себепші болуы – Бэла Ахметова үшін үлкен мақтаныш. Бірақ, ұяң мінезді, ілтипаты мол жас ғалым өз ісінен гөрі өз әріптестерінің, жетекшісі Тулиновтың еңбегі жайлы көбірек әңгімелейді. Ал, Бэланың бұл жаңалықты ашудағы қосқан үлесі 1965 жылы «Эксперименттік және теоретикалық физика» журналында жарияланған мақалаларында көпке жете танылып, аталған саладағы жүргізген зерттеу жұмысы бойынша жазған «Протонографияның кейбір мәселелерін зерттеу» атты кандидаттық диссертациясын қорғаған кезінде жеткізе айтылған болатын.
Физик-ғалымдар коллективінің көп жыл бойғы үзбей жүргізген зерттеу жұмыстары көлеңкелер эффектісінің тағы бір таңғажайып қасиетін ашқан еді. Көлеңкелер эффектісі қатты денелер физикасында жоғарыда аталғандай кең түрде қолданылғанымен, ол негізінен ядролық физика саласына тән кұбылыс болғандықтан, бұл салада зор ғылыми маңызы бар жаңалық ашуға өз жәрдемін берді. Оны ядролық реакциялардың өту уақытын дәл өлшеуге пайдалануға болатындығы дәлелденді! Бұған дейін мұндай уақыт мөлшерін дұрыс өлшейтін ешбір әдіс жоқ-тұғын.
Профессор Тулинов басшылығымен жүзеге асырылған физиктер коллективінің тамаша ғылыми табыстары жайлы айта келіп, өзінің «Известия» газетінде жарияланған мақаласында осы соңғы жаңалық туралы академик Г Флеров былай деп жазады: «Жаңа әдіс физикада ерекше зор маңызы бар міндетті шешуге ядролық реакциялар өтетін өте аз уақытты эксперимент жүзінде белгілеуге мүмкіндік жасайды. Бұған дейін эксперимент жүргізушілер өлшей білетін ең аз уақыт мөлшері 10-12 – 10-13 секунд (он екі, он үш нөлі бар бірлікке бөлінетін бірлік) болатын. Көлеңкелер эффектісіне негізделген жаңа әдіс бұл межені бірден ондаған, жүздеген мың есе әрі шегіндірді. Оның көмегімен 10-18 секундқа дейін өлшеуге болады. Бұл әдістің жасалуы – Совет ғалымдарының ядролық физика саласындағы ірі жетістіктерінің бірі екендігіне дау жоқ».
Бұл – жас ғалым Бэла Ахметованың ғылыми жұмысына да берілген баға. Ал, ең жоғары баға әлі де алда болатын.
Ол көп күттірген жоқ. 1972 жылдың караша айында КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің сол жылғы ғылым мен техника саласындағы КСРО.
Мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы қаулысы жарияланды. Онда жоғарыда есімі аталған физик-ғалымдармен бірге Ахметова Бэла Ғабдолғалиқызына – монокристалдарда өтетін ядролық реакциялардағы көлеңкелер эффектісін ашқаны және зерттегені үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілетіндігі туралы айтылған еді. Әріптестермен бірге, өзінің қадірлі ұстазының басшылығымен көп жылдар бойғы батыл ізденістері мен жалықпай жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесін партия мен үкіметтің осылайша жоғары бағалағаны оны шексіз қуанышқа бөледі.
Құттықтаулар да, қошемет сөздер де көп болды. Солардың ішінен оған ең ыстығы, ең қадірлісі анасы Райханның құттықтауы болатын: «Көп жаса, қызым! Өркенің өссін!» деген еді анасы, қуаныштан көзіне жас алып тұрып.
1967 жылы МГУ аспирантурасын бітіріп, Алматыға оралған Бэла Ахметова