таққа отырған Таспар қаған Түрік елін басты қарсыласы қытаймен терезесі тең ұлы мемлекетке айналдырды. Осылайша тәуелсіз елге айналған түркілердің арайлы арманы орындалды.
Бұл тарихты кейініректегі Білге қағанның басындағы кешендегі жылнама былай баяндайды: «Жоғарыда көк Тәңірі, төменде қара жер жаратылғанда, екі арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-бабам Бұмын қаған, Істемі қаған таққа отырды. [Таққа] отырып түрік халқын, елін (мемлекетін), төрін орнатты, қалыптастырды. Төрт тараптағылар қарсы жау болды.
Қол аттандырып, төрт тараптағы халықты бағындырды. Бағындырып бейбіт қылды. Басы барды жүгіндірді, тізеліні бүктірді. Ілгері Қадырхан-жынысына дейін, кері-Темірқақпаға дейін иеленіп, қоныстандырды. [Кезінде] екі аралықта иеліксіз жүрген көк түріктер осылай отырар еді.
Білікті қағандар болған, айбынды қағандар болған. Бұйрықтары (қолбасшылары) да білікті болған, айбынды болған. Бектері де халқы да түзу болған екен. Содан елдік құрып, тұтқа болды. Ел болып, төрін орнатты». Ия, алғашқы Түркі қағанаты шындығында да түркітілдестердің тәуелсіздік рухын ту етіп көтерген аса қуатты мемлекеті болды. Ол өзінің сипаты жағынан әскери империя еді. Елді кім көрінген билей алмайтын. Бұл үшін басты әлеуметтік шарт – қаған болатын тарихи тұлға ең алдымен Ашына әулетінен шығуы тиіс еді. Ашынадан шыққан қағандар мен олардың бауырлары «тегіндер» мемлекеттің әскери ұйымын басқарды.
Ең бастысы – халықтың рухани дүниетанымы мен мемлекеттік идеология да бір арнаға тоғысып жатты. Елдің бәрі, тіптен тұңғыс-манчжур тілінде сөйлейтіндер де, бұл тұста Тәңіріге табынды. Көк түріктер тәрізді көшпелі тұрмыс кешкен бұлар, өздерінің тілдерімен қатар түрік тілін де жақсы меңгергендіктен Түркілер мемлекетін құру идеясына табанды қарсылық көрсете қойған жоқ, және түсіністікпен қарады. Дін мен тілдің рухани жақындығы Түрік қағанатындағы әртүрлі халықтарды ортақ мақсатқа жұмылдырды. Оның үстіне мемлекетті басқарған алғашқы қағандар жергілікті халықпен, және олардың өкілдері бектермен тығыз байланыста болып, халыққа аса жақын болды. Осының бәрі бұрынғы бабаларға ғасырлар бойы шұғлалы арман болған тәуелсіздікке қол жеткізген басты факторлар еді.
Ұлы Түркі қағанаты
Бүгінгі шаңырағы еңселі Тәуелсіз Қазақстанның тереңде жатқан этно-саяси тарихына бойлай бастасаңыз, ел болып еңсе көтеруімізде және қазіргі ұлан-ғайыр аймаққа біржолата қожалық жасауымызға Түркілер қауымдастығы құрған Ұлы Түркі қағанатының берік бастау, мызғымас ірге болғанын ұғына бастайсыз.
Әсіресе, 552-630 жылдар аралығында бұл мемлекет тарихи ұлы держава деңгейіне көтеріліп, төңірегіндегі төрткүл дүниеге өзін еркін күшпен таңды, «бастыны идіріп, тізеліні бүктірді». Әрине, түркі атанған халық және оның алғашқы қағанаты аяқ астынан пайда болған жоқ.
«Түрік» этнонимі тарих сахынасына VI ғасыр ортасында шықса да, түркі тідлес халықтың қалыптасуы – біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардан бастау алатын, ұзақ та аса күрделі