рынок! Ал сендердің театрларың ше? Сендердің театрларыңда – сол баяғы сүйегі әлдеқашан қурап қалған феодализм мен социализм… Кісінің жүрегін айнытатын жылымшы романтика! Прагматикалық салт-сана, ХХ ғасырдың соңындағы қатал өмір шындығы қайда?! Ол атымен мүлде жоқ! Жоқ и все… Өйткені сендер шеттеріңнен кембағал бейталанттысыңдар, примитивсіңдер! Өткенді ғана малданып әбден жаман үйренгенсіңдер, ал өздеріңнің қолдарыңнан жаңа бірдеңе жасау мүлде келмейді. Соған қарамай еще кеуделерің аяққаптай!
Не аузыңды ашып аңқия қалдың?!
Сайлау. Айт, айта түс! Мен өзім білмей жүрсем, сен әжептәуір сыншы екенсің ғой. Сені біздің театроведтермен таныстырып қою керек екен өзі.
Назым. Керек еді маған сенің сыншыларың!.. Сендерді бар ғой… бәріңді ана қызметтеріңмен қуу керек! Әлгі кім еді… Әртістер, драмттургтер сыншылар, ғалым-палымдар – бәріңді-бәріңді!.. Өйткені қоғамға титтей пайдаларың жоқ арамтамақсыңдар өңшең! Қолдарыңнан жоғарыдағы бастықтарға жағымпазданғаннан басқа түк келмейді. Дәмететіндерің – атақ, аброй, ақша және бір кішкентай кресло!.. Сөйтіп жүріп сендерден өнер, ғылым қайдан шығады, а, айтшы кәне?!
Сайлау. Сонда, сеніңше, Қазақстандағы бүкіл театрларды, ғылыми мекемелерді, тағы не еді… Иә, жоғары оқу орындарын, лабораторияларды – бәрін түгел жабу керек пе?
Назым. Іһ… Жапса несі бар екен?! Егер мен үкімет басшысы болсам, дәл солай етер едім! Мысалы, тап мына сенің орныңда Англиядан, как ни как Шекспирдің Отаны ғой, – бір-екі режиссер, драматург, ал ана сенің шуылдақтарыңның орнына Голивудтан бірнеше әртіс алып келіп, бәріңді түріп айдап шығар едім! Ал олар болса, Құдайға шүкір, өнерді де, нарықтық бәсекені де сендерден әлдеқайда жақсы біледі.
Сайлау. Үкімет басшысы болсаң, біздерді қоңыз тергізіп, қаңғыртып жіберетініңе шүбәм жоқ. Ал енді сонда ана жүздеген, мыңдаған ғылыми мекемелерді, онда істейтін қызметкерлерді қайтесің? Сен жалғыз театрда істейтіндерді ғана емес, жалпы, интеллигенция қауымын иттің етінен әрмен жек көресің ғой.
Назым. Оларды да түріп айдап шығу керек! Сендердің бәрің бір сорттансыңдар!.. Ал ғылыми мекемелерге, жоғары оқу орындарына келетін болсақ, олар жұмыстарын жалғастыра береді. Оларға біз ана Америка, Жапония, Англия, Франция,Сингапур, Қытай тағы да басқа алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің ғалымдарын шақырып әкеп, орналастырамыз. Дамытсын қазақтың ғылымын!.. Ақшаларын төлейміз дұрыстап, ақша болса, бәрі болады, білдің бе?!
Сайлау. Түсіікті, түсінікті… Бірақ олар сенің ана жандосов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы жекеменшік дүкеніңнің ішіндегі заттар емес шығар.
Назым. Немене дүкен-дүкен!.. Біле білсең, сол дүкеннің арқасы шығар сенің осылайша талтаңдап жүргенің. Оны да мен аштым ғой талай чиновниктің есігін адақтап жүріп!.. Біреуін әкелеп, біреуін көкелеп. Қанша жүйкем, денсаулығым құрыды сол дүкенді ашқанша!.. Сен жүрдің шуылдақтарыңмен бірге анда-мұнда гуляйттап! Айтып отырмын ғой, сендердің бәріңді түріп айдап шығу керек деп! Сендер нағыз бүлдіргісіңдер!..
Сайлау.