Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары
дiнiн, әдет-ғұрпын сақтауға мүмкiндiк алғанымен, дiнсiздерден алынатын салық төлеуге мәжбүр болды.
VІІІ-ІХ ғасырларда араб халифатының исламды қабылдауымен Иран халқы да бiртiндеп исламдана бастады. Дегенмен көптеген парсылар дәстүрлi дiндерi – зороастризмге адалдығын сақтап, жасырын түрде, кейде ашықтан-ашық ескi нанымдарын дәрiптей бердi. Истахри, тiптi ІХ-Х ғасырларда Фарс жерiнде халықтың көпшiлiгi зороастризм дiнiнде болғанын және ол жерде көптеген от храмдарының жұмыс iстегенiн, омейялар (661-750) кезiндегi Керман халқы ашық түрде зороастризмдi ұстанғанын, Шиз қаласы мен бiрқатар Каспий маңы аймақтары, Гилян, Мазандеран, Горган қалалары көне дiн орталықтары болып қала бергендiгi жайлы жазады. Фарс провинциясындағы Истахр қаласы осындай қалалардың бiрi болды.
Бұған қарамастан, Иран жерiнiң араб халифатының құрамдас бiр бөлiгiне айналу процесi шапшаң жүре бердi. Ирандық зерттеушi А. Бейат исламның Иранға тарау факторларын былайша түсiндiредi: 1) мұсылман еместердiң «джазйэ» төлеуге мiндеттiлiгi; 2) ирандықтардың халиф сарайына қызметке тартылуы; 3) ирандықтардың мұсылман көршiлерiмен мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынасқа түсуi.
Халықтың исламдануы географиялық жағдайларға да байланысты болды. Иранның орталығы мен батысы исламды ерте қабылдағанмен, елдiң солтүстiгi мен шығысы, оңтүстiгi ұзақ уақыт зороастризм дiнiне адал болып қалды. Таулардағы адам аяғы бара алмас тас сарайларда зороастризм дiнiне қатысты қасиеттi кiтаптар мен бағалы қолжазбалар сақталды. Истахри, Сабур округындағы осындай тас сарайды былайша суреттейдi: «Қолжазбаларда парсыларға белгiлi барлық патшалар мен ақсүйектер, отты сақтаушы барлық ұлы мобедтер (зороастризм дiнбасысы) мен басқалардың аты жазылған. Бұл қасиеттi жазбаларды «Джисс қамалы» деп аталатын Арраджан округының тұрғындары қорғайды». Осы аймақтар ислам дiнiнiң Иранда қанат жаюына барынша қарсылық көрсетiп, түркiлердiң жаулап алуларына дейiн исламға қарсы қозғалыстар мен идеялардың ошағы болды.
Араб үстемдiгi мен жаңа дiндi көне дәстүр мен мәдениетке ие өркениеттi ел тұрғындары бiрден қабылдай алған жоқ. Араб билiгi мен ислам дiнi жергiлiктiлердiң ұзақ қарсыласуларымен қатар орнай бастады. Бұған әсiресе ислам дiнi мен зороастризм дiнiнiң дүниетанымдық алшақтықтары әсер етпей қоймады. Халықтың жаңа ислам дiнiне сүйенген жаңа билiкке деген өшпендiлiгi мен мойынсынбаушылығы жайлы К. Босворт былай деп жазады: «Арабтардың келуiнен бастап Х-ХІ ғасырларға дейiн бiрнеше мәрте қарсыласқан, кейбiреулерiне Иранның көне дiндерi – маздакизм мен зороастризмдi ұстанушылар қатысқан әлеуметтiк-саяси қозғалыстар болды. Бұл қозғалыстар исламның күшеюiмен әлсiреген соң да iс жүзiнде исмайлшылар мен шииттер қозғалысы түрiнде жалғасын тапты». Көне дәстүрлi мәдениетке ие ирандықтар ислам дiнi негiзiндегi жаңа өркениетке осылайша өз қарсылықтарын бiлдiрдi.
Оңтүстiк Каспийдiң жағалау аймақтары Гилян, Табаристанның, сонымен қатар Эльбурс тауларымен қоршалған таулы iшкi аудандар халықтар мен идеялар үшiн әрқашан сенiмдi баспана болды. Бұл жерлерде этникалық топтардың қалдықтары, ескi тiлдер