Қанат Жойқынбектегі

Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап


Скачать книгу

Алдында іргелеріне бір топ орыстарды әкеп қоныстандырғанда ауыл иесі Қожамжар үйінде жоқ еді.

      Шоң келгенде Қожамжар өзінің әдетінше үй іргесінде көлеңкелеу жерде отыр екен. Шоң келіп сәлем берді. Ауыл иесі Қожамжар Шоңның болыс сайлауына қатыспаған. Шоң шақыртқан тойға да келмеген. Қожамжар қасына жайғасқасын сөз бастады.

      – Қожеке, сіздің осы Нұра бойына келіп қоныстануыңыз бір көрегендік шаруа болды. Ана Сегізкөңде қалған туысқанды да көшіріп алыңыз.

      – Сен, Шоң, орыстарды менің қасыма көшіріп әкеліп, оларды үркітіп жібердің. Өткен жолы сен келгенде, мен соларға барып сөйлесіп келіп едім, орыстар отырған жерге бармаймыз енді дейді олар.

      – Сіз оларға Шоң көшіріп әкелді дедіңіз бе?

      – Шындықты айттым, енді не деуім керек?

      – Қате айтқансыз, оларды көшіріп әкелген мен емес, жоғары жақ. Ана туыстарың да көшіп келсін. Бүкіл Жабағылар бәрі осында келсін. Сонда мына іргеңде отырған орыстардың өзі көшіп кетуі мүмкін. Әйтпесе, тағы да көшіп келеді.

      Қожамжар Шоңның аузынан мына сөзді естіп қорқып, бір жағынан қуанып қалды.

      – Сен енді болыс болдың, сол Сегізкөңде отырған Жабағылардың арасында үгітті өзің жүргіз. Мен айта-айта шаршадым.

      – Қожеке, оларға ғана емес, басқаларға да үгіт жүргіземін. Сіз де қарап отырмаңыз, ана Елгелділерді де осы жаққа қарай келуге үгіттеңіз.

      Қожамжар орыстар көшіп келгелі Шоңға ренжіп жүрген. Мына туыстарды көшіріп ал деген сөзіне риза болып қалды. Әсіресе, орыстардың өздері кетеді деген сөзі көңілінен шықты. Бойына бір үміт ұялағандай. Енді басқаша сөйлеп кетті:

      – Сенің болыс болғаның қиын заманға дөп келді. Жолың болсын! Бізде тілектестіктен басқа не бар…

      – Қожеке, мен атқа мінгеніммен, менде билік жоқ. Бәрін анау жоғарыда отырған орыстар шешеді. Менің айтып жүргенім елге ақыл ғана. Байқаймын, Телқозыдан бастап менің тілімді ешкім алмайтын тәрізді. Жабағылар басқаларға үлгі көрсетуі керек. Анау Сегізкөңде қанша Жабағылар отыр?

      – Жабағылардың негізі сонда отыр ғой әлі де.

      Шоң баяғыдан естіп жүрген, Жабағылар қасында отырған Елгелділермен жерге таласып, жанжалдасып, тыныш отырмайды деген сөз құлағына әкесінен жеткен. Ақыры соған шыдай алмай мына Қожамжарға қараған бір топ Жабағылар осы жерге көшіп келгенін білетін. Қожамжар отырып сұрады:

      – Ертеңгі күні тағы да осы жаққа орыстар қоныстануы мүмкін бе?

      – Мүмкін. Бұл патшаның не ойлап отырғанын білуге болмайды. Тура сіздің қасыңызға келіп қоныстанбаса да, басқа руларға зияны тиетін жерге келіп орналасады. Содан дау, реніш туады. Сол жайында айтып отырмын ғой. Оған қоса анау Елгелділерді де үгіттеп, осылай қарай көшіру керек…

      – Шоң бауырым, өзің не айтып отырсың? Осылай қарай солармен сиыспағандықтан келдік ғой…

      – Есіңде болсын, орыстан гөрі солар жақын. Қазақ пен қазақ ренжіссе ертеңінде ұмытады. Өйткені, негізіміз бір халықпыз. Баласы Түсіп Елгелділерден қыз алып отырған. Мына