бұзау тіс қамшы деп те жатады. Бұл енді кез келген адам ұстайтын қамшының жеңілдеу, қарапайым түрі. „Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс“ деген сөз содан қалған». (Ш. Екеев.).
Ел, жер қыдырған қыдырымпаздар мен хабаршыларды, қыр көрсетіп маңғазсынған адамдарды сабасына түсіріп, мысын басу үшін айтылатын нақыл сөз.
АЛТЫ ТҰТАМ АТ ҚАМШЫ,
ЖЕТІ ТҰТАМ ЖЕР ҚАМШЫ
«Егер, қажетті материалың, яғни, тобылғы, қайыс былғары және өткір бәкің мен жеңіл қайрағың даяр тұрса, бір қамшыны бір сағаттың мөлшерінде жасап шығаруға болады. Сабы тобылғыдан жасалады. Тобылғының сабының ұзындығы алты тұтам болуы тиіс. Ел ішінде „Алты тұтам ат қамшы, жеті тұтам жер қамшы“ деген де сөз бар. Ал, бәйгеге шабатын шабандоздар мен балалар ұстайтын қамшыны жеңілдеу болсын деп, оның сабын төрт тұтам тобылғыдан жасайды. Бұрынғы уақытта қыз балалар ұстайтын қамшының тобылғысының үстін қайыспен қос сақиналап басады екен. Қазіргі күні бұл ғұрып ұмтылған десе де болады». (Ш. Екеев.).
Қамшыны сипаттап, ерекше қасиетін ашып көрсетерде айтылады. Екінші сыңарын кейде «Жеті тұтам «жез қамшы», «Жеті өрім қамшы» деп те айтады.
АЛЫП АНАДАН ТУАДЫ
«Ана құрсағындағы жан иесі тоғыз айдың ішінде, тіршіліктің әр сатысындағы табиғатта бар он сегіз мың ғаламдық жолын басып өтеді. Былайша айтқанда, бір клеткалық „қарапайым тіршілік“ кезінен бастап, адамға дейінгі жетілу баспалдақтарын басып өтеді. Бұл табиғат жаратылыстарының ішіндегі аса күрделі құбылыстарына кететін миллиондаған жылдарды адам баласы анасының құрсағында жатқан тоғыз айда-ақ басып өтетіндігі, тек табиғат шеңберінің ғана құдіретіне сыйса керек. Олай болса, адам ғұмырының ең ұзақ та ауыр жолы ана құрсағында қалыптасады екен. Міне, осынау өсу сатысында, жан иесінің жүрек тәрбиесін тек ана сезімі ғана дұрыс бағыттап, жетілдіріп отырады. Тап осы кезеңде адамшылықтың алтын діңгегі болып саналатын, күллі тәрбие атаулының арқауы – жүрек тәрбиесінің мазмұны қалыптасады. Мінеки, осындай өте нәзік, табиғат құбылыс-тарын тереңінен тартып түсіне алған халық даналығы: „Алып анадан туады“ деп тұжырымдағанын зор мақтанышпен айтуға болады. Мейірімді ананың парасаты мен дарқан мінезді әженің шапағаты дүниеге келген сәбиді халықтық тәлімнің ғасырлар бойы қалыптасқан алтын бесігімен тербеп отырып ер жеткізеді». (13).
Бұл сөз тіркесінің толық нұсқасы: Ат – биеден, аруана – түйеден, алып – анадан» болуы мүмкін.
АНА МЕН БАЛА КІНДІКТЕС
Ана мен баланың өзара жақындығын, ыстықтығын, қымбаттығын бейнелегенде қолданылады.
Атамыз қазақта: «Ана мен бала кіндіктес» деген сөз бар. Өйткені, құрсақ көтерген әрбір ананың көңіл күйі іште жатқан нәрестеге тікелей әсер етеді. Анам жарықтық: «Балаң жақсы болсын десең, үнемі жақсы нәрсеге көз тоқтатып, жақсылықты ғана ойла» дейтін. Ана баласын емізгенде өзін салмақты ұстап, еміренсе, емшегі иіп, сүті көбейіп, балаға жұғымдылығы артады. Бала рақаттанып, терлеп-тепшіп емеді. Тыныш емген бала ақылды болады. Баланы емізіп отырған