Ө. Әбдиманұлы

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі. Электронды оқу құралы


Скачать книгу

еді. Отаршылдық саясаттың озбырлығын сезе тұра, патшалық әкімдердің қанаушылық қаныпезерлігін көре отырып, үндемей қалуды жөн көрмей, өзегіне запыран болып жиналған ащы шындықты қалайда сыртқа шығаруға тырысқан Ахмет Крыловтан өзі екшеген «40 мысалға» жүгінді.

      Ахметтің мысалшы ретіндегі ерекшелігінің ең басты қасиеті – төл туынды жасай білгендігінде. А. Байтұрсынов Крылов мысалындағы сюжеттік желіні өз уақытына үйлестіріп, қазақ халқының тағдырындағы ділгір мәселені көтеруге пайдаланып, "негізгі түпнұсқаға ойластырып, көркем ойға ой қосып, суретке сурет қосып, пікірді ұштап" (Р.Нұрғалиев) таза қазақи төл туынды жасаған.

      Ақын поэзиясындағы азатшыл рух. Отаршылдық кұрсауындағы ұлтының бостандық алу жолына поэзиясын қару еткен ақын – Ахмет Байтұрсынов. Ол XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінде ұлт-азатшыл бағытты бастаған поэзиясында аударма арқылы насихаттаған ойларын айқындай түсті. Өршіл де төңкерісшіл сарындағы жалынды жырлар туғызды. Сөйтіп, қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың бастауы іспетті "Маса" жинағы 1911 жылы дүниеге келді. Ол – Ахметтің ақындық атағын кеңінен жайып, өз тұсындағы қазақ ақындарының алдыңғы қатарына шығарған туынды.

      А. Байтұрсынов өз өлеңдерінде өнер-білімнің құдіретіне табынуға, олардын қадір-қасиетін атақ пен шен, мансап пен байлық көзіне айналдырмауға үндеп, Абай тағылымын әрі қарай жалғастырды. Абай дәстүрін ұстанған Ахмет өз өлеңдерінде қараңғылық құшағында мүлгіген халқына: "Аш көзінді оянып" деп қозғау салып, ұран көтереді.

      А. Байтұрсынов өлеңдеріндегі ағартушылық сипаттың өзіне дейінгі ақындардан өзгешелігі бар. Ол өнер-білімді халықтың санасын оятып, өзгенің езгісіндегі тұрмысының себеп-салдарына көз салдырар бостандыққа ұмтылудың нұрлы сәулесі деп санайды. Бостандық ұғымы бұрынғы поэзияда басты ой нысанасы болып көрінбесе, Ахмет өлеңдерінде ол негізгі тақырып, өлеңге өзек болар ойдың "темір қазығы" іспеттес. Абай, Ыбырай туған халқының тағдырына күйзеліп, өркениетте озық кеткен өзге халықтармен иық тірестіруді, "тіл ұстартып, өнер шашпақтан" іздесе, Ахмет оны бостандық үшін күреспен байланыстырады. Оның өзіне дейінгі саңлақ ақындардан бір қадам ілгері басқандығы да, поэзиясының салмақтылығы мен құдіреті де осында. Ахаңның "Досыма хат", "Жиған-терген", "Анама хат", "Жауға түскен жан сөзі", "Жауап хаттан", т.б. өлендерінің тегеурінді қуаты осы бір ұқтырар ой аңғарында жатыр.

      "Маса" жинағына енген өлеңдерден, әсіресе, кейінгі басылымдарына енген өлеңдерінен төңкерісшіл рух, 1905-1907 жылдардағы толқулардан қанаттанған тасқын күштің серпілісі ұшқын шашады.

      Ақынның азаматтық поэзиясынан оның өмірлік өзгерістерге белсенді қатынасы көрініс беріп, қоғамдық қайраткерлігін айқындай түседі. Поэзияның саяси-әлеуметтік мәнін арттыра түсуге, жетілдіре түсуге тырысуы содан. Әсіресе, "Қа…қаласына", "Жұртыма", "Ақын ініме", ''Жауап хаттан" тәрізді өлеңдері оның коғамдық қайраткерлік бағдарламасын мейлінше аша түседі. Оларда жеке басқа қатысты күйініш-сүйініштен,