да болар Семейдегі мұғалімдер даярлайтын курсты бітіріп, туған жері Баянауылда балаларға сабақ беруді мұратына айналдырған. Ал Самарқанттың университетін бітіргенде оның жасы қырықтан асып кеткен болатын. Оның үстіне үлкен отбасының иесі. Түркі тілдері бойынша кандидаттық диссертация қорғаған Жұмекең Республиканың Ғылым академиясында бөлім меңгерушісі болып істеді. Қазақ энциклопедиясында көрсетілгендей ол қазақ тілі диалектісін зерттеудің іргетасын қалаған алғашқы ғалымдардың бірі.
Шешесі хат танитын, шаруашылықпен қатар үлкен шаңырақтың бар қиыншылығын көтере білген, ерінің орнын жоқтатпайтын білікті жан болған. Іс тігіп, кілем, алаша тоқитын, текемет басып, ірімшік, құрт қайнататын. Сондықтан да болар қиын-қыстау ашаршылық жылдары аналарының бұл қасиеті отбасын көп қатерлерден аман-есен алып шықты. Осынау ауыртпашылықтарға қарамастан ата-аналары барлық балаларына бірдей білім беруге тырысты. Ол кейін өз нәтижесін берді де.
Үлкен ағасы Әубәкір Жұматов соғыс алдында Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясын бітіріп, Қазақстанның ауылшаруашылығы Наркоматында жұмыс істейді. 1943 жылдан 1959 жылдар аралығында Қазақ ауылшаруашылығы институтының директоры болды. Оның басқаруымен институт соғыс және одан кейінгі жылдары оқу орнының материалдық базасын нығайтуда, ғылыми қызметкерлердің сан жағынан өсуіне, студенттер контингентінің артуына, т.б. көптеген табыстарға қол жеткізді. Өкінішке орай Әубәкір өмірден ерте кетті, ол бұл дүниемен қоштасқанда 50 жасқа да толмаған еді.
Екінші ағасы Хамза Жұматов бар өмірін ғылым жолына арнаған, дүние жүзіне танымал ғалым болатын. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан мен Орта Азияда вирусология мен эпидемиология қызметінің іргетасын қалаушы. Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО медицина ғылымдары Академиясының корреспондент-мүшесі, республика ғылымына еңбек сіңірген қайраткер. Оның қоғамға тигізген пайдасы, білімі мен таланты ерекше болатын. Бірақ оның бастаған ісі жалғасын таппай, шенеуніктердің құзырынан ары аса алмай қалды. Мүмкін бұл мәселе келешекте шешіліп те қалар деген үмітіміз де жоқ емес.
Кіші інісі Сапар Жұматов Мәскеудің халықаралық қаты- настар институтын бітірген кәсіпқой елші болатын. Ол бірінші дәрежелі кеңесші еді. 1958 жылдан КСРО Сыртқы істер министр- лігінің аппаратында және оның шетелдегі елшіліктерінде қызмет істеді. Елімізді шетелдерге таныстырды. Ұзақ жылдар бойы Франция мен Швейцарияда тұрып қызмет етті. ЮНЕСКО-да осы халықаралық ұйым комиссияларының бірінде кеңесші де болды. Оның бұл өмірден кеткеніне көп бола қойған жоқ.
Қарындасы Әмина Жұматова 1942 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірген соң қорғаныс өндірісіне қызметке алынып, Челябинскіде әскери зауыттың бас инженері болып жұмыс істеген. Өзіне жүктелген міндетті орындау жолында бар күш-жігерін аямаған. Соның нәтижесінде денсаулығынан айырылып, 37 жасында қайтыс болған.
Ғ. Жұматовтың