қарапайым халық тағдыры. “Бақсы” пьесасына – жас баланы емдемек болып, дәрі орнына тотияын беріп соқыр еткен бақсы надандығы арқау болса, “Ғазизада” – қыз тағдырының қиындығы сөз болып, Ғазиза атты кейіпкердің замана қасіретінің құрбанына айналуы көрсетілген. “Жер дауы” пьесасы қазақтың ең бір дертті мәселесі – жер дауына арналған. Онда Жұман деген байдың кедей жатақтарға көрсеткен зорлығы, оардың еш әділет таппауы. Екі жақты езгідегі қиын тағдыры көрсетілген. Бұл пьесада ағартушы-демократтар қолдаған отырықшылдық идеясы көтеріледі.
Кезінде жарық көрген бірді-екілі пьесалар да бар. Бұлар – Көлбай Тоғысовтың “Надандық құрбаны” (1915), Алматы уезінің начальнигі А.И.Лихановтың “Манап” драмасы (1913). К.Тоғысов пьесаны жазуға негіз болған жағдай туралы “Қайғы” деген атпен “Айқап” журналына шағын мақала жариялаған. Мұнда автор сол уақыттағы қазақ арасындағы әдет-ғұрыптың зиянды жақтарын, бақсы-балгерлердің жалған ем-домынан көрген ел азабын, ауыл өмірінің сорақы көріністерін әшкерелеп пьеса жазғанын айтады. Өз ойын қорыта келіп, пьесаны жазудағы көздеген негізгі мақсатымен таныстырады.
“Надандық құрбаны” пьесасы өмірдегі шындық оқиғадан туған. Автор әл-қадырынша осы шындық оқиғаны өз шығармасына арқау етіп, көркемдік шындыққа айналдыруға ұмтылған. “Бұл драманың бірнеше қаһармандары осы күнде де тірі” деген Көлбай алғысөзі – бұған дәлел. Пьесса авторы өз кейіпкерлері жас бала Жақыптың шешектен, Майсараның босана алмай, бақсы таяғынан өлуін қазақ надандығының дәлелі ретінде береді. Пьессаның бір желісі – әйел тағдырымен ұштасады. Байжан байдың үш әйел үстіне 16 жасар Хадишаны айттыруы, Хадиша мен Аспандиярдың тағдырының қосылмауы – әйел теңсіздігін көрсету деген талпыныс.
Жалпы, Көлбай Тоғысовтың “Надандық құрбаны” пьессасы – тасқа басылып, жарыққа шыққан қазақ драматургиясындағы тұңғыш тәжірибе. Оның надандық негізін әлеуметтік теңсіздіктен іздей білген, қат-қабат әлеуметтік мәселелерді осы жанр жүгіне айналдырған бұл саладағы алғашқы шығарма екендігі даусыз.
“Надандық құрбанымен” тұстас баспасөз бетінде жарияланған А.Н.Лихановтың “Манап” драмасы. Бұл драма “Айқап” журналының 1913 жылғы 14-21 сандарында Мұхамедғали Есенгельдиннің аудармасымен басылды. “Манап” драмасы қазақ тақырыбына жазылған өзге ұлт авторының шығармасы болғандықтан да “Айқап” осыны насихаттап, жариялаған. Дегенмен Лихановтың бұл дүниесі орта қолды ғана дүние еді. Өмір шындығын тану тұрғысынан, эстетикалық, көркемдік сапа тұрғысынан тіптен әлсіз шығарма болатын. Қазақ тұрмысынан алынғанмен, қазақ салт-дәстүрі бұрмаланған, қазақ ұғымында ұят-ерсі болып көрінетін қылықтарды шындық ретінде көрсетіп, ұлттың намысына тиген бұл пьеса өз кезінде-ақ қазақ зиялыларының өткір сынына ұшырағанды. Сондықтан да бұл драмаға тоқталып жатудың қажеті шамалы.
Жалпы алғанда, ХХ ғасыр басында әдеби ізденістердің бір көрінісі осы жанрлық тұрғыдан баю болып табылады. Мұнда әсіресе проза жанрының