аты емес, өзгелер сияқты оны құраушы белді де беделді ру-тайпалар немесе солар бірлескен ортақ ұлыс атауынан алары анық. Ұлт болып қалыптасар кезде қай елдің болмасын осы жолдан өтерін ғылым мен тарих бізге дәлелдеп беріп келеді.
Ал ендігі бір зерттеушілеріміз бұл терминді 15 ғасырдың екінші жартысында, дәлірек айтар болсақ, 1456 жылы Әбілхайыр хан билеген көшпелі өзбектердің «Көк ордасынан» өз алдына хандық құру үшін бір түнде үдере көшіп, бөлініп кеткен Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ру-тайпалар атауының ел аузында «қашақтар» деп аталып кетуімен байланыстырғысы келеді. Бұл да аса қисынға келмейтін тұжырым. Себебі жеке хандық құрып, іргелі ел болуды аңсаған жұрт өз мемлекетін біреулердің аузынан кездейсоқ шыққан алып-қашпа, жел сөзбен орайластыра «қашақ» деп атай салуы ешбір сын көтермейтін жайт.
Осы ретте, қазақ тарихын алғаш болып зерделеген зерттеушілердің бірі, орыстың аты алты алашқа мәшһүр этнограф-ғалымы Семёнов-Тяньшанскийдің (А.А.Семенов): «Бір жолғы көштен (actus) бір халық, оның ат-атауын тудыруға болмайды»,– деген аталы пікіріне қосылмасқа болмайды.
Тарих та, этностардың туып, қалыптасу барысын сараптап, саралаушы этногенез ілімі де: ру-тайпалар атауы олардың көсемдері мен жұрты ойлап табар немесе жеребе тастап қоя салар ат емес, бұл даму барысында оларды ділдік, тілдік, жер-жапсар, тұрмыс-салт, экономикалық өмір сүру ерекшеліктеріне орай топтастырар, сөйтіп жұртты әрі қарай да туыстық қарым-қатынастарға жұмылдырып, ұстап тұрар, тарих тереңінен қайнар бұлақ суындай өздері жөн тауып жарып шығар этногенездік күші бар атау екендігін айтады. Бұдан ат қою мәселесі, кейбіреулер ойлайтындай, еріккеннің ермегі, оңай іс емес екендігін байқайсыз.
Біздіңше, ел арасында қаншама беделді болғандарымен қос сұлтанға мың сан жұртты үлкен ордадан бір түнде тез бөліп әкету әсте оңай іс емес екендігі анық. Тек "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара" жұмыла әрекет етуге үйренген топты ғана осылайша жылдам бөліп әкетуге болатындығы белгілі. Сондықтан қос сұлтанға ілесіп, үдере көшкен ру-тайпалар, жоғарыдағыша, тілімен, ділімен, дінімен, күнделікті ұстанған өмір салты, тіршілігімен, мақсат-мүдде күшімен ортақтасып, ұйыған, бұрыннан-ақ ұрандатып ұйымдасқан ортақ атаулары бар топ екендігі күмән туғызбайды.
Өмір сүру идеологиясы қан мен текке негізделген ру-тайпалық құрылымда тұрмыс кешкен халқымыздың о заманда басқаша топтасып, ұйымдасар жолы болмағандығы бесенеден белгілі. Сол себепті, айтпағымыз, аттары бар болғасын жеке отау боп бөлінгеннен кейін олар хандықтарына жаңа атау іздеп әсте әбігерге түскен жоқ. Бір кездері өмір кешкен, ерлік дәстүрлері ертеден-ақ бәрінің аузында, жыр-дастандарында айтылып келе жатқан, бәріне ыстық, ортақ, бәрін ұйытып, осы күреске бір кісідей жұмылдыра білген бабалары құрған ертедегі «Қазақ ұлысы» атымен «Қазақ хандығы» деп, ал өздерін солардың ұрпағы қазақтармыз деп атамағандықтарына кім кепіл дегіміз келеді.
Ал елді осы күреске бастап шыққан қос сұлтанның іс-тірлігіне