фамилиясы) ономастика ғылымының бір саласы болып табылатын антропономикалық жүйені құрайды. Осы антропономика аясында қолданылатын антропоним, антропонимия терминдері болса тілдегі кісі аттары, яғни төл есімдер туралы материалдар деген ұғымды білдіреді.
Адамзат тарихында адам аты-жөнінің алар орны ерекше. Бұл ретте тарих – адамның аты-жөні белгілене бастаған кезден басталады деуге де болады. Байырғы сана айғағы – мифологиялық жүйеде алдымен мифтік кейіпкерлер (персонаждар) назар аудартады. Бұл ретте кейіпкерсіз мифті ұшырату қандай қиын болса, атау-есімі жоқ кейіпкерді ұшырату да сондай қиын. Яғни кейіпкердің атау-есімі мифологиялық жүйе туралы таным-түсінік қалыптастыру жолындағы бірден-бір деректік негіз болып табылады.
Басқа халықтар сияқты қазақ халқының да ұзына тарихында адам есімдерінің алуан түрлі үлгісі жасақталып, ұлт болмысын айғақтайтын төл есімдер жүйесі қалыптасқан. Дүниеге келген сәбиге ат қоюдың қазақ ұлтына ғана тән төлтума дәстүрі орныққан. Бұл ретте, қазақ антропонимикасы қазақ ұлтының төлтума қасиеттерін, дәстүрлі дүниетанымын, арман-аңсарын (идеалын), тарихи кезеңдердегі саяси-әлеуметтік ахуалын, экожүйемен қойындасқан өмір салтын, ең арғысы қоршаған орта мен жан-жануарлар дүниесіне дейін айғақтай алатын аса мәнді тарихи дерек көзі болып табылады. Яғни қазақ антропономикасының ұлттық төлтумалықты танытуға қатысты мән-маңызының айрықша екендігі соншалық, бұл мәселеге тек этножаралымның тарихи айгақтарының бірі деп қана қарау жеткіліксіз, сонымен бірге дербес даму жолын бастаған қазақ ұлтының төлтума болмысын қалпына келтіруге және орнықтыруға мұрындық болатын аса мәнді тарихи-рухани тетік ретінде де көңіл бөлу қажет.
Қазақ халқы ұрпаққа атау-есім таңдау барысында қандай соқыр сенімдер шылауына шырмалғанын, қандай саяси-идеологиялық арбаудың тұзағына түскенін, қандай еліктеп-солықтауға ұрынғанын антропонимиканың тарихи қыр-сырын бажайлау арқылы да көз жеткізуге болады. Бір кездегі Биткөз, Боқбасар, Тезек, Көтібар деп келетін немесе Советхан, Колхозбек, Совхозбек, Демократ, Декрет, Мэлс (Маркс – Энгельс – Ленин – Сталин), Ким (Коммунистический Интернационал Молодежи), Ренат (Революция – Наука – Труд), Лениншіл, Мәскеубай, Октябрь, Съезбек, Орысбай, Чапай, Эрнест, Клара, Роза, Жанна, Гүлжана, Әсема, Гүлнара сияқты атау-есімдердің санасы сергек, рухы азат, елі тәуелсіз қазақ болмысына үйлеспейтінін әрбір сауатты адам терең сезінуге тиіс. Яғни іштен шыққан перзентке тек өзімшіл менмендікпен ғана қарап қоймай, оның да қазақ дейтін этностың бір мүшесі екенін сезіне отырып ат-есім таңдаған абзал. Әрі-беріден соң ұлттық төлтумалыққа, елдің тәуелсіздігі мен дербестігіне қызмет етудің бұл да бір үлгісі.
Өкініштісі қазақтың өз болмысы мен дәстүріне сай антропономикалық категориялары тарихи дүбаралануды бастан кешкен. Қазіргі қазақтар, негізінен, орыстық (славяндық) төл есім жүйесінің, яғни антропонимдік үлгісінің ықпалында қалып отыр. Орыстық төл есім жүйесіне тән өз есімі – әке есімі – ата тегі (фамилия) үлгісін әлем халықтары қолданбайды десе де болады.