Амангелді Әліпбаев

Француз-герман қарым-қатынастары (ХХ ғ. 50-60-жылдар)


Скачать книгу

жеңілуіне байланысты, Наполеон көптеген аймақты тартып алып, жаңадан құрылған Вестфаль корольдігі мен Ұлы Варшава герцогствосын Рейн одағына кіргізеді. Австрия бірнеше дүркін, француздарға қарсы топпен бірге, неміс мемлекеттерін өз қолында мықтап ұстаған Наполеонға қарсы шыққанымен, нәтижесіз болып, 1813 жылға дейін Орталық Еуропада француздердің үстемдігі даусыз болды. Бұл өз кезегінде немістердің француздарға деген өшпенділігін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, ұлғайта түсті.

      Бонапарт Наполеонның Ресейге қарсы жорығының алдында, көкейдің тұңғиығына француздерге деген өшпенділікті уақытша жасыра тұрып, Австрия мен Пруссия өздерінің жағрапиялық-саяси талаптарына сай Франциямен келісім шартқа отырған еді. Бұл келісім шарт бойынша, Австрияға Ресейдің Волынь аймағы, ал Пруссияға Балтық жағалауы аймағының өтуіне айырбас ретінде соғысқа қатысу үшін олар әскери күш бөлуге тиіс болды. Француз тарихшысы А.Дебидур еуропалық көптеген мемлекеттер еркіне сай болсын-болмасын жеңімпаз наполеондық әскерге қосылғандарын айта келіп, “Наполеон Мәскеуден шегінген кезде, ескі реніштері үшін кек алуды тосқан Пруссия Ресей жағына шығу мақсатында 1813 жылдың 28 ақпанында Калишеде келісімге қол қояды. Соңынан өзінің бет пердесін жұлып тастаған Австрия да Ресейге қосылады”, – деп жазады [12, с.19]. Еуропалықтар үшін, соның ішінде немістер үшін наполеондық биліктің салдары бір жақты ғана болды деп айтуға болмайды. Осымен байланысты оқиғалар құрылықтағы еуропалық елдерде терең ішкі өзгерістердің басталуына мүмкіндік туғызып, ең соңында жаңа саяси-экономикалық қоғамдық құрылысқа жол ашты.

      1815 жылғы Вена трактаты бойынша Пруссия Вестфаль мен Рейн провинцияларын өзіне қосып, соның барысында ең алғаш рет Францияның тікелей көршісіне айналды [12, с.31]. Неміс мемлекеттерінің ішінде басты орынға ұмтылған Пруссия, ендігі жерде жеңілген Франция жағынан “Рейнді қорғаушы” рөлін өзіне қабылдағандай болды.

      Тарихтың тәлкегі ме, әлде заңдылығы ма, жеңген мемлекеттер арасында Еуропа құрылығын жаңа бөліске салған осы 1815 жылғы Вена конгресі өтіп жатқан кезеңде Отто Эдуард Леопольд фон Бисмарк дүниеге келген еді. Вена конгресінің шешімі неміс ұлтының келешегімен өте тығыз байланысты болды. Германия баяғыдай ыдыраған мемлекет күйінде қалды. Отыз жеті монархия мен төрт еркін қала Герман одағын құрды [12, с.66-67]. Талай уақыт өткеннен кейін, нақты осы веналық жүйені және оның нәтижесі болып табылатын Герман одағына басты соққы берген Вена конгресінің замандасы Отто фон Бисмарктың өзі деп айтуға болады.

      Вена конгресінің нәтижесінде еркін, бірыңғай ұлттық мемлекетті аңсаған көптеген немістердің арманы орындалмады. Ескі империяның орнын ауыстырған Герман одағы, жеке егеменді мемлекеттердің еркін бірлестігі ретінде ғана болды. Бір ғана органы – Франкфурттегі бундестаг, сайланған парламент емес, елшілер конгресі ретінде жұмыс жасады [2, s.336]. Одақ тек екі ірі мемлекет, Австрия мен Пруссия ғана пікірлес болғанда іс-әрекет жасай алды. Келешек