Клара Қабылғазы

Телерадиожурналистика


Скачать книгу

КГБ деген атаулар адам ғұмыры үшін, солардың жертөлелерінде атылған сан мыңдаған адамдардың өмірі үшін айыпталды. XX съезде басталған саяси науқан ұзаққа созылып, үкімет басына Л.И. Брежневтің келуімен жалғасты. Әр кезең басшылары өзіндік бір саяси науқанмен есте қалатыны тарихта белгілі. Ал кейінгі хатшы Қазақстандағы игерілмей жатқан шексіз алқапты орыстандыру саясатын бастады. Ол «Тың және тыңайған жерді игеру» деген атпен тарихта қалды. Қазақстанның бүкіл жайылымдық жері қыртысы қопарылып, ен дала егіс алқабына айналды. Тың жерді игеру бүкіл радиохабарлардың өзегі, көркемөнердің негізгі тақырыбы болды. Кинофильмдер де түсіріліп, музыкалар жазылып, қаншама романдарға арқау болды. Ресейдің түпкір-түпкірінен кезекті «переселендік» кезең басталып, ағылып жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген басқа ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қонақжай қазақ халқы кезекті саясаттың тағы да құрбанына айналды. Жер құнарлылығынан айырылып, эрозияға ұшырады. Жергілікті халық ұлттық қасиетінен ажырап, тілі шұбарланып, басып бара жатқан бөгде мәдениеттің, жат жұрттың илеуінде қалды. Қаншама рет зобалаңның, аштықтың, репрессияның құрсауына түскен жергілікті ұлт тағы да бір «соғыссыз саяси майданның» шырмауына түсті. Әрине, мұның бәрі Қазақ радиосынан да, басқа БАҚ-тың материалдарынан да басқаша түсіндіріліп, «үкімет қамқорындағы» деген нақышпен берілді.

      1957 жылы радио Мәдениет министрлігінен бөлініп, Радио және телевизия жөніндегі мемлекеттік комитет болды. 1960 жылдың қазанынан бастап Бүкілодақтық радио тәулік бойы жұмыс істеп, хабар тарататын болды. 1961 жылы радиодан дүниені дүр сілкінткен ақпарат таратылды. Ол 12 сәуір күні ғарыщқа тұңғыш рет адамның ұшқаны туралы болатын.

      1962 жылы Қазақ радиосында «Юность» атты жастар бағдарламасы ашылды. Қазақ тілінде «Ұшқын», «Құрдастар» деп аталатын бағдарламалар жастардың сүйікті арнасына айналды. 1964 жылдан ақпараттық-музыкалық «Маяк» радиостанциясы жұмыс істей бастады. Кейіннен осы радионың қазақша пішіні «Шалқар» болып Қазақ радиосында ашылды. Ұлттық бояуға қанық, ұлттық музыка, мәдениет, салт-дәстүр, тағылым, т.б. арқылы ерекшеленетін бұл радио халықтың сүйікті арнасына айналды. Алайда арна жабылып, шығармашылық ұжым таратылып, басшылар тарапынан үлкен қателік жасалды. Кейіннен қайта ашылуға рұқсат етілген-ді, бірақ арна тыңдарман аудиториясын біраз жоғалтып алды. Ал «Шалқардың» құрдасы болып өмірге келген Ресейдегі «Маяк» радиосының мерейтойлары ұлттық үлкен мереке ретінде тойланып өткендігі баршаға мәлім болатын.

      1965 жылы гитлерлік Германияны жеңудің 20 жылдығы барлық ақпарат майданы жауынгерлерінің тіліне тиек болды. Соғыс ардагерлерін марапаттайтын деректі-көркем циклды хабарлар көбейді. Бағдарламалар көптеп ашылды. Деректі әңгіме, радиокомпозиция, радиоочерк, радиофильмдер деген жанрлар молая түсті. Әрі қарай қоғамдық саяси науқандарға жол берілді. Ұлы Қазан төңкерісінің 50 жылдығы, В.И. Лениннің 100 жылдығы сияқты мерекелер бірінен кейін бірі хабарлар желісіне айналды. Концерттер