заттай және рухани мәдениеті туралы құнды деректерді табуға болады.
Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақстан филиалында 20 жылға жуық ғылыми жұмыспен айналысқан жылдарда «Археология және этнография» секторын басқарып, оның мамандарымен бірге археологиялық және этнологиялық экспедицияларға қатысып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы жылдарда «Тоқтау» (Тоққала), «Мекхер қала, «Қуаныш қала», «Мыздахан кешені», «Назым сұлу мавзолейі», «Сұлтандүздаг», «Қарақұмишан», «Дәуітатақ» және т.б. тарихи-мәдени ескерткіштерде жүргізілген зерттеу жұмыстарына қатысты. Әйгілі С.П. Толстов, Т.А. Жданко басқарған Хорезм кешенді археология және этнографиялық экспедицияларына ұзақ жылдар қатысып, мол тәжірибе жинаған Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Қарақалпақстанда археологиялық және этнографиялық жұмыстардың табысты жүруіне өзінің сүбелі үлесін қосқан ғалым.
Ғалым Қарақалпақстанды мекендеген көпұлтты халықтардың этнографиясын зерттеу үшін арнайы этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, жоспарланған аудандар бойынша дерек жинап, олардың нәтижесінде әр жылдарда жазылған ғылыми есептерді (ҒЕ) Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақстан филиалының кітапхана қорына тапсырып отырған, олардың қатарында: «ҒЕ -1956, 420 б.»; «ҒЕ – 1957, 360 б.»; ҒЕ – 1958, 100 б.»; «ҒЕ – 1960, 450 б.»; «ҒЕ – 1961, 195 б.»; «ҒЕ – 1962, 226 б.»; «ҒЕ – 1963, 115 б.» және тағы басқа жылдардағы ғылыми есептер бар.
Аталмыш ғылыми есептер мен жиналған архивтік құжаттарда Хорезм ойпатын мекен еткен көпұлтты халықтардың саяси, экономикалық, мәдени мұралары туралы құнды этнографиялық деректер топталған. Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің археологиялық және этнологиялық зерттеулер кезінде жинаған архив материалдарының көпшілігі күні бүгінге дейін жарыққа шыққан жоқ. Оларды жан-жақты зерттеп, ғылыми айналымға енгізу болашақ ұрпақтың үлесі.
Профессор У.Х. Шәлекенов ғылымға жол көрсеткен ұстаздарын әрдайым еске алып отырады. Олардың қатарында Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография институтының дүниеге әйгілі С.П. Толстов, М.О. Косвен, С.А. Токарев, Т.А. Жданко және т.б. көптеген профессорлар бар. Әсіресе, оның ғылым жолына түсуіне профессорлар С.П. Толстов пен Т.А. Жданконың ықпалы зор.
Ғалымның Қарақалпақ АССР-нда еткен қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, 1984 жылы оған «Қарақалпақстан АССР-ның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» құрметті атағы берілді.
Туған жерге, елге, қазақ халқына қызмет етсем деген мақсатпен 1970 жылы Уахит Хамзаұлы Шәлекенов конкурс бойынша Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтына профессор болып жұмысқа қабылданады. Институт ректоры философия ғылымдарының кандидаты, доцент Сәдуақас Темірбеков, академик С.Т. Сүлейменов Уахит Хамзаұлын жақсы қабылдап, білікті маман ретінде аса құрмет көрсетіп, оның жұмыс істеуіне барлық жағдай жасайды. Алғашында профессор, кейіннен тарих кафедрасының меңгерушісі болған Уахит Хамзаұлы институт өміріне белсене араласып, оқу-тәрбие жұмыстарын