үлгілі тәрбиелепсіз. Қандай бақыттысыз!» дейді сүйсініп. Аналары да көңілі көкке жеткендей қуанады.
Олар сонда құрбандық шалып, ет жеп, қанғанша су ішеді де, ертеңіне ауырмай-сырқамай, елдің құрмет-пейіліне бөленген, бақытты күйлерінде о дүниеге аттанады.
– Ал, мені, – дейді ызаланған Крез, – сондай бақытты жандардың санатына қоспайсың ба?
Сонда Солон оның ашу-ызасын өршіткісі келмей әрі құрдай жорғалап, ыңғайына құлай кетпей, былай дейді:
– Лидия патшасы! Бізге, эллиндерге құдай сабасынан асып-төгіл-мейтін пейіл берген. Сол пейіл бойынша біз өмірді асып-төгілген байлық бойынша емес, жалпыхалықтық құндылықтармен бағалап үйренгенбіз. Сол тұрғыдан бір сәттік бақытты біз бақыт деп есептемейміз. Ол адамның тағдыр-талайына байланысты. Кімде-кім өмірінің соңына дейін армансыз бақытты өтсе, сол жанды біз бақытты деп санаймыз. Ал қазірше бақытты болғаныңмен, ертең басыңа қандай аумалы-төкпелі заман орнайтынын біз қайдан білеміз – ол бір жүйрікті бәйгеге қосып, мәреге жетпей тұрып, орта жолда марапаттағанмен тең емес пе? – деп аяқтайды. Солонға көңілі толмаған Крез енді Анарыс хан иеме үміттене қарайды. Анарыс хан ием Солонды қоштағандай бір мысалды айтады:
– Бірде саудагерлер іші алтын-күміс пен байлыққа мәймілдеп толған кемемен сапарға шығады. Орта жолға келгенде кемелері батып бара жатқанын көріп, саудагерлер жан сауғалап қайықпен қашады. Байлыққа қызыққан қарақшылар салдарымен жүзіп келеді де, кемедегі байлықты салдарына тиейді. Ашкөзденген қарақшылар салдарына қазынаны аузы-мұрнына келтіре толтырады да, жағаға жетуге асығады. Бірақ олардың салдары асып-төгілген салмақты көтере алмай суға батып, қарақшыларды да құрдымға ілестіріп әкетеді, – дейді. Сонда санасына сәуле түспеген Крездің көңілі біржола қалған еді.
Күндердің күнінде Крез патша осы жеткен байлығын қанағат тұтпай, көңіліне желік бітіп, көрші жатқан парсы еліне соғыс ашады. Бірақ сол кезде парсы патшасы Кирдің бағы жанып, жолы жүріп тұрған еді. Ол Крездің қолын бір айламен тас-талқан етіп жеңеді де, Крездің өзін қолға түсіреді. Соғысты алғаш бастаған айыбы үшін оны отқа жағып өртемекші болады. Крездің қол-аяғын байлап, үйілген отынның үстіне шығарады. Сонда қайғыдан қан жұтқан Крез Солон мен Анарыс хан иемді еске алып, ажалы алдында:
– О, Солон! О, Анарыс! О, Солон! О, Анарыс! – деп, даусы қарлыға, күңірене айқайлайды.
Кир патшаға оның бұл күшенгені қызық көрінеді де, «Бұл байғұс патша өлімі алдында не деп алас ұрады?» дап сұрайды. Сонда Крез оған Солон мен Анарыс хан иемнің кезінде өзіне кандай даналық айтқанының бәрін баяндап береді. Крездің бұл әңгімесіне қатты риза болған Кир оны босатып, өзінің қарамағына қызметке алыпты.
– Иә, Анарыс бабамыз жайлы кейінгі дәуірлерде де тарих атасы Геродоттан бастап, Лукиан, Плутарх, Страбон, Диоген Лаэртский сынды ғұламалар да өз кітаптарында тамсана жазды, – деді Ер осы тұста шыдамы жетпей киіп-жарып.
– Ол жағын мен білмейді екенмін, – деді Ардан. – Бірақ Анарыс хан иемнің нақыл сөздерін