кафедрасына аспирантураға түсіп, кейін «Теміреткі ауруларының микробтарына дәрі-дәрмектің әсері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
Бір кездері лекция тыңдайтын аудитория мінбесінен енді Рәпияның өзі лекция оқиды. Болашақ мамандардың ұстазы. Студенттердің лекцияға үзбей қатысуына да, үлгеріміне де, тәлім-тәрбиесіне де назар аударады. Олармен жиі әңгімелеседі, жағдайын біледі, ақыл-кеңесін айтады. Қоғам жұмысына да белсене араласады, факультет партия бюросының құрамында. Ол КПСС-ке сонау майдан шебінде жүрген кезден мүше.
Ғылым жолындағы көп ізденіс нәтижесінде Рәпия Мақашева докторлық диссертацияны ойдағыдай қорғады.
Мақашева жолдас қазір медицина институтының тері аурулары кафедрасының профессоры, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген дәрігері. Бұл атақтар оған ғалымдық, ұстаздық, партиялық, адамдық парыздарының биік деңгейінен көрінгендіктен берілді. Рәпия өз мамандығынан қаладағы емханаларға да консультациялар беріп тұрады. Ғалымның уақыты бұған да бөлінеді ғой. Бірақ жасынан уақыт үнемдеуге дағдыланған ол бәріне де үлгереді.
Рәпия өзі жап-жас. Мұның сыры тынбай еңбектенуінде болар. Иә, оны үнемі жұмыс үстінде: лекция оқып тұрғанда, жатақханада студенттер арасынан, емдеу орындарында консультация беріп отырған жерінен, қолына кетпен алып, ағаш түбін баптап, қала сыртында ой еңбегі мен дене еңбегін ұштастырып жатқанда, үй ішінің тауқыметімен дүкен аралап жүргенде көресіз. Осының бәрін орындауға мол қайрат, сарқылмас жігер керек қой, ал Рәпия Мақашевада бұл жағы жеткілікті болса керек.
– Еңбек – денсаулықтың да, абырой-атақтың да, бақ-дәулеттің де көзі, ол мәңгілік, – дейді Рәпия.
– Иә, дұрыс айтасыз, Рәпия, еңбек ешқашан зая кетпейді.
ШҰҒЫЛАЛЫ ШАҚ
Бұл семьяның өмірі басқа да осындай бақытты отаулардай туған республикамызбен бірге гүлдеп, дамып келеді.
Бүгінгі сөз Жұмат ұрпағы хақында.
1. Іңір
Қолы дірілдеп, басы айналды. Көз алды күліңгірленіп, алдында жатқан газет бұлдырап кетті. Жасаураған жанарын бет орамалмен сүртті де, әнтек күрсініп, жауырынын жастыққа тіреді. Қолындағы қалыңдығы қарс келетін нән кітап топ етіп жерге түсті. Ол жерге түскен кітапты әзер иіліп барып көтеріп алды да, мұқабасын бипаздай сипап, манағы орнына қойды. Сосын жастыққа сұлық түсті. Демалысы жиілеп кетті. Дірілдеген қолымен стол үстінде тұрған шыны құтыны алып, тығынын әзер ашты да, сұйық дәріні шіміркене жұтып жіберді.
«Кәріліктен қашып құтылған жан бар ма екен жалғанда?! Әһ!.. Шаршайды екенсің. Соның өзі рақат. Әл-дәрмен құрып отырғанда тындырған ісің ойға оралар болса, тынысың кеңіп сала береді. Иә, солай…».
Ол кеудесін көтеріп, тіктеп отырды. Сосын үстел үстінде жатқан ірілі-уақ он шақты кітапты ептеп алып, алдына жайып қойды да, әрқайсысының мұқабасын манағы бөз орамалмен би- паздап сүртті. Сүрткен сайын олар жаңара түскендей. Қарттың әжімді,