болатын. Кей қулар сыр бермейтін. Жүздерінде ешқандай өзгеріс болмайтын. Ал адал адамдар қызарып, болмаса жүзі ағарып кететін. Қазір мына жігіттің жүзі ағарып кетті.
– Ана Әлпейістің маған аттарын орыстарға алып бергеніме өшігуі мүмкін бе? – деп, Шоң алдында берген сұрағын тағы қойды. Ондағы ойы – жүзі тағы да өзгере ме екен – байқау болатын.
Жігіт сәл ойланып барып, үзіліс жасап жауап берді.
– Ол да ғажап емес…
Шоң мынаның бірден жауап бермей, ойланып қалғанына да мән беріп отыр еді. Тағы бір ғажабы, дұрыс сөйлеп отырған жігіт кенет кекештеніп қалды. Шоң оны байқап қалып, тағы сұрақ койды:
– Қабден, сенің осы кекештігің бар ма?
– Сасып, асығыс сөйлегенде ондайым бар.
– Мен сені асықтырып отырмын ба?
– Жоқ, сіз мына сұрақтарыңызбен мені кінәлайтындай тәріздісіз…
– Қабден, оның себебі бар, біздің үйге от салған адам ақсақ дейді. Содан кейін айтып отырмын. Бірақ сен оны көңіліңе алма! Ақсақ адамдар толып жатыр ғой.
– Шоңке, ақсақ адам екенін кім айтты?
Әйелдің атын айтса, бір үлкен жанжалдың туындайтынын білді де:
– Мен мына өз көзіммен көрдім. Сол кезде жазу жазып, шамды сөндіріп, денемнің құрысқанын жазу үшін терезеден қарап едім, ай жарық екен, екі адам біздің үй жақтан өтіп барады. Біреуінің аяғы ақсақ тәрізді көрінді маған.
– Шоңке, сіз қателескен боларсыз…
– Сонда ол адамның аяғы ақсақ емес деймісің? Мен көзіммен көрдім ғой.
– Қайдан білейін? – Мына сөзді айтқанда жігіттің жүзі тіптен өзгеріп кетті. Шоң бәрін байқап отырған еді. Алдында Малай айтқан, Әлпейіс Қабденге мініп жүр деп бір жылқы беріпті. Әңгіме арасында туындаған ол сөзге Шоң кезінде онша мән бермеген. Ұмытып та кеткен тәрізді еді. Әлгінде мына жігітпен әңгіме болғанда, сол інісінің айтқан сөзі ойламаған жерден басына орала кетті. Әлпейістің сараңдығын білетін, ол жайдан жай бермеген болуы керек. Енді мына жігіттің өртегеніне күдігі күшейе түсті.
– Саған Әлпейіс неше жылқы берді? – деп сұрақты төтеден қойды Шоң.
Сонда да берілгісі келмей, Қабден:
– Шоңке, сіз қызық адам екенсіз… Менің үй өртеуге ешқандай қатысым жоқ.
Шоң да мына жігіттің «қызық адам екенсіз» дегеніне ренжіп қалды. Бірақ ол күйін сездірген жоқ.
– Мен сені үйді өртеді деп кінәлап отырғам жоқ. Жай сұрап отырмын. Саған Әлпейіс бір жылқы беріпті ғой. Не үшін берді?
– Шоңке, туысқандық жолмен маған мал берсе, онда тұрған не бар? Ол үшін оны кінәлаудың жөні жоқ…
– Мен сені де, оны да кінәлап отырғаным жоқ. Сенің әкеңнің жақсы адам екенін, анада қыз дауында бір адам айтып еді, сен кімге тартып өтірікші болғансың?
– Шоңке, мен үй өртеді деп кім айтып отыр сізге? – Бұл сұрақты екінші рет қайталады ол.
– Қасыңдағы жігіттің есімі аузыма түспей отыр. Ол кім еді?
Қабден сол айтып қойған екен ғой деп ойлады. Енді кейін шегінудің ретін таба алмады:
– Ол – Айдар…
– Жарайды,