арнап бір құран шығарыңыз кейін. Содан ол кісінің аруағы да, мен де риза боламын, – деп бастай келіп Шоң көкейінде тұрған сөзін айтты, – Шәке, кім болыс болмай жатыр? Бір жағынан менің болыстығымды сыйлап беріп отырған шығарсыз. Олай болса, бұл тоныңызды кимеймін.
– Болыс көп болғанмен, солардың ішінде саған жетері жоқ. Сен айрықша болыссың…
– Шәке, оны қайдан білесіз? Менімен бірге жүрген адамдай сөйлейсіз…
– Менде құлақ бар, елде жеткізетін тіл бар. Елден естіп отырамын. Қалың қазақ жайдан жай мақтамайды. Ел көңілінен шыққан бір шаруаларың бар ғой. Кешегі хан болған Кенесарыны да мақтағам жоқ. Сенесің бе, сенбейсің бе, өмірімде ешкімді мақтаған адам емеспін. Мен турасын айтып саламын. Бұл арада ешқандай мәймөңке жоқ.
– Мына сөзіңіз жалған болса да сенуге тура келеді. – Әлі де күдігі арылмаған Шоң әзіл араластырып сөйлегендей етіп айтқан. Оның мына сөзіне Шөміш ренжіп қалғандай.
– Мен осы қартайған шағымда сені мақтап, сенің алдында жақсы көрінейін деп отыр деймісің. Сөздің шынын айтып отырмын.
Шоңның бұдан да айтатын сөзі бар еді, балаңның ертеңін ойлап беріп отырсың деп айтпақшы болды да, бірақ айтпады. Шалдың көңіліне келіп қалатынын, Әлсеннің де ертеңгі күні өкпелейтінін білген еді.
Өзін мақтаушылар соңғы кезде тым көбейіп кеткен. Кейбіреуі көзін бадырайтып койып айтады, сонысы ұнамайтын Шоңға. Ыңғайсызданып қалады, солары жараспайтын сияқты. Олар мақтау емес, болысқа жағыну, жалбарыну, бірдеңені тапсыру үшін күн ілгері осылай сөйлеп отыратынын болжайтын. Сондай шамадан асып бара жатқан кейбіреулерін тоқтатып тастап отыратын. Қазір де Шөмішке соны жасамақшы болды, бірақ жасамады. Ондайда әкесі Шоңға ренжіп, сен адамның көңіліне қарамайсың дейтін. Ондайда Шоң әкесіне: «Телқозы, сен түсінбей отырсың бұлардікі болысқа жағынудың бір белгісі емес пе, ертеңгі күні оны ісіммен, сөзіммен қайтаруым керек. Ал мұны мен әркімнің көлгір сөзіне қарап орынсыз іс жасағым келмейді» – дейтін.
Шөміштің сөзін жақтырмай, әлі де құбылмалы көңілде отыр еді. Дегенмен, қадірлі шалға қарсы келуді лайықсыз көрді де, үндемеді. Қасқыр ішігін қанша алғысы келмей тұрса да, алды. Алмаса тентек шал жанжал шығаратынын білді. Ертеңінде атасының ауылына жүріп кеткен. Жолда келе жатқанда Әлсеннен сұрады:
– Осы әкең маған қасқыр ішікті сен би сайланған соң беріп отырған жоқ па?
Әлсен Шоңның мына сөзін жақтырмай қалды да, Шоң көңілінен шығатын бір сенімді сөз айтқан сол жерде:
– Алдыңғы жылы Қаржастан Шорманның Мұстафасының баласы келіп қонақ болып, сонда осы ішікті көріп маған бер дегенде, мен өлгенде келіп сүйегіме түсіп аласың, тірі күнімде бермеймін деген. Саған қалай бергеніне мен өзім де таң қалып келемін.
Шоңның тереңнен ойлап сөйлейтіні болғанымен, кейде кейбіреулердің сөзіне ренжіп қалып, асығыс бірдеңе айтып тастайтыны да болушы еді. Әлгі арада сөйткенін түсінді. Енді Әлсен аузынан әлгі сөзді естіген соң, басқаша сөйледі.
– Олай болса әкең шын көңілден берген