асыл, бағалы дүние болса да, біреуге немесе өзіңе зиян, залалы тиетін болса, одан құтыл, садақа, құрбандыққа бер деген мағынаны береді.
«Ел ағасы атанған сыйлы адамдарды ақындар:
Бір тайпа елдің басы еді,
Алтын елдің қасы еді, —
деп мақтаған. Кейбіреулері музейлерде сақталған ондай тұрман-дар нәзік шеберліктің куәсі іспетті. Алайда халықтың қастерлейтіні сәнді алтын тұрманы емес, аты болған. Сондықтан: «алтын ерің атқа батса, алтынын ал да отқа жақ» деген мақал қалған». (С. Мұқанов, 77. 126-б.).
АЛТЫН КӨРСЕ, ПЕРІШТЕ ЖОЛДАН ТАЯДЫ
«Алтын көрсе періште жолдан таяды». Бұл тәмсіл сонау заманда да бар екен. Біреудің дүниеқұмарлығын әшкерелегенде айтылса керек. Періште жолмен келе жатады. Жол жиегінде алтын жатыр екен. Соны алмаққа бола періште жолдан шығады дейді. Жұрттың бәрі осылай түсінеді. Ал бұдан 60—70 жыл бұрын атам Нұрсұлтан маған бұл тәмсілді мүлде басқаша айтып еді.
Періште келе жатады. Жолында алтын жатыр. Алтынды алмау, оған жоламау үшін періште жолдан таяды. Меніңше тәрбиелік мәні бар нағыз тәмсіл осы болмақ». (Ж. Нұрмахан, 9. 25—31.08. 2011.).
«Зерделей келгенде, бұл мақал алтын көрген періште оны айналып өту үшін тура жолынан бұрылуға мәжбүр болады деген мағынаны береді екен. Шындығында да жолда жатқан алтынның бәрін құшақтай құласа, оның қай жері періште?
Сондықтан да ақиқат жолынан ауытқып жүргендер осы мақалды малданып, өздерін періштеге апарып теңеп әуре болмай-ақ қойсын…» (Қ. Әбіл, 31. 30. 07. 2008.).
Ал бұл мақалдың қазіргі мағынасы: Егер біреу, алтын, байлық, ақша ұсынып жатса, періштедей таза адамның өзі әділеттілікті белден басып, тура жолдан таяды, ақшаға, мол тегін байлыққа қызықпай қоймайды деген мағынада қолданады. Адамдардың дүниеқұмарлығын, дүниеқоңыздығын әшкерелегенде айтылады.
Бір өкініштісі, Жанаш ата келтірген екінші тәмсілдегі мәнінен айырылып қалған.
АЛТЫ САН АЛАШ
«Сан. Сандық ұғым қазақ халқында ерте кезде тек мыңдыққа дейін ғана жақсы дамыған. Тұрмыс-тірлікте одан жоғары, күрделі сандарды қолданудың қажеті де шамалы болған. Сондықтан „миллион“, „миллиард“ сияқты терминдерді пайдаланбаған. Есеп мыңнан асқан жағдайда „түмен“ (туман) деген терминді қолданған. Бір түмен он мыңға тең. Ал егер есеп жүз мыңнан асса, „сан“ терминін пайдаланған. Бір сан – жүз мыңға тең болған. Тілімізде „Алты сан алаш“ деген тіркес бар. Ол қазіргі есеппен „алты жүз мың алаш“ дегенді білдіреді. Қазақтың ең көп есебі „мың сан“ болған, ол – жүз миллионға тең». (Д. Жүнісов, 9. 1—6.05.2014.).
Ал, «алты сан алаш» деген тіркес көп сан халық, қазақтың құрамы көп, төрт көзіміз түгел деген мағыналарды білдіреді.
АЛТЫ САН АЛАШ,
ҚЫРЫҚ САН ҚЫРЫМ
«Халық әдебиетінде ежелден келе жатқан „Он сан оймауыт, тоғыз сан – торғауыт, сегіз сан – сейілхан, жеті сан – жем (бойындағылар, келімсіктер), алты сан – Алаш, қырық сан – Қырым“ деген ұғымдар бар екендігі белгілі. Солардың шешуіне келсек: он сан оймауыт дегеніміз – ноғайлы елі, ноғай халқы, тоғыз сан торғауыт – қалмақтар,