батыр есімізге түседі. Оның шын есімі – Ерасыл, ал Қабанбай – кейін ер жете келе айдар болып тағылған аты. Бала кезінде бітімі кесек, тұлғалы Ерасылды жеңгелері «Нар бала» десе, жезделері қайрат-күшіне, батылдығына сүйсініп, «Қабан» атайды. Ер жете келе жойқын күшімен, алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен танылған батырды серіктері «Қабанбай» атап кетеді. Ел-жұртқа да сол «Қаракерей Қабанбай» деген атпен мәшһүр болады.
Ал «Кежегесі* кері кету», «кежегесі кейін тарту» деген сөз тіркестерінің ауыспалы мағынасы – бір іске зуақы соқпады, мойны жар бермеді, тартыншақтады, өзіне сенбеді деген мәнде ұғынылады.
*Кежеге – бас сүйектің желке тұсы.
АТ ҚҰЙРЫҒЫН КЕСТІ
Қайта айналып келместей болып ренжіп, өкпелеп кетті деген мағынаны береді.
«… „Қара қылды қақ жарған“ немесе „айттым – бітті, кестім – үзлді“ деген тіркестер осы билер шешімімен тікелей байланысты. Енді „ат кекілін кесті“, „ат құйрығын кесті“ деген сөздердің „байланысын үзді“, „ренжісіп кетті“ дегеннің ар жағындағы тасаланған мағынасын қарастырайық. Кейде, әсіресе, құн дауымен байланысты жағдайларда бидің шешімімен келіспейтін де жағдайлар болады. Оны құн даулаушылар әдетте былай білдіреді: мәселен, жақыны кісі қолынан қаза тапқан адам алқалы топқа сол өлген туысының атын жетелеп келеді де, көптің алдынды оның кекілін, құйрығын кесіп, тұлдайды. Сөйтіп, „біз бұл шешімге риза емеспіз, бәрібір кегімізді қайтарамыз, қарсы жақ, соған дайын болыңдар“ дегенді аңғартады…» (Н. Уәлиұлы, 9.).
АТАЛАСТЫҢ АТЫ ОЗҒАНША,
АУЫЛДАСТЫҢ ТАЙЫ ОЗСЫН
Бұл – көршілердің, ауылдастардың өзара ыстық сыйластығы, бауырластығы негізінде туған мақал.
«Кейде үлкен рулар мен аталастардың қоныстары бір болады. Ал, кіші рулардың, әсіресе, аталастардың қонысы міндетті түрде тұтас келеді.
Әр ауыл негізінде бір атаның баласы бола тұра, ішінде өзге, кейде алыстағы аталар мен рулардан келетін «кірме» дейтіндер де болады. Оларды «қоңсы» деп те атады… Аталық пен қоңсы арасы ұрыс-жанжалда көрінеді. Аталықтар – басым, қоңсылар – қорғаншақ. Дегенімен, аталықтар «Көрші ақысы, тәңір ақысы» десе де, «отты көсей берсең өшеді, көршіні қуалай берсең көшеді», «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», деп қоңсыны сыйлайды». (С. Мұқанов, 77. 68-б.).
АТҚА ҚОНДЫ
«Атқа отырды – бұл сөз тіркесін де жиі қолданатын болдық. О заман да бұ заман, атқа отырмайды, мінеді. Тіпті „жаппай атқа қонды“, – дейді. Орындыққа, таққа, арбаға көбіне отырады дейді. Бұл орысшадан тікелей аударма болса керек. Орыс тілінде: „Он сел на коня“ немесе „Сесть на коня“ делінеді ғой. Орыс тілінде атқа міну деген сөз жоқ. Атқа отыру дейді. Басқа тілге иек сүйей бермей, өзіміздің құдай берген татымды да шұрайлы тілімізде сөйлеп, жазғанымыз жөн». (Е. Бейсенбек. 9. 18.11.1993.).
Осындайда «Ат – ердің қанаты» деген мәтел еске түседі. Яғни, халқымыз атты ұшқыр құсқа теңейді. Содан атқа мінуді де «атқа қонды» деп құсқа лайықты метафоралық