Т. Омарбеков

Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы


Скачать книгу

және Татабы тайпалары қолдады. Осындай дүрбелеңде 716 жылы Қапаған қаған Байырқулардың көтерілісін басып, қайтып келе жатқанда аңдаусызда тосқауылға тап болып, қайтыс болды. Қытайлықтар оның басын әкелгендерге сыйақы беруге уәде бергендіктен, оны өлтіргендер қытай елшісі арқылы Қапаған қағанның басын қытай астанасы Чананьға жөнелтті.

      Өздерінің ата жауларының көзінің жойылғанына мәз-мәйрам болған олар түркілерге қыр көрсетіп, Қапаған қағанның басын астанаға кіреберіске іліп қойды. Осылайша күллі түркінің басын қоспақ болған Қапаған қағанның басы да жау қолында қалды. Қапағанның тағына оның өзі көзі тірісінде-ақ мұрагер ретінде дайындаған ұлы Инел отырды. Бұл сол тұста өзінің жауынгерлік ерлігімен түркілерді мойындатқан, Екінші Шығыс түрік қағанатының негізін қалаған Елтеріс құтлық қағанның ұлы Күлтегіннің ашу-ызасын туғызды. Өйткені түркілердің заңы бойынша тақ мұрагері оның туған ағасы Мойынчор еді. Инелдің жүгенсіздігіне тиым салмақ болған ол, Ордаға басып кіріп, Инелді де оның бауырларын да қырып салды.

      Осылайша Мойынчор Білге қаған деген атпен тақты иеленді. Ол данагөй кеңесші Тұй-ұқұқтың (Тоныкөктің) тілімен қытайға бейбіт келісім-шартын ұсынып, әртүрлі көтерілістерден іргесі шайқалған қағанатты қайта нығайтуды көздеді. Білге қағанның осындай игі мақсаты мен өрелі істері оған арналған кешенде төмендегіше баяндалады: «…Түрік халқының атақ-даңқы өшпесін деп Тәңірі мені қаған отырғызды. Ең болмаса дәулетті халықты билемедім. Іші ассыз, сырты тонсыз, әлсіз, нашар халықты басқардым. Інім Күлтегінмен, екі шад, інім Күүлі-чормен ақылдастым. әкеміз, ағамыз иелік еткен халықтың атақ-даңқы өшпесін деп, түрік халқы үшін түн ұйықтамадым. Күндіз отырмадым. Інім Күлтегінмен бірге, екі шадпен бірге өліп-талып иелік еттім…ебтегі халықты өз-ішінен жауластырмадым (от-су қылмадым). Мен өзім қаған боп отырғанда жер-жерден босқан халық жаяу, жалаңаш, өліп-жітіп қайта келді. Халықты көтерейін деп терістікте оғыз халқына, ілгері қытай (қидан), татабы халқына, түстікте табғачқа қарсы онекі рет аттандым. Одан соң Тәңірі жарылқап, құт-бағым бар болғандықтан, өлімші халықты тірілттім…Аз халықты көп қылдым. Ығыр елдікті, ығыр қағандықты игі (тыныш) еттім. Төрт тараптағы халықты бағындырып бейбіт еттім, жаусыз қылдым. Көбі маған кірді».

      Ия, Білге қаған зор күш-қайрат жұмсап, байырғы Түркі қағанатын қайта қалпына келтірді. Ол қағанатты ыдыратпақ болған Аздарды, Ізгілдерді, Ұйғырларды алғашқы жылы-ақ күйрете талқандады. Қағанатқа қарсы шыққан Басмылдарды жеңіп, осылайша олардың Таң империясының әскерлерімен, Қидандармен, Хилармен жасаған одағын ыдыратып жіберді. Енді қытайдың түркітілдестерді өзара қарсы қойып, бөлшектеп ұстау саясаты жүзеге аспай қалды. Осыдан соң, келесі, 721 жылы, Таң империясы амалсыздан Білге қағанмен бейбіт келісім-шарт жасауға мәжбүр болды. Мұның өзі шын мәнінде қытай тарапынан Түркі қағанатының дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалуы еді. Бірақ күшті қағанат тағында отырған Білге қаған бақытсыздыққа ұшырады.