Нарықтық экономика жағдайында банк саласында банктер операциялардың көптеген жаңа түрлерін атқаруда. Тәуекелділік кез келген банктік операцияларда болады. Олардың ауқымы әртүрлі. Тәуекелдер міндетті түрде реттелуі және банктің қаржылық мүмкіндігінің шегінде орналасуы керек. Сондықтан да банк қызметінде тәуекелділіктің мүлдем болмауы маңызды емес, оның ең аз шамадағы деңгейіне жеткізу және кеміту маңызды.
Нарықтық экономика жағдайында әр банк өз қызметінің процесінде тәуекел деңгейін жетік меңгеріп, тәуекелді дұрыс басқара білуі банк табыстылығының кепілі болып табылады.
Оқу құралының жазылу мақсаты – студенттердің банктік тәуекелдер теориялары саласында білім іргетасын қалыптастыру, олардың мәнін, қажеттілігін, қызметтерін тарихи және теориялық аспектіде, сондай-ақ қазіргі нарықтық экономикадағы рөлін және маңызын ашып қарастыру.
Оқу құралында банктік тәуекелді, оны басқарудың экономикалық мазмұны мен мәнін аша отырып, оның рөлін, категорияларын, жіктелімін, сонымен қатар несиелік, өтімділік, пайыздық, валюталық, операциондық тәуекелдерді және оны басқару, бағалау әдістерін, тәуекелді төмендету шаралары туралы айтылған. Әр тақырыптың соңында студенттер үшін бақылау сұрақтары беріліп, тест сұрақтары қарастырылған.
1- тарау
БАНКТІК ТӘУЕКЕЛДЕРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘНІ
1.1. Банктік тәуекелдер категориялары мен классификациясы
Жалпы тәуекелдің тұжырымдамасы адамзатқа ежелден-ақ таныс. Өйткені тәуекел біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып келеді. Тәуекел деп оқиғаның болу немесе болмау мүмкіндігін жүз пайыздық нақтылықпен болжай алмауын айтамыз. Кез келген адам тәуекел деңгейін төмендетуге тырысады. Өйткені жағымсыз оқиғаның болу жағдайында тәуекелге бет бұрған адам міндетті түрде шығынға ұшырайды. Тәуекел деңгейін төмендету мақсатында біз екі немесе одан да көп баламалардың бар болуын қалаймыз. Яғни, таңдау құқығына ие болғымыз келеді. Тәуекел деңгейі мен табыстылық деңгейі өзара пропорционал, тәуекел деңгейі неғұрлым жоғары болса, табыстылық деңгейі де соғұрлым жоғары болады. Керісінше тәуекел деңгейі төмен болса, табыс та төмен болады. Сондықтан кез келген кәсіпорын табыс пен тәуекел деңгейлерінің арасынан ең тиімді немесе альтернативті арақатынасты таңдайды.
Бүгінгі таңдағы нарықтық экономика жағдайында банк саласында банктер әртүрлі банктік операцияларды жүзеге асыру барысында мойнына алатын жауаптылықты дұрыс бағалай білуінің маңызы зор.
Тәуекелділік кез келген банктік операцияларда болады. Олардың ауқымы әртүрлі. Сондықтан да банк қызметтерде тәуекелдің мүлде болмауы маңызды емес, оны ең аз шамадағы деңгейіне жеткізу, кеміту маңызды. Яғни кез келген банк өз қаражаттарын табысы жоғары және тәуекел деңгейі төмен ісәрекеттерде жұмсауға тырысады.
Банктік тәуекелдер деп несие мекеменің жүзеге асыратын, банк операциясының ерекшелігімен туындайтын шығын қатері, яғни банктің өз ресурсының, табысының бір бөлігінен айырылып қалу қаупін немесе қаржылық операцияларды жүзеге асыру барысында қосымша шығын шығару қаупін айтамыз.
Тәуекел банктің берілген несиелері бойынша төлемсіздік туындаған жағдайда, ресурстық базасы жеткіліксіз болғанда жалпы міндеттемелері бойынша жауап беру мүмкіндігі азайғанда пайдасынан айырылып қалу ықтималдылығын белгілейді.
Банктік тәуекел категориясы экономикалық теорияның тану объектісі ретінде әртүрлі бағыттағы нәтижелер мен ақпараттардың анықталмағандығы және оссиметриялылығымен тығыз байланысты.
Банк қызметі залалсыз болуы үшін шыгын, ысырап, залал сенімді категорияларға бағдарланып, оларды қолдану керек.
Ысырап банк қызметіне тән, тәуекелділікті сипаттайтын қорытындылаушы көрсеткіш тұрғысынан банк пайдасының болжанбаған кемуі ретінде ұғынылады.
Бұл көрсеткіш өзіне шығын мен залалды ұштастырады. Сол себепті де, қатердің деңгейін басқа көрсеткіштерге қарағанда анық сипаттай алады.
Қатер мен ысырап ұғымы бір-бірімен өзара байланысты. Осыған орай, қатерді ысырап категорияларын пайдалана отырып, сандық тұрғыдан сипаттауға болады. Бұл тәсілдеме тәуекел теориясын дамытудың базасы болып табылады.
Шығын – банк өз қызметінде белгілі бір шығындар жұмсайды. Оларға: салымға төленетін пайыздар, өзге де қаржы институттарынан алынған кредит ресурстары үшін төлем, есеп айырысу операцияларымен, бағалы қағаздармен байланысты шығын, жұмыскерлерге, қызметкерлерге, үй-ғимаратқа кететін шығындар жатады.
Табысты ала алмау немесе белгіленген шығыннан да көп шығын шығару жағдайы залал деп аталады. Залал алдағы кезеңнің операцияларының жеткілікті дәрежеде таңдалмаған кезінде, жарамсыздыққа ұрынған жағдайда және қал-ақуалды болжауға келмейтін жағдайда болады.
Іс жүзінде портфельдердің келесідей түрлері бар:
– несиелік тәуекелділік портфелі;
– өтімділік тәуекелділік портфелі;
– валюталық тәуекелділік портфелі;
– пайыз мөлшерлемесінің өзгеру тәуекелділігі портфелі.
Банк өз қызметі процесінде тәуекел түрлерінің әртүрлі