оғам болғанымен, ол өнер ретінде өзінің табиғи болмысын сақтап қалып отырады. Әдебиет қай қоғамда болмасын өзінің өнерлік қасиетін жоймауы тиіс.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін ерекше атауымыздың себебі, ол – Абай дәстүр еткен ұлы үрдістен жалғасын тапқан, әрі басқа кезеңдерден бөлекше, қоғамдық ой-сананың қаймағы бұзылмай тұрғанда туған әдебиет. Сондықтан да бұл кезең әдебиеті қазақ даласындағы әлеуметтік қайшылықтарды ашып, халық өмірін сыншылдықпен де, шыншылдықпен де суреттей алды.
ХХ ғасыр басындағы әдебиет сыншыл реализм айқын бедерленген кезең болып табылады. Сыншыл реализм ерекшеліктері М. Сералин, С.Торайғыров, С. Көбеев, т.б. шығармаларынан нақты көрініс тапты. Сондай-ақ осы кезеңдегі қазақ әдебиеті тарихи-әлеуметтік қайшылықтарды көрсетіп қана қоймай, отаршылдыққа қарсы бағытталған күрескерлік ұлт-азатшыл идеяларды да алға тартты. Әдебиет дамуының бұл ерекшеліктерін Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және т.б. шығармаларынан байқаймыз. Олардың шығармалары ресейлік отаршылдыққа, қоғам өміріндегі надандыққа, әлеуметтік теңсіздікке қарсы бағытталды.
Қазақ әдебиеті өзінің дәстүрлі классикалық сипатында дамығанымен, жаңашыл әдебиет өкілдері Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Бернияз Күлеев т.б. оған өзгеше леп қосып, жаңашылдықпен байытып, көркемдік мәнін биіктетті. Олар өздерінің эпикалық шығармаларында, лирикалық туындыларында халық өмірін кеңінен суреттеп, жан-жақты ашып көрсетті.
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихына арналған бұл электронды оқу құралында өткен ғасырдағы ұлттық әдебиетіміздің ұлы тұлғаларының шығармалары сөз болып, әдебиет дамуының үлгісіне баланар көркемдік-эстетикалық сапасы жоғары туындылар іріктеліп алынып, талданды.
Сонымен, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті барлық жанрда жазылып, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейде дамыған әдебиет деп тануға лайық. Ол өзінің ұлттық сипатында гүлденген және бүкіләлемдік мәдениеттен нәр алған қуатты әдебиетке айналды.
ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ
Әдеби ағым-бағыттар. Әдебиеттегі ағым – бағыттың айырмашылығын анықтау белгілі бір кезең әдебиетінің мәнін ашуда аса маңызды. Көркем шығармаларда қолданылатын шығармашылық әдіс-тәсілдермен тығыз байланысып жатқан осы бір мәселеге қатысты ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде қандай ағымдар мен бағыттар болғанына, оны сол тұстағы және кейінгі әдеби ой-пікір қалай танып білгеніне назар аудармасқа болмайды. Себебі ол белгілі дәуірдегі ақын-жазушылардың ізденістерін, көркемдік биіктерге жетуге деген ұмтылысын айқындайтын нақты құбылыс болып табылады.
Академик З.Қабдолов “Сөз өнері” монографиясында әдеби ағымды әдеби стильмен салыстыра келе, ағым әр жазушының әдеби бағыты екендігін атап өтеді. Сондықтан да біз ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиет өкілдерін идеялық ұстанымы, өмірдің өзекті мәселесін көркемдік шындық арқылы көрсете білуі, қоғамдық-әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан үш бағытқа бөлдік. Осы “бағыт” ұғымы олардың ерекшелігін дәл айқындайтын секілді. Себебі ХХ ғасыр бас кезінде қазақ жазушыларында әдеби мектеп (литературная школа) қалыптаса қойған жоқ. Ал әдеби топтардың (литературная группа) болғаны анық. Олар көбіне идеялық көзқарас тұрғысынан бірігіп, нақты бағыт ұстанды.
Әрине, біз бөлген бұл әдеби бағыттардың арасын кесіп-пішіп, бөлшектеп тастауға әсте болмайды. Жалпы бір дәуірде өмір сүріп, белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік жағдайды басынан өткеріп отырған ақын-жазушылар шығармашылығында ұқсастық басым келеді. Бірақ сол қоғамды танып-білуде, оған өзгеріс әкелуге деген ұмтылыстарында, осыларды арқау еткен шығармаларында көздеген ой-идеясын жеткізудегі, тақырыпты ашудағы өзіндік бағыты айқын. Белгілі бір бағыттың эстетикалық танымы ерекшеленіп-ақ тұрады. Әдебиет теориясының білгірі академик З.Ахметовтың пікіріне сүйенсек, “бағыт”, ең алдымен тақырып таңдау, белгілі жанрлық түрлерді қолдану, адам бейнесін суреттеуден айқын танылады. Біздіңше, бұл – бағыт табиғатын тануға берілген нақты баға.
Көркем шығармалардың ХХ ғасырдың басында көптеп басылуы, Қазан, Ташкент, Уфа, Петербург қалаларында әдеби мұра үлгілерінің жариялануы және қазақ тілінде саяси-әдеби газет журналдардың шыға бастауы, мерзімді баспасөздің өркендеуі қазақ әдебиетінің өркен жаюына, сондай-ақ түрлі әдеби топтардың пайда болуына сол арқылы әртүрлі әдеби бағыттардың қалыптасуы мен айқындалуына алып келді.
ХХ ғасыр қазақ даласына да жаңа дәуірдің жаршысы болып келді. Абай дәстүрін дамытып, жалғастырған ізбасар ақындар Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжандар тарих сахнасына шықты. Осы кездегі Ресейдегі саяси-әлеуметтік өзгерістердің қазақ жеріне жаңғырып жетуі қоғамдық-әлеуметтік ойдың өрісін кеңейтті. Жоғарыдағы ақын-жазушылар бастаған қазақ ақын-жазушылары ұлттық сана-сезімді оятар бағыт-бағдар іздеді. Оны әрқайсысы өзінше тапты, өз пікірлестерін бір бағытқа түзеді.
ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының тарихында ұлы өзгерістер мен үлкен асулар кезеңі, яғни, айбынды да айлалы саяси күрес, ащы ыза мен кекке толы көтерілістер дәуірі болды. Дәл осы тұста қазақ арасында оқу-ағарту жұмыстары өркен жайып, қазақ зиялылары алдыңғы қатарға шыға бастады. Қазақ тілінде кітап бастыру, газет-журнал шығару