Тұрғанжан Төлебаев

Қосалқы тарихи пәндер. І бөлім


Скачать книгу

Қырғызбай, Ноғайбай, Орысбай, Қытайбай, Түркпенбай, Иранбек деп аталған.

      Адам аттарының келесі бір үлкен тобына наным-сенім мен ырымдарға байланыстырыла қойылғандары жатады. Сәби тұрақтамай, жиірек шетінеп кетіп отырған кезде Тұрсын, Тоқтасын, Тұрар, Тұрғанжан, Қалсын деген аттарды қойған. Ал бірнеше қыздан кейін ұлды болғысы келгенде қыздарын Ұлжалғас, Ұлболды, Ұлбике, Ұлмекен деп атаған. Біраздан баласы болмай жүргендер Құдайберген, Тілепберген, Сағындық, Қуандық, Қуаныш, Жалғас деген есімдер қоятын болған.

      Антропонимикадағы негізі, түбірі бір есімнен бірнеше адам аттарының пайда болуы қазақтарда да кездеседі. Мәселен Қали,

      Ғали, Әли, Мұқамет, Мұқанбет, Махамбет, Мұқан, Мәмбет және т.б. Мұндайда кейбірде бір адамның атының өзі өзгерістерге ұшырай отырып жазылып, айтылып отыруы да кездеседі. Мұның өзі қазақтардағы адам аттарын зерттеу, бірізділендіру мен айқындау барысында қиындықтар тудырып отырады.

      Антропонимикалық зерттеулерде нақтылауды қажет ететін есімдер тобына лақап аттар да жатады. Оны айқындау үшін алдымен лақап есім неге, қалай қойылғандығын анықтап алуымыз қажет. Бұл адамның лақап есімін айқындай отырып, шын атын табуға көмектеседі.

      Көрнекті ғалым Т.С. Жанұзақов лақап аттарды төмендегідей топтарға жіктеген:

      1. Адамның түріне, кескін-келбетіне, көзі мен шашына қарай Қарашаш, Қаракөз, Қаламқас, Ақбала, Сұлушаш, Алтыншаш, Көркемжан деп аталғандар;

      2. Адамның жүрісі, тұлғасы мен мүсіне байланысты Кербез, Жорға, Құлагер, ұзын Ахмет, т. б.

      3. Адамның дене-мүшесінің кемшілігіне байланысты: Бүкір, Сақау, Шолақ, Кекеш.

      4. Мінез-құлық, бейімділік әрекетке, ерекшелік қасиеттерге байланысты: Найзагай, Асан, т. б.

      5. Негізгі кәсібі, қызмет бабына байланысты етікші Ахмед, мұғалім Оспан, қойшы Аман, дәрігер Нұржан, т. б.

      Біздіңше антропономикалық зерттеулерде осы жіктеуді ескеру, негізге алу қажет. Өйткені оларда негізге алу зерттеу жұмысын біршама жеңілдетеді әрі адамның шынайы атын нақтылауды тездетеді.

      Антропономикалық зерттеулер барысында біршама еңбектенуді қажет ететін келесі бір аттар тобы бүркеншік есімдер (псевдонимдер). Грекше псевдоним – жалған, жасырын ат дегенді білдіретін сөз. Бүркеншік аттар ойдан шығарылған, жасанды есімдер мен фамилиялар болып келеді. Бүркеншік есімдер ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жарық көрген қазақ басылымдарында, әсіресе «Айқап» жұрналы мен «Қазақ» газетінде кең түрде пайдаланылған. Бұл патша үкіметінің жеке адамдарды ғана емес осы басылымдардың өздерін де қатаң бақылауға алуына, қудалауына байланысты да болған. Бүркеншік аттар кеңес үкіметі жылдарында да, қазіргі кезеңде де қолданылады. Оны көбінесе, қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, журналистер мен көркем өнер мамандары пайдаланады.

      Бүркеншік аттар әдеттегі адам аттарынан бөлек және жасалуына байланысты әртүрлі болып отырады. Мәселен аты мен фамилиясының бас әріптерін ғана жазу, туған жерін немесе