Тұрғанжан Төлебаев

Қосалқы тарихи пәндер. І бөлім


Скачать книгу

хрематонимдерге (материалдың мәдениет объектілерінің атаулары) дербес таным салалары ретінде ден қоюға жол ашылды. Әрине, таным жолы шексіз. Бұл жолда біткен істерден гөрі бітірер істердің аясы анағұрлым ауқымды екені аян.

      Мұндай ойдың жосығы қазақ антропонимикасына да тікелей қатысты. Басқасын былай қойғанда, антропонимикалық зерттеу атаулының іргетасы болып табылатын қазақтың төл есімдері (дербес есімдер – индивидуальные имена) осы уақытқа дейін толымды деңгейде жинақталмай келеді. Қазақтың төл есімдері ең бір мол жинақталды делінетін Т. Жанұзақов пен К. Есбаеваның «Қазақ есімдері» атты анықтама сөздігінде он мыңдай ғана есімдер қамтылған. Мұның өзі негізгі түбір есімнен өрбитін туынды есімдерді қоса есептегендегі көрсеткіш. Мәселен: Балта, Балтабай, Балтабан, Балтабек, Балтазар, Балташ немесе Жайсаң, Жайсаңбай, Жайсаңбек деген сияқты.

      Әрине, этнос аясындағы төл есімдер мүмкіндігінше толық жинақталмай тұрып, антропонимикалық байсалды зерттеулер жүргізу немесе ғылыми объективті ой-тұжырымдар жасау мейлінше қиын. Әсіресе, этностың төл антропонимдерін синхронды және диахронды аяда зерделеу, олардың тарихи сыр-себептері мен мән-магыналарын саралау, сөз жоқ, антропонимдердің мүмкіндігінше молынан қамтылуын қажет етеді.

      Міне, осындай талғам-талап өресіндегі еңбек ретінде Асқар Смағұловтың оқырман назарына ұсынып отырған «Қазақ есімдері. Энциклопедиялық анықтамалық» атты кітабын атауға болады. Бұл еңбекте тұңғыш рет қазақ этносының аясында қолданыста болған немесе қолданыста жүрген елу мыңнан аса түбір тұлғалы антропонимдер тіркеуге алынған. Сондай-ақ, сегіз мыңға жуық төл есімдердің мән-мағынасы сараланған. Бұл, сөз жоқ, айта қалғандай толымды еңбек. Автордың, антропономика тарихында сирек ұшырасатын қарымды қимылы. Мұндай ауқымда жинақталған төл есімдер мұнан әрі қазақ антропонимикасындағы тың ізденістер мен соны зерттеу жұмыстарына өріс ашатынына да күмән болмаса керек.

      Осы орайда құлағы көрініп тұрған өміршең идеяны ортаға сала кету парыз. Жұртшылыққа белгілі, қазақ шежіреші халық. «Өзім бір ғасырға куә болдым, тағы бір ғасырдың сөзін куә болғандардан естідім» деп сөз бастайтын шежіре көкірек қарттар ел ішінде әлі де бар. Қазақтың хатқа түскен шежіре қоры да айтарлықтай мол. Осы шежірелерді салыстыра қарастырғанда, бәріне ортақ бір заңдылық аңғарылады. Ол – қазақ шежіресінің, негізінен, 18-20 атамен (буынмен, ұрпақпен) шектелетіндігі. Рас, ислам дінінің ықпалына орайластырып түзген шежірелердің де бас жағы бірыңғай араб-парсылық атау-есімдерден түзілгенімен, кейінгі 18-20 атасы таза қазақтық атау-есімдер мен айғақ-деректер болып келеді. Бұл, сөз жоқ, Қазақ хандығы шаңырақ көтерген соң қазақ ру-тайпаларының ішкі құрылымдары жаңаша жасақталғанын білдірсе, сонымен бірге қазақ шежіресінің де Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі кезеңнің айғағы екенін пайымдатады. Себебі, этнологияда қалыптасқан үрдіс бойынша ұрпақаралық меже 25-30 жылдан болғанда,