Қанат Жойқынбектегі

Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап


Скачать книгу

сонша, Шоң содан түскі тамаққа да тұрмады. Содан біржола жазуға беріліп кеткенін біліп Әйімкүл де тамаққа шақырып мазаламаған. Бесіндікке дейін отырған ол, орнынан көңілді тұрды.

      – Әйімкүл ішіп-жейтін бірдеңең бар ма? – деп сұрады. Бұл жазу ойынан шыққан соң куаныштың белгісі еді. Жазуы сәтті шыққанда оның осылай жақсы күймен орнынан тұратынын Әйімкүл білетін.

      Өзіне арнап жасалған түскі тамақты қайта жылытып дастарханға қойды. Әйімкүл екі-үш сағат тұрып қалған тамақты күйеуіне бермейтін. Баяғыда, анау Ақмолада тұрғанда бір жаққа шаруамен барғанда ұшынып қалғанын білетін, содан бері Шоң тамақты көбіне бөлек салғызып жейтін. Содан түн асқан түгілі, күн тұрған асты бермейтін. Шоң сұрап тұрған соң қайыра тамақ дайындауға мұршасы болмай, түсте дайындалған тамақты берген еді. Бұл ешкімнің қолы, аузы тимеген ас еді. Шоң өзінің биязылығына салып, асықпай ішіп-жеп сыртқа шығып кеткен.

      Әкесі туралы да, Аралбай Кеттебек туралы да – бәрін бір сәт ұмытып, әлінше жазу үстелі басында туған ойлары қайта туындап, тыста жүре алмай тағы жазуға отыруға келе жатқан. Мұндайда айналада болып жатқан жағдайларға да мән бермейтіні бар. Тіпті, көрмейді деуге болады. Ішкі ойлар жетегіне беріліп сыртқы дүниенің бәрін ұмытатын әдеті еді. Шоң казір сондай күйде болатын.

      Шоң жаза бастағалы мұндай сәттілік жиі болмайтынын түсінген. Ондайда қайта жазуға отыратыны болушы еді. Қазір сондай күйге беріліп, үйге қарай кері бұрылған. Кенет тура өзіне жақындап келіп қалған әкесін бір-ақ көрді. Жетегінде екі аты бар. Тура қасына келіп тоқтады.

      – Мына аттарыңыз не?

      – Мынауы айғыр. Етті орыс жылқысының тұқымы көрінеді. Бір өзінен қазақтың екі жылқысының еті түседі дейді. Сондықтан тұқым алу үшін екі айға Кеттебектен сұрап алдым. Қасында үйірі болмаса жылқы да тұрмайды ғой. Сол себепті, мына биесін қосып берді. Екі-үш биені айғырдан шығарып алған соң өзіне қайтып беремін.

      Шоң әкесінің бұл қылығын жақтырмады. Көңілі онша емес адаммен жасап жүрген мұнысы дұрыс емес екенін айтса қазір әкесін ашуландырып алармын деп, үндемеді. Сонсоң екі жылқыға назар аударды. Екі жылқыны көзбен шолып өтті. Бойшаң, денелі, арқа-жоны жалпақ малдар екен. Әкесі айтса айтқандай, қазақтың екі жылқысынан шығатын еті бар әрқайсында. Соны түсініп тұр еді.

      – Кеттебек бұл жылқыларды қайдан алған?

      – Ақмола базарынан сатып алыпты…

      – Сіз сонда сан барып тұрасыз, осындай тұқымнан сатып алмайсыз ба? -Бұл сөзі әкесінің Кеттебектен жылқы алғанын жақтырмағанының белгісі еді.

      – Бұл жылқылар қыруар ақша көрінеді. Сатып алып жүргенше осы дұрыс емес пе?

      Шоң әкесінің сараңдығын осы жерде тағы мына сөзінен көріп қалғандай болды. Алайда Шоң үндемеді. Дегенмен Кеттебектін жайдан-жай жанаса бермейтінін түсініп тұр еді. Әкесінің өзіне бұл берудің артында Кеттебектің бір талап, тілегі тұрғанын топшылады. Әлгі қысқа әңгімесі негізгісінің бастауы ғана екен, Телқозы сәлден соң