олардың қолқа салуына орай, Қазақстандағы қазақ тіл білімінің өркендеу жайы мен зерттелу бағдары жөнінде бірнеше дәріс оқуыма тура келді. Мұнда білім алып, болашақ филология мамандығына әзірленіп жатқан қазақ, ұйғыр, қырғыз, ханзу, дағұр, моңғол, татар, өзбек, тәжік жастарына дәріс оқуда қазақ тілі халықаралық қатынас құралына жарағаны мені іштей қуантып, тіпті толқытып жіберді десем артық емес шығар. Сүйікті менің ана тілім – қазақ тілі деп мақтанып қалдым.
Қазіргі билингвизмнің (екі тілді егіз жүргізу, қостілділік) өрістеу нәтижесінде тілдік интерференция (бір тілдің екінші тілге басымдық ықпалының қабаттаса жүретін еліктеу мәніндегі әсері) құбылыстары да біршама байқалмай қала алмайды. Мысалы, қазақ және қытай тілін белгілі дәрежеде жетік меңгерген кейбір интеллигенттер қазақ тіліндегі діріл р дыбысын ызың дауыссыз ж дыбысына ұқсаңқыратып айтады. Ал қытай тілінде дірілмен келетін таза р дыбысы жоқтығын ескерсек, қазақша сөйлейтін кейбір қытай азаматтарының тілінде барамыз, баламыз деген сөздерді ажыратып алу қиын-ақ, «баламаза» дейді. Әрине, тіл мәдениетінің даму барысында бұл ерекшеліктерді ескере отырып, оның дамуына дұрыс бағдар беріп, шын мағынасындағы билингвизмнің өрістеуіне мән берген жөн.
Қытайдағы аз ұлттардың тілдері мен ауыз әдебиетін зерттеу Қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы Этнография институтында да жүргізіледі екен. Бұл институтта елуінші жылдары Кеңес елінің атақты лингвисі, профессор Г.П. Сердюченко ұлт кадрларын дайындауға айтарлықтай еңбек еткен еді. Институт қазірде социолингвистика саласында аз ұлттар тілдері бойынша еңбектер шығарумен шұғылданады. Соңғы жылдарда ұйғыр, сарыұйғыр, салар, татар, қазақ, қырғыз тілдері жөнінде зерттеу еңбектерін шығарып, әр тілдің фонетикасын нақты эксперименттік тұрғыдан зерттеуге бет бұрған. Осы институтта орыс тілінде «Тіл және этнос» деген тақырыпта баяндама жасадым. Мен жасаған баяндамаға түркітанушы Чэн Вей деген орта жастағы әйел тілмаштық жасап, өзара пікір алысуға толық мүмкіндік туғызды.
Адам мен адамды, халық пен халықты жалғастыруда газет-журналдың, баспасөздің мәні де керемет-ау… Біздің бұл сапарымыз жөніндегі хабарында Пекинде шығып тұратын «Ұлттар» журналы: «Чжунго – Совет оқу-ағарту селбестік жоспары бойынша елімізде сапарда болған еді», – деп жазды. Көркем-суретті, түрлі түспен безендірілген бұл журнал қытай, моңғол, тибет, ұйғыр, корей және қазақ тілдерінде айына бір рет шығып тұрады. Оның жауапты редакторы Мұрат Кәртеңбайұлы мен оның зайыбы аудармашы – редактор Әмина Шортанбайқызы ел мен елдің байланысын нығайтуға ықыласты екендігін өздерімен жеке кездескенде де және баспасөз бетінде де айқын көрсетті. Сондай-ақ Пекиндегі көп тілде ай сайын шығатын басқа журналдардың ішінде көркемсуретті «Халық» (он тоғыз тілде шығады) және «Қызыл ту», «Ұлттар ынтымағы» журналдарының қазақша бөлімінің қызметкерлері – Дәкен Шижуми мен Нұртай Қиясбекұлы кездесті.
Қазақ тілінің нағыз майталман білгірі, қытай