тұсы, бекеті елестейді. Өркениет өзегі, қақпасы орталығы біздің қасиетті жерімізде екен ғой. Тек соны ел игілігіне пайдалана алсақ игі.
БАЛА ЖЕТІГЕ КЕЛГЕНШЕ
ЖЕРДЕН ТАЯҚ ЖЕЙДІ
«– Бала деген жығылады, сүрінеді, жердің қаттылығын біледі, қауіп-қатер бар екенін ұғады. Ыстық пен суықты сезінеді, ащы мен тәттіні ажыратады, сөйтіп жүріп айналасын таниды. „Бала жетіге келгенше жерден таяқ жейді“ деп қазақ соны айтады». (Б. Момышұлы. 15.308-б.)
Бала сүрініп жығылғында, құлап, жылағанда, оның ата-ана, жақын туыстарын осы мәтелмен жұбатады.
БАЛА КІНДІК ШЕШЕГЕ ТАРТАДЫ
«Қазақта ерекше бір қадірлі, өзгеден орны бөлек жанның бірі – кіндік шеше. Сондықтан да „Бала кіндік шешеге тартады“ деп, сәбидің кіндігін кімнің кесуі керек екеніне талғаммен қараған. Бойында жұғымсыз қылығы бар, немесе ауру-сырқаулы, дімкәс адамдарға кіндік кестірмеген. Кіндік шеше болу үшін келіншектің енесімен бірдей жауапкершілік міндеттерді мойнына алатын, жүріс-тұрысы әдепті, қолы ісмер, өнерлі, мінез-құлқы жағымды болуы керек делінеді. Бұл тіпті қазір, медициналық тұрғыда дәлелденген. Өйткені, сәбидің кіндігін кескен кісінің биоөрісі балаға беріледі екен. Яғни, сәбидің болмыс-бітімі кіндік шешеге тартуы мүмкін деген сөз бұл. Бәлкім, соңғы кездері қазақ халқының генефондының өзгеріске ұшырауы кіндікті өзге ұлт өкілдерінің кестіргенінен болса керек. Өйткені, перзентханада кіндік шешені таңдап жатпайды ғой. Бірақ, ұлт болашағын ойлайтын болсақ, сәбилеріміздің кіндігін өзіміздің қазақтың әйелдері кесу қажет екенін де ойластырғанымыз абзал». (13.)
Бұл мәтелді аналар босанатын үйлерге іліп қойып, дәрігерлер тарапынан қадағаланып отырса болар еді.
БАЛА ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ
«Сәлем беру мен амандасу әдептіліктің ең алғашқы әліппесі. Нәресте сәлем беріп, амандасқанда үлкендер аман-сәлемді жай ғана қабылдай салмайды. «Таудай азамат бол! Көп жаса!» – алғыстарын жаудырады.
Мұның өзі баланы ынталандыра, құлшындыра түседі. Ол енді сәлем беруде, амандасуда қате жібермеуге тырысады. Үлкендердің жақсы лебізін естуге құмартады.
Егер бала сәлем беруді немесе амандасуды мүлт жіберіп алса, онда үлкен кісі жайлап қана ескерту жасап, аман-сәлем жасауға мәжбүр етеді. Қазіргі кезде көп айтылатын «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ» – дейтін сөздің түп төркіні осында болса керек. Сөйтіп, қазақ даласында бала тәрбиесі тек өз ата-анасының ғана міндеті емес, дүйім жұрттың ортақ ісіне айналған». (2).
Осы сөз тіркесінің мәніне терең үңілмей, көбіміз атүсті қараймыз. Өкінішті-ақ.
БАЛА ТІЛІ – БАЛ
«Бір қызығы, … қытай деректерінде: „Түркілер баласын іске шалымды болсын деп, әрбір істе алымды болсын деп, жаңа туған сәбидің таңдайына бал тамызады“, – деген жазбалар кезігеді. „Бала тілі – бал“, „таңдайынан бал тамған“ деген сөздер бізге көне түркілерден жеткенінің дәлелі, міне осы». (М. Ахет. 47.4—15. 12. 2009.).
Былдырлап жаңа сөйлей бастаған сәбилер мен балдырғандардың