы. № 5, 1982 ж.). Әрине автор мақаласын дайындау кезінде о баста бұрмаланып аударылған хатты басшылыққа алғанын білген жоқ.
Келіссөз нәтижесінде 1731 жылдың 19 ақпанында императрица Анна Ионовна Кіші жүз қазақтарын Ресей одағына алу жөніндегі Грамотаға қол қойды. Бұл Грамотаны ханға тапсырып, оның антын алу үшін 1731 жылдың сәуірінде түркі тілдерін жетік білетін, Пётр патшаның кезінен жақсы белгілі, аса тәжірибелі, сауатты дипломат А.И.Тевкелев Петербордан Қазақ даласына аттанды.
Келіссөзді болдырғысы келмеген қарсы топтың қаскөй әрекеттерінен сақтанамыз деп елшілер хан кеңесіне ұмсынып үш ай бойы жол жүріп, неше бір азап, мехнеттер шегіп, азып-тозып Мойынтөбе алқабындағы (қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы) Әбілқайыр ордасына ақыры жетеді. Сөйтіп 1731 жылдың 10 қазанында 27 биі бас