де, көл-көсір шежіре етіп жазып та қалдырып кетті. Сол деректердің негізінде бұл тақырыпқа кейін қалам тартқан ғалым, зерттеушілеріміз де жоқ емес, бар. Бірақ, бірақ демекші, мәселе сол материалдар жөнінде күні бүгінге дейін ресми ақпарат беттерінде мардымды ештеңе жарыта жазылмай келе жатқандығында.
Кезінде басқаша қимылдауымызға космополиттік ұлт саясатын ұстанған Кеңестік қызыл империя қолбайлау болып, кесірін тигізгені белгілі. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Ол дініміз бен ділімізді ғана емес, тіліміз бен тегімізді де ұмытуға итермелегені рас. Себебі бұратана, аз жұрт өз ұлтынан гөрі космополиттік кеңес ұлтының күйін көбірек күйттеуге мүдделі еді. Өйткені ғалым, мамандарымыз күнде жүретін табан жолы мен күнде жейтін үзім нанын таппай қалмауы үшін өз ұлтының тарихын зерттеуден гөрі кеңес өкіметінің тарихын жазуға ұмтылды. Сондықтан Қазақ кім, оның қайдан шығып, қалай өрбитіндігі осы кезге дейін тарихымызда ғылыми тұрғыдан анықталып, арнайы рәсімделіп, бекітілмеген ақтаңғақ. Соның салдарынан болар, басым көпшілігіміз қазірге дейін қазақ сөзінің қайдан алынып, қалай шыққандығынан бейхабармыз.
Бірақ бүгін өз қолымыз өз аузымызға жетіп отырған тәуелсіз мемлекетпіз. Онымызға да аттай 20 жылдан асып бара жатыр. Тау көтерген Толағайдай толып жатқан әлемге танымал ғалым, мамандарымыз да бар. Құдайға шүкір, жоғарыда айтып кеткендей, бұл туралы зерттеушілеріміз инемен құдық қазғандай еңбектеніп, бал арасындай тірнектеп жинап, қалдырып кеткен мәліметтер мен деректер де жоқ емес, сықырлаған көне сөрелерде шаң басып жатса да бар. Жақсылап іздесек ондай деректер табылары анық. Сондықтан тегіміздің тарихын түптұқианынан бүгініне дейін асықпай ақтарып, жазып шығуға енді шамамыз жетпейді емес, жетеді. Бұл туралы қазір білмесек, енді қашан білмекпіз, ендігі үндемегенімізге не жорық дейміз?
Әлбетте, тарихымызды әріден, тереңінен зерттеп білер кезіміз жеткенімен мұны біз бір әулеттің шежіресімен айтып та, жазып та бітіре алмайтындығымыз айқын. Қазақтығымызға қатысты мәліметтерді отандық дерек көздерінен ғана емес, Қазақ хандығы құрылмастан бұрынғы көне араб, қытай тіліндегі тарихи құжаттардан да іздестіріп, қарай отырып, табылған материалдардың басын құрап, іріктеп, аударып, жинақтап, ғылыми тұрғыдан жан-жақты негіздеп, тереңдетіп жазып шығу бір емес, бірнеше ғылыми институттар мен басалқалы ғалымдар және үлкен ғылыми кеңестер бас қосқан мемлекеттік комиссия жұмысымен шешілуі тиіс шара екендігі анық. Ал біздің қолымыздан келері – бар тапқан-таянған мағлұматтарымызға сүйене отырып, көпшілікке, мінберге мінген билік пен ресми ғылыми орындарға тек ой салып, түрткі болу.
Тексіз болғысы келмей кезінде осы тақырыпқа қалам сүйкеуге ұмтылғандардың бірі өзіміздің көпшілікке танымал үлкен ақын, жазушымыз, лингвист-зерттеушіміз Олжас Сүлейменов. Бірақ «Аз и Я» сияқты терең мазмұнды, жаһан елдері мен түркі әлемін дүр сілкіндірген тарихи-лингвистикалық сараптама, зерттеу еңбегімен әйгілі болған дарынды ақын, жазушымыздың