сенің құқың жоқ.
– Осы Шоң ойламаған жерден қайдағы жоқ бір тәртіпті шығарады да отырады, – деп Телқозы реніш білдірді.
Шоң әкесінің осы арада араласып отырғанын жақтырмай орнынан тұрып кеткен. Оның ашуы басылғанша сыртта біраз жүріп келетін әдеті бар еді. Соған орай Әйімкүл де, басқалар да мән бермей үйде отыра берді.
Шоң сыртқа шығып қараса, биелерді екі-үш әйел сауып жатыр екен. Шоң сауушылардың бірінен Естайдың биесі қайсысы екенін сұрады. Биелерді идіріп жүрген жігіт Естай берген биені көрсетті. Алдыңғы жылғы жабағысымен биылғы құлыны қасында тұр екен. Шоң бие саудырып жүрген жігітке айтты.
– Мына биені менің жетегіме байлап бер, – деді. Ол Шонның айтқанын екі етпей жасаған болатын. Шоң биені алып жүріп кетті. Үйдегілер бұны білмей отыра берді. Шоң жетегінде бие мен оның соңына ерген жабағысы, құлыны бар, Естай шөп шауып жатқан жерге келді. Жиырма шақты жігіт шалғыларын еркін сілтеп жатыр екен.
Алдында Естаймен Оспан екеуі келісіп, бұл биені тастап кеткен. Шоң келгенде анадай жерде, шалғышылардың жұмысын сырттай бақылап, Естай отырған. Шоңның жетегіндегі өзінің құлынды биесін көріп, бір шатақтың туындап кеткенін сезгендей болды. Сасып қалған сыңайы бар. Орнынан тұрды.
– Шоңке, Оспанмен келісіп едік қой, неге әкелдіңіз?
– Сен де, Оспан да адам емессіңдер. Жер сенікі де, Оспандікі де емес…
– Енді кімдікі? – деді Естай аузына басқа сөз түспей.
– Бұл жердің билігі оязда, қазақ жерінің билігі патшаға көшкен. Қазақтан жер билігі баяғыда кеткен. Мықты болсаң, ояздан ұрықсат алып кел!
Шоңның мына сөзінен Естай қорқып қалды да, оған сен кет деп айтып тұрғандай естілді:
– Сіз осы жерде отырған ояздың өкілі емессіз бе? Дұрыстап айтпайсыз ба? Мен тегін шауып жатқан жоқ. Ақысына бір бие бердім.
– Мен сендердің бұл арам шаруаларыңды қолдамаймын.
– Біз Оспан екеуіміз келістік қой. Шоңке, енді дау тудырғанның қажеті қанша?
– Қазір шалғыларыңды алыңдар да, кетіңдер.
Естай сөзі таусылғандай тұрып қалды да, біраздан соң барып тіл қатты:
– Шоңке, сіз балаңызды жақтап тұрсыз ғой.
– Екеуің де адам емессіңдер. Осы жерді саудаламай-ақ, келіспейсіңдер ме?
– Шоңке, бұл арада менің кінәм жоқ. Оспан мына сүтті биенің тұқымын сұраған соң, беріп едім.
– Сен берсең, есеппен беріп отырсың. Шын көңілден беріп отырған жоқсың. – Шоң биені қалдырды да кетіп қалды. Сол бойы үйіне тартып кеткен еді.
Әлгінде Шоңның сыртқа шығып кеткеніне бірталай уақыт болды. Әйімкүл шыдай алмай сыртқа шықты. Үй маңайында Шоң көрінбейді. Мінген аты жоқ. Содан кейін бие сауып жатқан адамдардан сұрады. Әлгі жігіт:
– Шоңкең Естайдың биесін алып кетіп қалды, – деді.
Әйімкүл бір жайсыз күйге түсіп үйге келді. Келе баласына ренжи сөйлеген:
– Шоңкең ауырып жүргенде ыңғай бүлдіресің де жүресің.
Оспан не дерін білмей отырып қалды. Үйде отыра алмай, сәлден соң тысқа шығып кеткен. Телқозы Әйімкүлдің сөзін тыңдап