оның сөзінің мәнін түсінді. Қырғыздарды да түгел жаулап алу үшін дайындалып жатқанын білді. Шоңнын айтар сөзі бар еді. Бірақ айта алмады. Мықтының сөзі әр уақытта қисық болса да жөн болатынын біліп отырған. Шоң сол арада қолын жайып бата жасады. Содан Арқа қазақтары жүріп кеткен еді.
Колпаковскийдің кеңсесіне келді. Кайтар алдында ол Орта жүз болыстарын жинап алып тағы әңгімелескен еді. Колпаковский:
– Сіздер анау батыс Алатауының қырғыздарына бекер бардыңдар. Олар сіздердің хандарыңызды өлтірді ғой.
Шоң мына сөзде шағыстыру бар екенін сезді де, айтқан болатын:
– Бұл олардың жіберген үлкен қателігі, оны өздері де мойындап отыр. Бұл екі халықтың төскейде малы, төсекте бастары қосылған. Сіздер міне, енді келіп қалдыңыздар, менің сіздерге айтарым, екі халықтың арасына кіре бермеңдер. Одан сізде де, біздер де, қырғыздар да пайда көрмейді. Екі халықтың тату тұруын насихаттаңдар!
Колпаковский мына сөзге ойланып қалды. Бірақ қолдап, не қарсы ештеңе айтпады. Бұларды қырғыздармен жолығуға жібергеніне өкінді. Екі қырғыз елдері арасында қандай достық барын енді түсінді. Орыс саясатына келтірген үлкен зиян болмаса болды екен деп ойлады генерал. Бірақ үндеген жоқ.
Содан кетпекші болып отырған Арқа қазақтарына бір-бір үлкен қалта апорт тапсырды. Бір болыс отырып сұрады:
– Мынасы несі?
– Бұл бізге тартқан орыстардың сыйлығы ғой, – деді Шоң.
– Далада өсіп тұрған алма тартқан сыйлық бола ма?
– Әркім өз білгенін жасайды…
Мыналардың арасында бір дау болып кеткенін генерал сезді де, Шоңнан сұрады. Ол әлгі болыстың айтқанын айтпады, басқаша сөйледі:
– Құрметті Герасим Алексеевич, бұл жасаған сиыңызға рахмет! Мен мына болыстың айтып отырған сөзін айтайын, бұлар бір қиындықты сезініп отыр. Байлардан жүйрік ат жинау қиын. Әр болысқа жүз аттан жинап беру дегеніңіз қиындау іс. Соны тағы да азайтуды сұрап отыр.
Колпаковский Шоңнан аты-жөнін қайта сұрап алды да:
– Шоң Телқозинович, бұл талапты сіздерге қойып отырған губернатор да, мен де емеспін, патша тілегі. Оған сіздер де, біз де қарсы болмауымыз керек. Мен сіздің сөзіңізді түсініп отырмын. Алайда, енді бір ат та қысқарта алмаймын. Анау генерал-губернатор құлағына жетсе, ұят болады.
Шоң бұдан артық илікпейтінін біліп қойған еді. Бұдан кейін тағы да Албандар да қонаққа шақырып еді, Колпаковский жібермеді. Шапыраштар аулына жібергеніне өкініп, олардың Кенесары соғысқан жерге жібергеніне өзіне өзі ренжіп отыр еді генерал. Шоң ана казак-орыстың бәрін жеткізгенін біліп отырған.
Сол күні аялдатқан жоқ. Қайтарып жіберді. Колпаковский бұлармен бірге біраз казак-орыстарды қосып жіберген еді. Әр болыстың жанына бес казак-орыстан ерді. Шоң қасына да бесеуі еріп келді.
Жүйрік ат дауы
Шоң елге келген соң Тоқаның барлық билер мен байларын шақырып алған еді. Көрші жатқан Алтайлардың бірнеше болыстарын шақырды. Бұлар ояздың өздерін ертпей, араларынан тек Шоңды ертіп әкеткеніне көре