шойыннан минаның корпусын құйып, еңбек екпіндісі атанған. Әкем жарақатын толық жазылған соң сұранып қайтадан майданға аттанды. 1944 жылы Литва жерін, Каунас қаласын азат етуге қатынасқан. 13-Вильнюс полкі үш ай бойы Кенигсберг қаласының төңірегінде ірі ұрыстар жүргізіп, 1945 жылы 1 мамырда Германия жеріне өтеді. Қаланың оңтүстік-батысындағы неміс фашистерінің шығыс Пруссиядағы тобын жоюдағы ерлігі үшін әкеміз И.В.Сталиннің алғыс хатымен марапатталған.
Соғыс аяқталғаннан соң Полша, Латвия, Литва, Шығыс Пруссия жерлердегі фашистердің қалдықтарын жоюға қатысты, қираған қалаларды қалпына келтіруде еңбек етті. 1947 жылы елге оралды. Зауытта токарьдаң бастап құю-механикалық цехының бастығына дейін 43 жылдық жолдан өтті. Әкемнің омырауындағы І және ІІ «Отан соғысы» ордендері, «Ерлік үшін», «1941—1945 Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін» медальдары бейбіт еңбекте алған мемлекет марапаттары жарқырап нұрлы жүзіне ерекше көрік беріп тұратын. Біз әке-шешеміздің тағылымды тағдырын мақтан етеміз, ол кісілердей ел игілігіне күш-жігермен еңбек етеміз.
Жанагүл Шайманқызы Еділбаева.
Елемесов Сұлтан (1924, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Майтөбе ауылы – 2012, Қарағанды обл., Жезқазған қ.) – Ұлытау өңірінің құрметті металлургі. Сұлтекең айтады: «Жасымда анамнан жетім қалдым. „Шешесіз жетім – шерлі жетім“ дегенді көңіліммен сезіндім. Әкең болғаны мен ананың орыны бөлек екен. Бұл аз дегендей екі жыл өтер өтпесте әкем халық жауы атанып ұсталып, он жылға Сібірге айдалып кете барды. Сондағы таққан бар кінәсі – қажының баласы, ескіні көксейді. Атасы Есмағанбет екі рет қажылыққа барған деген желеу. Расында да ол кісі қазан төңкерісінен бұрын елдің қамын ойлап, билікке да, алқалы жиынға қатысқан, сөзі өтімді болған. Өз әкем қолына Құран алып, бес уақыт намаз оқысада оқасы жоқ дер едік, ол мұның бірімен де айналыспаған. Шамасы өзінің бірбеткейлігімен, қайсарлығымен ауылдағы белсенділердің жаманы тисе керек, ақыры Магаданнан бір-ақ шықты. Сол жақта қайтыс болды». Е. бір сөзді, ауырдан қашпайтын табанды, қайратты болып ер жетті. Еңбек жолын (1952) Қарсақбай мыс қорыту зауыты темір жолында паровоз машинистінің көмекшісі болып бастап, балқытушы, аға конверторшы болып еңбек етті. 1969 жылдан бастап Жезқазған мыс қорыту зауытында аға конверторшы болып ұзақ жыл істеген. Осы зауытта 1973 жылы 23 ақпанда ең алғашқы кара мыс балқымасын алуға қатысқандардың бірі. Бұл ел көлеміндегі үлкен оқиға болған. Елемесов алғашқы күннен Жезқазған мыс зауытының конверторында мыс балқытқанда Қарсақбайда қолданған әдістерін пайдаланды. Жұмысы көңілдегідей жүрді. Бұл қалай деп ешкім сұраған жоқ. Ал, Балқаштан, Пышмадан, басқа орталықтағы зауыттардан келгендер мыстан шлакты айыра алмай, балқыма тасып аста-төк төгіліп жатты. Зауыттың тұрып қалу хаупі төнді. Сонда ғана Елемесов тәжірибесіне дем қойды. Мәселенің мәнісі мынада болды. Балқаштың, Пышманың концентраттары мысқа кедей, ал Жезқазғанда 54—55% мыс бар. Ендеше штейн мысқа бай болса, оған қоспаларды дәлдеп қосу керек, сонда ғана жоғары сапалы қара мыс аласын. Содан бастап қара мыс Елемесовтың