Қанат Жойқынбектегі

Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап


Скачать книгу

мен бұларды білемін. Ешкімге зияны жоқ, балық аулап жүрген орыстар» – дедім. «Олай болса, жіберіңдер», – деді ол. Бұл да әділдік емес пе? Тек айтқаны, орыс жерінде өзендер көп, балықты содан барып аулаңдар деді. Сол күні күн бата Кенесарылар оңтүстікке қарай жүріп кетті. Арада үш күн өткен соң орыстың бір бастығы келіп тұр. Қасында мен босаттырған орыстың бірі бар. Кенесарыны конақ еткенді біліп келген болуы керек, маған тиісе бастады. «Ол патшаның жауы, сен оны үйіңде неге қонақ етесің?».

      «Мен оның кімге жау екенін білмеймін. Үйіме келді. Қазақ тәртібімен қонақ еттім. Міне, сен келдің. Сені де қонақ етемін. Отыр!» – дедім. Ол отырмады. Қасына ерген, мен босаттырған орыстан сұрады.

      Әлгі орыс бастығынан қорықты ма, менің айтқаным жалған деп айта бастады. Қаным қарайып кетті. Қасындағы татар тілмаш жағдайды айтып, зорға түсіндіріп, әрең құтылдым. Бұл орыстардың да жақсылыққа жамандық жасайтыны бар екен. Соны білдім. Сонда әлгі орыстарға жаман ренжідім.

      – Леке, ондай адамдар кез келген халықта болады. Ол соның арасында бір шен алғысы келген адам болар. Ол үшін жалпы орысты жамандамаңыз.

      Лау үндемей қалды. Осымен сөз бітіп қалғандай болды. Дегенмен Лау Шоңның мына сөзін жақтырмай қалғандай.

      – Болыс болған соң солай сөйлеп отырсың ғой.

      – Солай сөйлеу – менің міндетім.

      – Сен кешегі Жанкелді ұрпағысың. Олай сөйлеу саған жараспайды.

      – Заман солай сөйлетіп тұр. Оған көнуіміз керек. Онсыз болмайды. Бірақ та орыстардың айтқанын жасай отырып, қазақ жағдайын да ұмытпау керек…

      Лау бұл сөзді түсінді ме, түсінбеді ме, әйтеуір бұдан кейін сөзді көбейткен жоқ, үндемей қалды.

      Танертең тамақ ішкен соң олар жүріп кеткен. Асықпай жүріп отырып кешкісін Ақмолаға жетті. Шоң болыс болып кеткелі Әйімкүлге сан келген. «Тамағы тоқ, көйлегі көк» дегендей жүріп жатқан. Қаниса қызындай етіп ұстап отырған. Бұлар келгенде үйде Карбышев отыр екен. Оның анда-санда Қаниса мен Аққыздың халын біліп тұратын әдеті бар еді.

      – Шоң Телкозинович, келіп қалдыныз ба?

      – Семен Иванович, мына үш адам болашақ билер, әдейі сізбен таныстыру үшін әкелдім.

      Ояз Шоңның мына би етуге алып келдім дегеніне онша мән берген жоқ. Карбышев қазақ билерінің орыс шенеуніктері алдында беделі жоғары тұруын ұнатпайтын. Сол себепті, болашақ билер деген сөзге көңіл аудармады. Шоң оның билерге мұндай көзқарасын жақсы білетін. Жалпы, ол қазақта осындай билік басты адамдар болатынын ұнатпайтын. Жоғары жақ билерді қолдаған соң, амалсыздан көнгендей түр көрсетіп жүргенін Шоң білетін. Мұнысын түсініп отыр еді. Содан ба, билер туралы сөз қозғамай, Карбышев Шоңмен біраз отырып ананы-мынаны әңгіме етіп кетіп қалған. Ол кеткен соң Қаниса айтты:

      – Шоң, сенің осы жерден кетуіңнің қажеті жоқ еді.

      Бұл сөзді Әйімкүл ықпалымен айтып отырғанын түсінді. Қазір патшаның саясаты туралы айтса сөз көбейіп кететінін білді. Ертеңгі күні ол Карбышев құлағына жетіп қалуы да мүмкін еді. Қаниса өзіне жамандық ойламайтын, алайда, сөз ретіне қарай