нақыл сөз бар емес пе?! Кәне, өздерің ойлап табыңдар, – деп, Талғаттың анасы өз шаруаларымен айналысып кетті.
Ал балалар болса шеткерірек барып, дөңгелене тұра қалды. Олардың не айтып жатқандарына ешкім аса мән бере қоймады. Нүрилә апайдың немерелерінің ересектеуі:
– Таптым! Менің ойымша шарларды тіз қатар іліп, «Әже, туған күніңмен!» деп жазайық.
– Содан соң бір шарға «60» – деген санды жазайық! – деп Талғат та мәз болды.
Сонымен, балалар өз ойларын жүзеге асыруға кірісті. Той басталар кезге бәрі дайын болды. Отырған жұрт, «жарайсыңдар, балалар!» – деп, көңілдері бір жасап қалды.
Той басталар уақытта келіп, қонақтар жиналып болды-ау дегенде, осы қаланың жұртына есімі белгілі болған асаба жігіт қолына домбырасын алып, тойды бастап жіберді. Төрдің алдына, дастарханның басына тойдың иесі болған Нүрилә апайымызды құрметтеп, асаба жігітіміз шығарып салды. Келген қонақтардың бәрі дастархан басына жайғасты. Медет ақсақал да өзіне тиісті орынға барып отырды. Ол іштей қобалжып, жүрегі лүпілдеп, жан-жағына қарап көздерімен Күлтәйді іздеді. «Ол мені таныр ма екен? Мен де бірден тани алар ма екенмін? Дегенмен де елу жылдан астам уақыт өтті ғой. Қандай болды екен менің жарығым?» деп, ой үстінде отыр. Асаба құйқылжытып ән салып, арасында тақпақтап сөйлеп, елге сөз беріп дегендейін, өз жұмысын атқарып жүр. Арасында қызықты-қызықты әзіл сықақтар айтып, елді күлдіріп қояды. Бірақ, мұның бірін де Медет ақсақал естіп отырған жоқ. Ол кісінің есіл дерті Күлтәйді бір көру еді. Өзі не ішіп, не жеп отырғанын да білмейді. Оған қарама-қарсы сәл жоғарырақ, әдеміше келген қара-торы әйел отырды. Күліп-ойнап, жанында отырғандармен жай ғана сөйлесіп, асабаның және орындарынан тұрып өздерінің тілектерін білдіріп жатқандардың сөздерін мқият тыңдап отыр. Қарақаттай екі жанары сол баяғы Күлтәйдің көздері. Бетіндегі, оң жақ көзінің маңайына орналасқан меңі, сол меңі, бәрі «мен Күлтәйіңмін» деп тұрған тәрізді, «бірақ, кімде мең жоқ дейсің,» – деп Медет ақсақал көздерін алмай қарап отыр. «Дауысын естісем танырмын» деп іштей ойлап қояды. Адам ұлғайса да дауысы өзгермейді ғой. Осылайша ойланып-толғанып отырғанда, асаба жігіттің «бата» деген сөзін естіп қалды.
– Ақсақал, мына үлкен тамаққа бата беріңіз, – деп асаба төрде отырған Нүрилә апайдың нағашыcына қолындағы микрофонды ұсынды. Бұл кісіні Медет ақсақал да танитын, ауылдан жиен қызының үйіне жиі келіп тұратын. Елдің бәрі бата естиік деп тына қалды.
От басы, ауыл-аймақ аман болсын,
Тыныштық бәрімізге заман болсын.
Табиғат таусылмастай азық беріп,
Тартулы дастарханың тағам болсын.
Осындай ойын-сауық бола берсін,
Үй іші той-думанға тола берсін.
Ағайын, туған-туыс, жекжаттарым,
Баршасы сау-саламат аман болсын.
Нүрилә, жиен қызым, айналайын,
Өзіңе ғұмыр берсін жаратушым.
Бала-шаға ортасында күліп-ойнап,
Жүре бер, бір Алладан тілейтінім!
Әумин!
Деп, сексен жасқа толған