екі құсқа айналып кетті. Куафудың екі иығында екі құс. Екі құстың сөзіне оның қатты күлкісі келді. Бірақ құстарды үркітіп алам ба деп, күлмеуге тырысты. Ол көз қиығымен құстарға көз салып қарады. Құстар тым өзгеше екен, екеуінің де бір көзі, бір қанаты, бір аяғы, жарты басы бар болып шықты…
Куафудың екі иығындағы екі құсты біріктірсе бір бүтін құс болатындай екен.
Құсты ортасынан екіге бөліп кеткен сияқты.
Куафу екі қолын ақырын көтеріп, екі құсты еппен ұстап алады. Құстар жалғыз қанатымен ұша алмайды да екен.
Куафу қолындағы екі құсты біріктірді.
Ол енді жаймен орнынан тұрып, қолындағы құсты ұшырып жіберді.
Әлгі құс Куафуды айналып ұшып жүріп:
– Сен тау да, ағаш та емес екенсің ғой, – дейді. Куафу:
– Сен жалғыз құс екенсің ғой, – деп күледі де: – Менің атым Куафу, сенің атың кім? – деп сұрайды құстан.
– Куафу дейсің бе? Біздің атымыз Би-и-няо. Бізді екі құс деуге де болады.
– Мен қателеспесем, сендерді құбыжық айырып кеткен болар?
– Дұрыс айтасың! Өте қорқынышты құбыжық екен. Ол бізді қайшымен қаққа бөліп кетті. Бір құс екі құсқа, екі құс төрт құсқа, төрт құс сегіз құсқа айналып кеттік… кейін қайта бірігіп, сегіз құстан төрт құсқа, төрт құстан екі құсқа, екі құстан қайтадан бір құсқа айналдық.
– Сол себепті Би-и-няо аталып кеттіңдер ме?
– Иә. Өйткені біз ешқашан ажырағымыз келмейді.
– Сен құбыжықтың қалай қарай кеткенін білесің бе?
– Анау жаққа, – деді.
– Сау бол! Ауырсынуды махаббатпен жеңген құс, – деді де, Куафу құсқа қош айтысып алға тартты.
– Хош бол, қозғалатын тау! – деді әлгі құстың жартысы.
– Хош бол, жүре алатын ағаш! – деп қала берді әлгі құстың қалған жартысы.
Куафу күншығысты бетке алып, крабты іздеп кете барды. Ол жол-жөнекей талай кемтар адамдар мен жануарларға жолықты. Оның бәрі алып крабтан зардап шеккендер еді. Куафу қатты қапаланды. Оның алып крабты ұстауға деген сенімі арта түсті. Ол оны ұстап, көп адамдардың, жануарлардың оның кесірінен кемтар болып қалмауына көмектескісі келеді.
Ол жол бойы крабтың қандай лаң салғанын ет құлағымен естіп, көзімен көрді. Бірақ краб Куафуға жеткізбей қашып кетіп отырды.
Куафу сонда да алған бетінен қайтар емес.
Ол дамылсыз жүріп келеді.
Куафу шаршаған шақта ағашты таяқ қылып жүреді.
Бұл таяқтың тағы бір қажеті бар, ол алып краб бір жерде жасырынып жатпасын деп, кез келген жерді таяқпен нұқып көріп келеді.
Куафу тумысында мұндай таңғажайып құбыжықты көрген емес!
Оның кейпі шошқаға ұқсайды, бірақ екі басы, төрт аяғы бар екен. Бейне екі шошқа дерсің. Оларды құбыжық дәл ортасынан жұлып кеткен, яғни денесінің арт жағын жеп қойған. Тек олардың алдыңғы бөлігі қалған. Сол себепті екеуі бірігіп, бір бүтін болған екен.
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «Литрес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на Литрес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой