енов 1924 жылы 12 мамырда Волгоград облысы Харабалы ауданы Харабайлы ауылында дүниеге келген. Ол өткен ғасырдың 20-30 жылдарында ел басына түскен барлық қиын-қыстау күндерді басынан өткізген ұрпақтың өкілі.
1942 жылдың тамызында Қызыл Армия қатарына шақырылған У.Х. Шәлекенов Өзбекстанның Наманган қаласына Украинадан көшірілген «Харьков жаяу әскер училищесіне» курсант болып қабылданып, 1943 жылдың ақпанына дейін дәріс алып, соғыс майданына жіберіледі. Взвод командирінің жәрдемшісі, кейін взвод командирі ретінде Курск-Орлов шайқасында болып, Старый Оскол, Новый Оскол, Белгород және Харьков қалаларын фашистерден азат етуге қатысады. Елге оралған соң Қарақалпақстан АКСР-ы Мойнақ ауданына келіп, мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Кейін Нөкістегі педагогикалық институттың тарих факультетіне түсіп, оны үздік бітірген жас маман Қарақалпақстанның Облыстық комитетінде лектор болып қызмет етеді. 1951-1953 жылдары КСРО Ғылым академиясының Н.Н. Михлуко-Маклай атындағы Этнография институтының аспирантурасында білім алып, 1953 жылы тарих ғылымдарының кандидатты, 1967 жылы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленеді. Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақ филиалында аға ғылыми қызметкер, археология және этнография секторының меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Өзбекстан және Қарақалпақстан елі У.Х. Шәлекеновтің жемісті еңбегін жоғары бағалап, «Қарақалпақстан АКСР-ның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» атағын берген.
Десек те, туған жерге деген сағыныш жат жұртта жүрген Уахит Хамзаұлын атамекеніне ынтықтырмай қоймады. Сөйтіп ғалым 1970 жылы атажұртына оралады. Шымкент мәдениет педагогикалық институтына конкурстық негізде ауысып, туған елге аянбай еңбек ету осы уақыттан басталып кетеді. Ғалым кейіннен, 1973 жылы тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жаңадан ашылған «Археология және этнография» кафедрасына профессор болып келді. 1973-1986 жылдары профессор У.Х. Шәлекенов кафедра меңгерушісі, тарих факультетінің деканы болып жұмыс істеді. Осы қызметтерді атқаруда өзінің ұйымдастырушылық, ұстаздық және ғылыми қабілеттілігін іс жүзінде көрсетті. Археология және этнография саласы бойынша мамандар дайындау мәселесін жолга қойып, кафедраның өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосты.
Уахит Хамзаұлының басшылыгымен 1974 жылы ҚазҰУ-дың археологиялық базасы ашылды. Соның арқасында студенттер оқу үдерісін тәжірибелік зерттеу жұмыстарымен ұштастыруда. Ал Жамбыл облысындағы Ақтөбе қалашыгының ортағасырлық Баласагұн қаласы екендігінің дәлелденуі ғалымның 30 жылдық маңдай терінің жемісі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор У.Х. Шәлекенов жарты ғасырға жуық жемісті қызмет етіп, егемен елімізге жоғары білімді мамандар тәрбиелеуде, тарих ғылымын дамытуда зор еңбек сіңірді. Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегі мен өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен осы кітапты оқырмандарға ұсынып отырмыз.
ШӘЛЕКЕНОВ УАХИТ ХАМЗАҰЛЫ
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Шәлекенов Уахит Хамзаұлы 1924 жылы мамыр айында Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы Бөрлі ауылында (Нарынқұм) дүниеге келген. Колхоздандыру, ашаршылық қат-қабат келген отызыншы жылдардың басындағы аласапыранда оның әке-шешесі Ресей Федерациясының Астрахан облысы Қарабайлы қаласына қоныс аударған.
1930 жылы әуелі Уахиттың анасы Хафиза, одан кейін екі кіші бауыры қайтыс болған соң, Астрахан облысына көшіп келген әкесі Хамза қалған үш баласын балық аулап, мал бағып асырайды. Перзентінің үлкені Қабираны Астрахандағы интернатқа беріп, ол сол жерде мектеп бітірген соң қаладағы қазақ педагогикалық училищесіне түскен. Одан кейінгі балалары Уахит және Набира әкесінің қасында болған. 1938 жылы Қабира Хамзақызы Астрахан педагогикалық училищесін үздік бітіріп, жолдасы Ғарифулла Хакимұлы Мұхамбетов екеуі жолдамамен Қарақалпақстанға жіберіледі. Сөйтіп, ҚҚАКСР-ы Мойнақ ауданының Үрге ауылындағы орта мектепте Г.Х. Мұхамбетов директор, Қ. Шәлекенова мұғалім болып қызмет атқарған. 1939 жылдың күзінде Г.Х. Мұхамбетов Уахитты Үргеге алып келіп, осы мектепте оқытады. Ал 1939 жылы Хамза Шәлекеновтің отбасы түгелімен Үргеге көшіп келеді.
Әкесі Хамза қайтыс болғаннан кейін үш ай өткен соң, 1942 жылдың тамыз айында орта мектептің соңғы класында оқып жүрген Уахит Қызыл Армияның қатарына шақырылды. Өзбекстанның Наманган қаласына көшіріп әкелінген Харьков Әскери училищесінде (ХВУ) даярлықтан өткен соң 1943 жылдың ақпанында кіші лейтенант шенінде майданға жіберілді. Взвод командирінің көмекшісі, кіші лейтенант Уахит Шәлекенов құрамында болған III Украин майданындағы 960-атқыштар полкі Курск-Орлов шайқасына қатысады. Харьков түбіндегі шайқаста Уахит ауыр жараланып, бірнеше госпитальда емделген соң өзі әскерге шақырылған Қарақалпақ АКСР-ына оралып, мектепке әскери сабақ беретін мұғалім болып орналасады. Осы жұмысын соғыс жылдарында мектептерде, училищелерде және Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтында жалғастырады. У.Х. Шәлекеновтің майдандағы және тылдағы көп жылдық жұмысы үшін, оған 1995 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен полковник әскери шені берілген.