жігіттің әулеттері – Ұлы жүз, Ақжол бастаған жүз жігіттің әулеттері – Орта жүз, Алшын бастаған жүз жігіттің әулеттері – Кіші жүз болып белгіленеді. Қазақ арасында күні бүгінге дейін айтылатын «Алаш – Алаш болғанда, ала тай ат болғанда, таңбасыз тай, енсіз қой болғанда, Алаша хан болғанда» деп басталатын қария сөз сол заманнан жетсе керек.
АЛҒАНДЫ БІЛГЕНДЕ,
БЕРГЕНДІ БІЛМЕСЕҢ, ЖЕТЕСІЗ БОЛАРСЫҢ
Қашаған би қыдырып келген құдасына кетерінде бүкіл елге әйгілі Қаракеш жорғасын мінгізіп жібереді. Бұған баласы Әбіттің ренжігенін сезген би:
– Алғанды білгенде, бергенді білмесең, жетесіз боларсың, – депті.
Сол құдасы қонақ болып барған Әбітке атан түйе сыйға тартқан екен.
Жалпы адамдар арасындағы қарым —қатынас өзара сыйластықпен, барыс-келіспен және алыс-беріспен де нығая түсетінін ұмытпау керек.
АЛЛАҢНАН ОЙБАЙЫМ ТЫНЫШ
Бір күні бір адам ауырып, қатты қысылып, ауру жанына батқан соң, «ойбай, жаным, ойбай» деп күңіреніпті. Аурудың аузына иман салмақ болып келген молда мұны естіп, қатты қынжылып: «Өзің жан үзгелі жатып, албастының атын атап, ойбайға жалынғаның не? Иман айт, Алладан медет тіле, «Алла, Алла» деп айт» депті. Ол: «Алла!» деп бір ыңыранып көріпті де, қайтадан ойбайға басып күңірене беріпті. «Алла» – деп неге айтпайсың?» – деп сұрапты молда. «Аллаңнан ойбайым тыныш екен» – депті әлгі ауру адам. Бұл сөз қалың жұртқа жайылып, мәтел болып кеткен екен.
Мәтелдің мағынасы, маған басқа қонбайтын жөн-жоба үйретпе. Қарапайым, қарабайыр болса да, өз жөнім дұрыс деген ойды айтып тұр.
АЛМА ПІС, АУЗЫМА ТҮС
Бұл сөз ойлаған ойым, тілегім өзінен өзі іске асып, орындалып жатса екен деп, еңбек, әрекеттен қашқан адамдарды сынағанда айтылады.
Баяғыда екі жалқау болыпты. Жалқаулықтары сонша, тіпті, еріндерін қимылдатуға да ерінеді екен.
Күндерде бір күні, екеуі алма ағашы түбінде жатқанда, бірінің көзі алмаға түседі.
– Алма піс, аузыма түс! – дейді. Екіншісі оған:
– Ерінбей, жалықпай соны қалай айттың? – деп ренжиді…
«Алма піс, аузыма түс», – деген сөз содан қалыпты.
АЛПЫС ЕКІ АЙЛАЛЫ
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде түлкіден қу хайуан жоқ деп есептеледі. Аңшылар аузында көп кезігетін аңыз-әңгімелердің бірінде түлкі: «Менің алпыс айлам бар, ал адамның алпыс бір айласы бар. Сол бір айласының артықтығы ғой, олардың қанжығасынан менің басым көп көрінеді», – депті-мыс.
Ал тілімізде кездесетін «Алпыс екі айлалы» деген сөз тіркесі қандай да бір жанның, кісінің бойындағы қулық-сұмдық, айлакерлік қасиеттерін әсірелеп, өсіріп айтқанынан пайда болған.
АЛТЫ АЙ ҚЫС, АЛТЫ АЙ ЖАЗ
Бір қыста жер жүзін мұз басып, мал қырылып, қалғандары сіңірі шығып, әупірімдеп жазға зорға жетіпті. Ауыр қыстан әбден запыс* болған жануарлар есін жия келе ақылдасыпты, пәле Үркердің жерде жатпай, көкке шығып кетуінен болды. Ендеше Үркерді көкке шығармай, кезек-кезек басып тұрайық деп