Жолдасбековтың көмегімен 80-жылдардың басында ортағасырлық Ақтөбе қаласында студенттер мен оқытушыларға арналған жатақхана салынып, университеттің археологиялық базасы іске қосылды. Бұл КСРО көлеміндегі Жоғары оқу орындарында ашылған екі археологиялық базаның бірі болды. Оның бірі-Мәскеу мемлекеттік университетінің базасы еді. Тарих факультетінің базасын салуда профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов қыруар күш жұмсап, іскерлік танытты.
1974-2013 жылдар аралығында ортағасырлық Ақтөбе қаласындағы археологиялық базада бірнеше мың болашақ тарихшы, археолог мен этнолог университет қабырғасында алған білімін тәжірибемен ұштастырып, жақсы маман болып шықты, олардың қатарында қазіргі таңда елімізге, шетелге белгілі ғалымдар да бар.
Профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов тарих факультетінің деканы болған жылдарда (1974-1985) оқу-тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөліп, оның сапасын көтерудің жолын қарастырды, оған жаңа серпін әкелді. 1981 жылы факультет ҚазМУ қалашығына көшіп келген кезде, барлық кафедраларда оқу кабинеттерін ашып, оларды қажетті оқу-әдістемелік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Декан Уахит Хамзаұлының ұсынысы бойынша тарих факультетінің, археология (1983) және этнография (1984) музейлері ашылып, оларға археологиялық, этнографиялық практика, экспедициялардың зерттеулері кезінде жиналған заттар қойылды.
Профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов кафедрада, факультетте ғылымды дамытуға, жас мамандардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл бөліп, оларға көмек көрсетіп отырды. Ол басқарған университеттің археологиялық экспедициясы (УАЭ) 1974 жылдан бастап осы күнге дейін ортағасырлық Ақтөбе қаласында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында жүргізілген археологиялық зерттеу барысында Ақтөбенің V-ХІІІ ғғ. басы аралығында өмір сүрген қала екені анықталып, одан әртүрлі тарихи кезеңдерде салынған құрылыстар, құрылыс кешендері, қорғаныс жүйесінің элементтері ашылды. Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Ақтөбеде 40 жылға жуық жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттай деректерге сүйене отырып, М. Қашқари еңбегінде аттары аталған Әулиетану, Бақыртау, Юн-Арық қалаларының төңірегінде орналасқанын басшылыққа ала келіп, бірнеше түрік қағанаттарының астанасы болған тарихи Баласағұн қаласы екенін дәлелдеді. Ғалымның «Құм басқан қала» (1992), «Ортағасырлық Баласағұн» (2003), «VІ-ХІІІ ғасырлардағы Баласағұн» (2006), «Город Баласагун в VІ-ХІІІ вв.» (2009) атты монографиялары мен көптеген ғылыми мақалаларында ортағасырлық Ақтөбенің Баласағұн қаласы екені жан-жақты дәлелденген.
Профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов елімізге танымал тарихшы, археолог, этнограф. Оның жарық көрген ғылыми еңбектерінің жалпы саны 500-ден асады. Ғалымның баспадан шыққан еңбектері мен ғылыми мақалаларында тарихымыздың ашылмай жатқан ақтаңдақтары, ұрпақ тәрбиесі мәселелері де сәулеленген.
Ғалымның әр жылдарда жарияланған «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керек» (Ана тілі, 1992), «Қазақ жанұясы» (Зерде, 1993), «Қазақ –