тыңдайды.
– Қазақ осы бір жиырма жылдың ішінде өз алдына ел болуы керек.
– Сен қиялға берілген жігіт екенсің, күшейіп келе жатқан орыс сені ол жағдайға жібермейді.
– Оған қанша жыл керек екенін білмейсіз бе, сол айтқан уақытқа дейін қазақтың қазақтығы сақталады деймісіз? Қазақ біржола құрып кетеді. Бәрі орыс болады.
Жігіттің манадан бері айтып отырған сөздерінің ішіндегі Шоң көңілінен шыққаны сөзі осы еді. Дәл төбесінен түсіп айтып отырғанын білді. Өз қаупі сол еді. Ертеңгі күні орыс тілі кіріп, тілін ұмытып елдің бәрі орыс болып кете ме деген кауіп өзінде де бар еді. Мына сөз тура сол ойының үстінен шыққандай болды. Сөзі таусылып қалғандай болды да, «білмеймін» деп шынын айтты.
– Сіз кімге қызмет етіп отырғаныңызды білесіз бе? – деді жігіт. – Сіз патшаға еңбек етіп отырсыз. Оның билігінің өркендеуіне қазақ жерінде жағдай жасап келесіз.
– Бауырым, мына сөзің тым артықтау, мен өз еліме еңбек етіп жүрмін. Халықтың бірлігін сақтауды, бірімен бірінің алакөз болмауы жайын ойластырамын. Басқа менің қолымнан келер шаруа жоқ.
– Сонымен қоса патшаға да қызмет істеп отырсыз ғой.
– Оны жасамасам, мені болыстықта бір күн де ұстамайды.
– Ондай болыстықтың қажеті қанша?
– Аз да болса ауылдастарыма көмегім тиетінін сеземін.
– Кенесары сіздейлердің кесірінен жеңілді.
– Бүкіл қазақ қолдаса да Кенесары бәрібір орыстарды жеңе алмайтын еді. Бір мылтықтың аузына мың адам сияды. Сен оны ұмытпа!
– Мен сізге үлкен үмітпен келіп едім, сіз менің көңіл-күйімді түсіріп тастадыңыз.
– Мен саған басқа не айтамын, шындықты айтып отырмын…
– Анау тау арасындағы шешен, дағыстан деген халықтар жүз жылдан бері орыстармен соғысып келеді дейді. Әлі жеңілген жоқ көрінеді. Орыстар Кенесарының бес-алты жыл ішіне быт-шытын шығарды. Оларды әлі жеңе алмай келеді, Шәміл деген елбасымен келіссөз жүргізіп, оған бостандық беріпті. Ал қазақтың ханы Кенесарының басын кесіп алды…
– Сен олармен қазақтардың жағдайын саластырма. Олар тау ішінде тұратын халық. Орыстай емес, тау жағдайында соғысуға үйренген халық. Олар әрқайсы тау арасында соғысуды жақсы меңгерген. Қайда жасырынып, соғысатынын жақсы түсініп алған. Қажет уақытында жасырынып қалады. Шәмілді босатқанда оған жаны ашып жіберген жоқ, ертеңгі күні оны өлтірсе соғыс тағы бір жүз жылға созылатынын білді. Орыстардың ол жерден кеткісі келмейді. Орыстардың әдісінде енді оларды алдап-сулау бар. Сондықтан анау ел басқарған адамын босатты да, оны Араб жеріне қаңғытып жіберді. Оның өз колында билігі болса, оны жасар ма еді. Жасамайды. Амалсыздан кетті. Ал біздің жағдайымыз қалай, кең дала, бәріміз мылтықтың аузында тұрмыз. Сен, бауырым, тау мен кең жазықтағы соғысты салыстырма. Мұнда орыстың ауқымы кең, алып да, шалып да жеңеді. Қырғыздарға Кенесарыны өлтіртуі – егер бас көтерсеңдер, сендерге де Кенесарыға қолданған жағдайды жасаймыз дегенді еске салып отыр. Мына казак-орысты