таңда сенің қолыңнан ол келмейді. Бәрін қой да домбыраңды айналдыр. Сонда сенің халқында берер пайдаң әлдеқайда көп болады.
– Сіз маған ондай ақыл айтпаңыз, немен айналысатынымды өзім білемін…
– Мен сені әуеліде саналы жігіт пе деп қалып едім, сен санасыз екенсің. Сөзге түсінбейсің. Менің саған айтар кеңесім, «закон алды арт қысқан». Осыны есіңге мықтап ұста, – деп Шоң айналып жүріп кетті.
Шоңның мына сөзіне ыза болған жігіт сәл тұрды да, атына мініп ол да Ақмола жақты бетке алып жүріп кетті.
Шоң далада біраз жүрді. Әлгі жігіттің сөзіне ыза болса да, ел қамын ойлап жүргендігіне риза болып келе жатты. Сонау Көкшетаудан ақыл сұрауға өзіне келіпті. Санасында бірдеңе бар екенін білді. Ойға беріліп ұзақ жүрді.
Нұра жақтан келе жатқан Ахметжан кенет сыртта жүрген әкесін байқап қалды да, атының басын соған қарай бұрды. Қасына келіп, ат үстінде тұрып сөз бастай беріп еді, Шоң онысын жақтырмай қалды. Ахметжанның мына ат үстінен тұрып сөйлегенін ұнатпай:
– Немене, бір жаққа асығып тұрмысың?
Сонда ғана барып Ахметжан әкесінің аттан түспей тұрып сөйлегенін ұнатпай қалғанын түсініп, атынан түсті.
– Иә, не бітіріп қайттың?
– Ана екеуі де сөзге түсінбейтін адамдар екен.
– Олар кімдер?
– Ана Жабағы мен старостаны айтамын.
– Сөзге түсінбейтін адам болмайды. – Әлгі жігіттің сөзге түсінбей кеткенін біліп тұрса да Шоң әдейі айтқан. – Сенің айтар сөзің нашар болған ғой. – Көкшетаулық жігіттің қылығы ішіндегі ашуын тіптен күшейтіп жібергендей болды. Содан кейін ләм деген жоқ, Шоң жүріп кетті. Ахметжан да соңынан ермекші болып еді, бірақ әкесінің тым көңілсіз екенін біліп, атын жетектеп үйге қарай кетті.
Жалғыз қалған Шоң ойға берілген еді. Оспанды кішкентай күнінен Телқозы баурына салған болатын. Соның әсері ме, айтар сөздерінде, істеген істерінде тура Телқозынын қылықтары бар екенін сезетін. Шоң баласының соның ықпалымен кеткенін сезіп, оған онша үндемейтін. Ал мына Ахметжанның тәрбиесін өзіне алған. Қазір үлкейіп, бала-шағалы болса да қолында тұратын. Ойы заман ағымына сай етіп тәрбиелеу болатын. Соңғы кезде барған жерінде ертіп алып жүруді шығарған еді. Ойлайтын, балам менің сөзімді тыңдап, ақылға салып отырады деп түйетін іштей. Анда-санда осындай бірді-екілі тапсырма да беріп жүретіні сондықтан еді. Шоң ешқашан Ахметжанға ананы былай жаса, мынаны олай ет деп айтпайтын. Қажетті жерінде кеңесін ғана беретін. Оны жасау санасына, Құдай берген ақылына байланысты деп білетін. «Шайнап берген ас тамақ болмайды» мәтеліне жүгінетін. Қазір ат үстіндегі жаңағы отырысынан, жаңағы айтқан сөздерінен біраз кемшілікті көргендей болды. Қанша ақыл айтып, үйренгенімен Құдай бермесе ештеңе шықпайтынын түсініп келе жатқан. Дегенмен, әлгінде ғана айтқанын тыңдамай кетіп қалған көшкетаулық жігіттің Ахметжаннан көп артықтығы барын сезді. Оның әлгі айтқан сөздерін еске алып, баласының бойынан көп кемшілікті тағы да аңғарғандай болды. Сөзінде көп қателіктер болса да анау әлдеқайда артық, түбінде көп нәрсені тындыратын жігіт екенін