берілді. Таң патшасы өзінің сөзінде тұрмады. Астана Чананьның Шығыс алаңында қытай жендеттері түріктердің қағанының және оның адал серіктерінің, барлығы 54 адамның бастарын балтамен шапты. Таң патшалығының тұрақты әскері көтерілісші түріктердің қалдықтарын қанға бояп тұншықтырды. Түркітілдес халықтар ортақ жауға қарсы бірігіп күресудің орнына өзара алауыз болып осылайша басқаға жем болды.
Тұй-ұқұқ (Тоныкөк) мәтінінде бұл мәселе былай баяндалады: «Түрік халқының қағаны жоқ еді. Табғачтан бөлініп, қағанды болды. Қағанынан айрылып, Табғачқа және бағынды. Тәңірі былай деген-ді: қаған бердім. Қағанды жойып, [басқаға] бағындың. Бағынғандығың үшін Тәңірі сені өлімші етті. Түркі халқы қырылды, алқынды, жоқ болды». Дегенмен де тәуелсіз мемлекет құру дәстүрі саналарында берік орныққан түріктер орталарынан жаңа қағанды шығарды. 682 жылы Ашына Құтлық өзінің аз ғана серіктерімен жаңа көтерілісті бастады. Оның рухани қолдаушысы бұрын қытайлықтардың астанасында тұрып, олардың соғыс өнерін жақсы меңгерген, түріктердің Асадыр тайпасынан шыққан данышпан Тұй-ұқұқ (Тоныкөк) еді.
Небәрі 700 адамнан тұратын көтерілісшілер Қарақұм қаласын басып алып, өздерінің сандарын 5000 адамға дейін көбейтті. Тұй-ұқұқ (Тонкөк) мәтінінде бұл мәселе былай баяндалады: «Бөд (тақ) киесі қалмады. Орман, тау арасында қалғаны жиылып жеті жүз болды. Екі бөлігі атты еді. Бір бөлігі жаяу еді… Біріктірушісі мен едім – білге Тұй-ұқұқ… Одан соң көктегі Тәңірі білік бергендіктен, өзім құдіретті қағанмен ұғыстым». Бұл деректе «құдіретті қаған» аталып отырған Құтлықты көтерілісшілер Қарақұмда Елтеріс қаған деген атпен таққа отырғызды. Ол данагөй Тұй-ұқұқтың ақылымен жан-жаққа жорыққа аттанды. «Түстікте – табғачты, шығыста – қытайды (қиданды), терістікте – оғызды көп қырды». Осылайша Елтеріс құтлық қаған таққа отырған 682 жылдан бастап Екінші түрік қағанатының өмірі басталды.
683 жылы Таң патшалығының императоры Гаоцзун өлді. Келер жылы мемлекеттік төңкеріс орын алып, қытайда тақ үшін тартыс басталды. Мұны түріктер де тиімді пайдалана білді. Батыс түрік тайпалары да осы тұста қытай билігіне қарсы бас көтерді. 686 жылы Елтеріс құтлық қаған Юньчжоу (Синьчжоу) қамалын қоршап, оны қорғаған қытай әскерін күйрете жеңді. Алайда ол онда орнығып қала алмады. Таң патшалығынан құрамында Ұйғыр жасағы бар, жаңа жазалаушы күштердің шығуына байланысты ол өзінің әскерін аман сақтау үшін қулыққа көшіп, Гоби шөліне шегініп, және сонда өзінің соңына түскендерді жойып жіберді. Елтеріс құтлық қаған батыс пен шығысқа бөлініп кеткен түркілердің басын қайтадан біртұтас қағанатқа біріктіру үшін өзінің ордасын түркілердің байырғы отаны Өтікенге (Ханғайға) көшірді. Оның ұлы Білге (Мойынчор) қағанның кешеніндегі мәтіннен бұл туралы мынаны оқимыз: «… Тәңірі күш берген үшін Әкем-қағанның (Елтеріс қағанның-Т.О.) әскері бөрі сияқты еді. жаулары қой сияқты еді… жеті (мәтінде