Қанат Жойқынбектегі

Ел Шоңы. Бесінді. III кітап


Скачать книгу

екі тұқымын көрген. Шоң тұрып айтқан казактар бастығына:

      – Ана екі атты тастап кетіңдер, – деді. Ол сөзге түсінбей:

      – Неге? – деді.

      – Мен генералға жүз жылқы беремін дегенмін. Жүз екі жылқы беремін деген жоқпын.

      Аз уақыт бірге болғанда казактар Шоң мінезін түсініп қалған. Ештеңе айтпады, тастап кеткен болатын. Олар кеткен соң Шоң айтты әкесіне:

      – Сіз анау Елгелділерге анау жүйрігін апарып беріңіз!

      – Неге апарамын? Мен ана орыстарға төрт жылқы бердім.

      – Телқозы, екі ауылдың арасында жанжалды тағы қоздырғалы отырмысың? Апарып бер деген соң, апарып бер!

      Телқозы Шоңның бұл сөзін түсінді де апарып берген. Ақсары Мұхамеджан екі жүйрікті алып келгенде Байсары қорқып кеткен. Не істерін білмей қалды. Шоңның қандай істі болсын аяқсыз қалдырмайтынын білетін. Сөйтіп жүргенде інісі Еркесары қайтыс болды. Ақсары білетін, соңғы даудың бәрі ағасы қайтыс болғаннан туындап жүргенін. Шоң аулына хабарлауға інісі Байсарыны жіберген еді. Ерназарларға хабар келді. Телқозы барғысы келмеп еді. Шоң айтқан:

      – Таубай аруағы үшін барып қайтайық.

      Телқозы Шоңның бұл сөзінде бір жөн барын сезіп, барған еді. Бұл келіс екі ру арасын не жақындатқан, не алыстатқан жоқ. Бір түсініксіз жағдайда қалған еді. Екі жақ та үндемей жүре берді. Бірақ іштерінде бір-біріне деген ашу бар еді.

      Беймәлім жігіт

      Шоңның кейде табан аудармай төрт-бес күн отырып жазу жазатын әдеті бар еді, бұгін басы ауыра бастаған соң қойған. Соңғы кезде анау жас кезіндегідей, қолына қаршаға алып көл жағалап кететін әдеті болушы еді. Бүгін де сөйткен. Таңертең тамақ ішіп алған соң колына өзі ұнататын көк қаршығаны қондырып алып таяу жердегі көлге кеткен. Әдетте, жас кезіндегідей ауылдан шалғайда жатқан құсы көп көлдерге бара бермейді, осы маңайдағы, ауыл іргесіндегі көлсымақтарға барады. Шынында сыртқа шығып біраз жүргеннен кейін басының ауырғаны басылып кететін. Бүгін басының ауырғаны басылған соң, жазуға бір шабыты ашылды ма, көл жағасында көп жүрмей, ауылға қайтқан.

      Ел болған соң дау-жанжалсыз болмай тұрмайды. Кеше Жабағылар ауылынан бір кедей адам іргеде отырған орыстар бір сиырын ұстап алып бермей отырғанын айтып келген. Шоң бәрін түсініп отыр еді, огородтарына түскен соң ұстап отырғанын білген, содан оған ұрсып, олардың егініне неге малдарыңды жібересіндер деп, біраз реніш білдіріп жіберген. Шоң бәріне түсінген. Бұл арада мына адамның шаруасында қисықтық бар екенін білген, сондықтан Захар заемкасының старостасымен сөйлескісі келмей отыр еді. Сиырды қайтарғанымен өзіне тағы бір талап қоятынын білді. Салықты азайтуды сұрайды. Содан кейін әрі-бері ойланып Ахметжанды жіберген. Мұндағы тағы бір ойы Шоңның Ахметжанының іскерлігін сынау болатын. Соңғы кезде ауыл арасындағы дауға билермен қатар Ахметжанды жіберуді әдетке айналдырған. Әкесінің айтуы бойынша оны болыстық жұмысқа, шаруаға баулып жүрген еді. Ахметжан да ертеңгілік әкесі жұмсаған шаруаға барғысы келмей, зорға кеткен.

      Шоң алдында Ахметжанды Ақмолада орысша біраз оқытқан, не екенін білмейтін, орысша оқуға құмарлығы