Жанкелдінің кез келген баласының бір үйір жылқыларын айдап алсақ, дұрыс болатын еді, -деді біреуі.
– Одан ел арасында жанжал туады, одан түк бітпейді. Ауыл арасы бүлінеді, ештеңе ұтпайсыңдар!
– Көке, сіз қалай түсінбейсіз, олар бізді кедей деп кемітіп отыр, -деді баласы Байсары тағы да.
– Олар кеміткенімен кем болмаймыз, Құдай кемітпесін, басқасы ештене етпейді…
Сатыпалды балаларының ішінде кедей болса да Елгелділер маңдайынан жүйрік ат арылған емес еді. Санрет ру аралық, аймақтық ат жарыстарында бірінші, ең бомағанда екінші орынды алып отыратын.1834 жылы өткен Тәнірбергеннің Қонысбайының асында «отыз желком» атанған Елгелдінің көкбестісі бірінші келіп, жарты жолдан қосылғанды шығарып сылтау айтып, басқарып жүрген Сапақ, Лау мен Телқозы билеп жүлде бергізбеген еді. Бұл да ұмытылмай іште жүрген өкпе болатын. Сондықтан бұл туыстардың арасында ауыларалық араздық бар еді. Содан бірімен бірі онша қатынаса қоймайтын. Жанкелді немересінің ішіндегі пысығы, барлық шаруаны басқарып жүретін Телқозыға өкпелері бар болатын бұлардың. Бір бірін суық ұстаудың бір сыры да осында жатыр еді. Бұл жолы да Елгелділер той жарысына ақ боз атты алып келе жатқан. Оның үстіне мінгізуге он үш жасар атқа мықты Жәмкені әкеле жатыр еді. Бұл бала атқа жақсы шабумен қатар, өлең-жыр айтуға шебер, ел арасында айтылып жүрген мың-сан қисаларды жатқа білетін. Әншілігі де күшті.
Ол кезде қай ауылда болсын үлкені де кішісі де қиса десе ауызынан суы құрып тыңдайтын. Елдің сондай қасиетін білетін Байсары әдейі елдің бетін өзіне қарату үшін Жәмкені алған болатын.
Елгелділіктер түс ауа Жанкелді ауылына жақындап келді. Айналасы қаптаған киіз үйлер. Жік жоқ. Жанкелдінің өзі келген қонақтарды төбе басында қарсы алып отыр. Төрт жағы ашық, күн түспесінмен төбесіне ши ұстатып, биіктеу жерде отырған. Бұлай етіп жасап қойған себебі, шығыстан да, батыстан да, оңтүстіктен де, терістіктен де келген қонақтарды Жанкелді бірінші көру үшін әдейі осылай жасаған еді. Кешеден бері осы жерде отырып қонақтарды қарап отырған. Таусылар түрі жоқ. Шығыстан Қаржастар, Каракесектер, оңтүстіктен Тамалар мен Наймандар, батыстан Темештер мен Нұра бойынан ағайындас Жабағы, Құлымбет, Тілен, іргедесі Тиес, Аққошарлар он-жиырма атты болып келіп жатыр. Әуелі биікте қырқа басында отырған Жанкелдіге сәлем беріп, бәрі төменде тігілген киіз үйлерге жайғасып жатқан еді… Бүгін соңғы күн еді, ертең той басталады. Күн бесіндіктен асқан кезде батыстан он шақты салт атқа мінген адамдар көрінді. Көруі нашарлай бастаса да Жанкелдінің кәрі көзі шалып қалып:
– Менің көзім онша анықтай алмай тұр, мыналар кім? -деп сұраған қасында отырғандардан.
– Бұлар дәуде болса «отыз желком» Елгелділер болар, -деді біреуі.
– Қой, олай демеңдер, естіп қалса бұл Елгелділер шамқой ел, жанжал шығаруы мүмкін, -деді Жанкелді. Алайда, іргеде отырып кешігіп келе жатқан Елгелділерге ренішті еді. Ең жақын туыстардың бірі ең соңынан келе жатқаны қалай екенін түсінбей отырған Жанкелді. Бірақ бұл туралы ешкімге ештеңе айтпады.
Ауыл сыртынан қонақтарды қүтіп алып жүрген