көптен бері рахаттанып ұйықтағаны осы болды. Айтып тұрғаны шындық еді. Бүгін керемет өзін жақсы сезініп тұр.
Бәрі таңертеңгі асқа отырды. Бұлардың неге шақырғанын түсінбей отырған бір болыс:
– Баяғыда қалмақтар қазақтарды Қытайға сатып байыды деуші еді. Бізге де орыстар соны жасағысы келіп отырған жоқ па?
– Бұлардын неге шақырғанын біліп отырмын, – деді Медеу. – Бұлар біздің жақтағы ыңғай жүйрікті алып еді, сіздерге де соны жасағалы отырған шығар. Анау қасына еріп келген адамдарды генерал-губернатор неге шақырып алды дейсіңдер. Оларға ат керек. Басқа дүниелердің бәрі өздерінде бар.
– Онда бізді мұнда әкелмей-ақ ала бермей ме? – деді бір болыс отырып.
– Сіздер білмейсіздер, баяғыда бұлар Орта жүздің қазақтарынан жүйріктер аламыз деп, екі жақ қырылып қала жаздаған. Керемет айқай-шу болды. Көп қазақтар орыстардың сондай қылығы үшін кейін Кенесарыға қосылып кетті ғой. Сол жағдай оларға сабақ болған тәрізді. Енді бізден өз еркімізбен алғысы келіп отырған сияқты, – деді Шоң.
– Сонда жүйрікті қайтеді? – деді Арқадан келген болыс.
– Орыстар Қытайдан сендерді қорғаймыз деп бізден де алды. Бәрі жалған. Бізді шырылдатып тартып алған аттарымызды осында бұларға ерегіскен өзбек, ана Кенесарынын баласы Сыздық бар ғой, солар тау арасынан келіп түнде айдап әкетіп жатыр. Қанша соңынан түссе де ұстай алмай жүр. Мылтықтары бар көрінеді. Адамдары да көп дейді олардың. Бұлар жүздеген адамды күзетке қойды. Қарсыласса ебін тауып қырып жатыр. Бұлардан ұрлаған жылқыларда шек жоқ. Ар жағындағы Ауғандарға, Арабтарға, Парсыларға апарып сатады дейді. Кім білген? Орыстар қанша дұзақ құрса да, түсіре алмай қойды. Түн қарасында келіп, айдап әкететін көрінеді. Әлгі казактарының көпшілігі атсыз қалды. Сондықтан сіздерден жүйрік ат сұрамақшы болып отыр ғой деймін.
– Мекеңнің айтқанында шындық бар, – деді Шоң.
– Біз онда бермеуіміз керек екен, – деді бір болыс.
– Бермесек, баяғыдай тартып алады. Оның бізге пайдасы жоқ. Орыстармен жанжалдасып жүргенше, өз еркімізбен берген дұрыс, – деді Шоң.
Қазақтардың өздеріне аттарын жинатып бергізіп, орыстар өздері сырт қалғысы келіп отырғанын сезді Шоң. Бұл бір зәлім саясат екенін түсінген еді ол да. Таңертеңгі астарын ішіп бола бергенде кешегі орыс жетіп келді. Қасында татар жоқ. Ол айтты Шоңға: «Сіздің орысша білетініңізді біліп, ол мылжыңды ертпедім. Сіздерді генерал-губернатор тосып отыр». Кеше қолдан санағандай етіп жіберген қазақтардың біразы жоқ екенін біліп:
– Олар қайда? – деді казак.
Шоң қулық жасаған. «Олар бұл үйге симай, басқа ауылға қонуға кетті». Әлгі әскери адам сенерін, не сенбесін білмей тұрып, ақыры сенген. Орыс болыстарды асықтыра бастады. Әңгіме қабының аузы ашылса бар дүниені ұмытып кететін қазақтардың мінезін білетін Шоң генерал-губернатор күтіп отырса жүрейік деді. Бұлардың сөзін үнсіз тыңдап отырған казак-орыс айтты:
– Расында, тезірек жүрейік. Генерал-губернатор Санкт-Петербургке