Қанат Жойқынбектегі

Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап


Скачать книгу

ero

      Сәскелік шақ

      Бірінші кітап

      Әділдік қусаң-Шоңға бар,

      шариғат қусан-Алсай Кенежанға бар

(Би Тойымбек)

      Шоңнын ауызға ілінуі

      Қараағашта сонау 1834 Жылқы жылы, Тәңірбердінің Қорысбайының тоғыз болыс елінен адамдар келген, ел аузында қалған асынан кейінгі үлкен той осы болды… Бұл бас қосуды өткізіп отырған Ерназардың мықтысы, тоқсаннан асып бара жатқан Жанкелді би еді. Оның шөбересі Шоң Акмола қаласындағы үш жылдық орыс мектебінің бірінші жылын бітіріп келіп, бұл той соның құрметіне жасалып жатқан. Тойға исі Қуандық, Айтқожа, Барғана, Сатыпалдыдан тараған ағайындардың бәрі шақырылған еді, ал Қараағаштан отыз шақырымдай жердегі Балықтыкөл-Байатардағы отырған Елгелділерден ешкім шақырылмады, Бесімнен тараған ағайындар Елгелдіні ұмытып мәре-сәре болып тойға дайындалып жатқан. Сатыпалды балаларының ішіндегі үлкені осы Елгелділері еді. Баяғы заманда Сатыпалды Сыр бойынан келіп осы жаққа қоныс аударғанда аталары жаңа туған балаға Елгелді деп есім қойған еді. Сондықтан Елгелді ат тартып мінген шамада Қараағаш іргесіндегі Балықтыкөл жағасынан әкесі Сатыпалды баласына қоныс берген еді. Неге екенін кім білген, мал құтаймады. Сатыпалды балаларының ішіндегі ең кедейі осы Елгелді болатын. Қазақ әр уақытта байлықты қадір тұтқан халық қой. Бертін келе ағайындары Елгелділерді менсінбейтін болды. Мына тойға сол ағайындарының шақырылмауы соның бір белгісіндей еді. Елгелділіктерге айтпаса да, ұзын құлақтан Жанкелдінің Телқозыдан туған шөбересі Шоңға үлкен той жасап жатқанынан олар да хабардан болып отырған. Ал іргеде отырған туысқандары Ерназарлықтардың қылығына қарай-қылық жасауды көздеді. Кедей Елгелділіктер есе қайтаруды ойлады. Жанкелді балаларының үйір-үйір жылқыларын айдап әкетіп жаңадан қала болған Ақмола базарына апарып сатуды жоспарлаған болатын. Алайда, ауыл жастары үлкендерден ұялды. Ертеңгі күні олар біліп қалса үлкен жанжал болатынын түсініп, ақыры ауыл басшысы, Елгелділердің ең үлкені Таубаймен ақылдасуды жөн көрді. Оның тоғыз баласы болатын. Ақылымен де, батыл-жігерімен де бүкіл Сатыпалды руларының арасында аты шыққан адам еді. Шыққан тегі жақсы болатын. Балаларының есімдерін Айсары, Ақсары, Тоқсары, Еркесары, Тексары, Телсары, Ерсары, Байсары деп бір біріне ұқсас әрі ұйқас қойып еді. Таубай сонымен қатар батырлығымен де ел арасында танылған адам еді. Сонғы кезде жасы келіп қалған, қарт адамның ел алдында қанша қадірі бар екенін елемейтін, кейбір қазақтың мән бермейтін әдеті бар емес пе? Таубай да сондай күйді басынан кешіп отырған. Ерназарлық туыстарының жасап жатқанын естігінде, ол кісі де ренжіп қалған. Бірақ онысын балаларына да, ауылдастарына да сездірмеді. Ертеңіне, таңертең Таубай ауыл жастарын шақырып болы да:

      – Сендер ертең бір-біріңді көрмейтіндей болмаңдар. Онда ағайын арасындағы туыстық кетеді. Шақырмаса шақырмасын, біз өзіміз барамыз, -деді. Ауыл ақсақалының бұл сөзіне ешкім қарсы келген жоқ. Түс ауа Таубайдың өзі бас болып жолға дайындалған еді. Жарысқа қатысатын жүйрік аттарын, әнші, күйшілерін қоса ала шыққан. Сол кезде ауылда аты ауызға ілінген Жәмке атты он үштегі баланы ертіп алған еді Тойға бара жатқандардың ішіндегі ең кішісі де осы еді.

      Таубайдың батылдығы қазақ-қалмақ Аңырақай жотасындағы соғыстан кейін шыққан. Қалмақтар тас талқаны шығып жеңілсе де есе қайтару соғысын әлі қойған жоқ еді. Қазақтың да топ құрып оларға қарсы соғысып жүрген кезі. Тоқалардан шыққан осындай бір топты Таубай бастаған еді. Таубай он бес жасында атқа мініп, содан елуден асқанша аттан түспеген. Талай шайқастарға қатысып, батыр атанған. Қазір ел арасындағы құрметті ақсақалдардың бірі осы Таубай батыр еді. Жас келген соң ауру айналдырып, жүріс-тұрысы азайып отырып қалған болатын. Жанкелдіге өкпелі, барғысы келмей отырса да, жастар жанжалдасып қалмасын деген оймен өзі де атқа мінген еді. Шөбересінің құрметіне болып жатқан той атын естігені болмаса, басқасын онша біле қоймайтын еді. Кімдерді шақырып жатқаның толық білмейтін. Жолай келе жатқан кіші баласы Байсары естіген, оның айтуынша ағайындардың бәрі шақырылып, солардан өздерін қалдырғанын баласынан білді. Таубай түсініп болмайтын жағдайда беріліп келе жатыр еді. Содан соң барып сұрады.

      – Осынша үлкен той не үшін жасап жатыр?

      Баласы бәрін түсіндіріп айтты.

      – Көке, мына Жанкелді замандасыңыздың шөбересі Ақмоладан орысша оқу оқып келгеніне той жасап жатқан көрінеді.

      Баласының бұл сөзі оған ұнамады:

      – Орысша оқығанға неге той жасайды? – Жақтырмаған сияқты.

      – Кім білген, баланың оқуға баруына Жанкелдінің өзі себепші болыпты ғой.

      Мына сөзге Таубай ойланып қалды да:

      – Ол көреген, ертеңгі күнді болжап отырған шығар…

      – Солай болса солай шығар. Кім білген, қазір Нұра бойына барсаңыз жер шолып жүрген орыстарды көресіз. Сол Жанкелді ауылынын іргесінде Басилий дей ме, бір орыс отырған көрнеді. Жанкелді балаларының көңілі сонымен жақын, -дейді елдегілер.

      Мына сөзді естіп, Таубай реніш білдірді. Оның кәпірмен дос болғанынын түсінбеді.

      Баласы әкесіне әрі қарай түсіндіре бастады.

      – Осы