Кеңес Оразбекұлы

Қанатты сөз – қазына. 2-кітап


Скачать книгу

аталардың бірі – Шаншар абыз. Шаншардың Қызбике (Қызданбике деп те атайды), Айбике, Нұрбике деп аталатын үш әйелі болған. Қызбике ұрпағы селдір, өсіп-өне қоймаған. Айбикеден – Келдібек, Тыныбек, Есіркеп, Жәнібек туып, «төрт бек» атанып, олардың жеті ұрпағына дейін билік пен бектік дарыған. Мәселен, Келдібек, Қазыбек, Бекболат, Тіленші, Алшынбай, Мәди – бұлар исі қазаққа әйгілі тұлғалар.

      Ал, Нұрбикеден – Тілеуке, Бертіс туған. Бұлардың ұрпақтары да өсіп-өніп, небір жақсы-жайсаңдар мен бай-бағыландар шыққан. Қарт Бөгенбаймен үзеңгілес болған Жарылғап батыр, дәулескер күйші Тәттімбет, жиырма мың жылқы біткен дәулетті байлар Адамбай, Тұрсын осы Нұрбике ұрпақтары». (А. Сейдімбек, 93.)

      Мәтел сөзге келетін болсақ, мұны нағашылы-жиен, ағайын-туыс арасындағы әзіл-оспақ деп бағамдаған жөн.

      АЙҒЫРКІСІ

      «…Соңғы кезде жылқы көрсек болды, жазушы Несіпбек Дәутаев есімізге түсетінді шығарды. Алдымен ежелгі грек мифологиясындағы кентавр деген ұғымның жайын айтайыншы. Жартылай жылқы, жартылай адам деген мағынаны білдіретін көрінеді. Бұл өзі сақтардың жасаған жорықтарына байланысты туған ұғым деген де әңгіме бар. Аттан түспейтін адамдар, атпен бірге жаралған адамдар тақілеттес. Өлмейтін, өшпейтін осы аңызды Несіпбек Дәутаев біздің ұғымымызға тағы бір жақындатып қойды. Кентаврды бұрын „адамат“ деп те аударып жүргенбіз, Несіпбек Дәутаев „айғыркісі“ деген баламаны сарт еткізді». Ж. Қорғасбек, «Ақ желкен» журналы, №10, 2017ж.

      Энциклопедиялық басылымдарда былай түсіндіреді: Кентавр – көне грек мифологиясы бойынша, басы мен кеудесі – адам, қалған тұрқы жылқы кейіптес, тау-тас пен ормандарда жасайтын жабайы, ажалды пенде. Бұл образ терістік тараптан келген скиф, кассит сияқты көшпелі тайпалардың салт атты жауынгерлерін алғаш көргенде (мініс жылқыларын тұңғыш рет көрген), таң қалып, үрейленгеннен пайда болған. Сондықтан да оларды мейірімсіз, қатал мінез-құлықты кісіайғыр немесе айғыркісі түрінде елестетеді.

      АЙ КӨРДІМ АМАН КӨРДІМ,

      БАЯҒЫДАЙ ЗАМАН КӨРДІМ.

      ЕСКІ АЙДА ЕСІРКЕДІҢ

      ЖАҢА АЙДА ЖАРЫЛҚА

      «…Алғашқы адамдар Айды, Күнді, жұлдыздарды немесе табиғат құбылыстарын жанды зат есебінде санап, өздерінің тағдыры, болашағы, істеген ісінің сәтті немесе сәтсіз болуы солардың мейірбандылығында деп ұққан. Бұған мысал дінге сенуші қарттардың жаңа Ай туғанда: „Ай көрдім аман көрдім, баяғыдай заман көрдім. Ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа“ – дейтіні дәлел бола алады». (С. Мұқанов, 77.43-б.).

      Халқымыз көне заманнан келе жатқан жоралғы бойнша, өткен күндеріне шүкіршілік, тәуба етіп, болашақ күндерден көп үміт күткен. Сол сенім бойынша жаңа туған айға қарап, алақан жая отырып, жоғарыдағы төрт жол өлеңді қайталап, алдағы өмірлеріне жақсы тілек, лебіздер айтып, бата қайыруды дәстүрге айналдырған. Сол дәстүр әлі де ұмытылмай келеді.

      АЙ ҚЫРЫНАН ТУСА, АЙБАЛТАҢДЫ САЙЛА,

      АЙ ШАЛҚАСЫНАН ТУСА, КҮРЕГІҢДІ САЙЛА

      «…Онан соң:

      Ай қырынан туса, айбалтаңды сайла,

      Ай