білесің. Сен де мына ағайын-туыстарыңның арасынан би сайлап ал. Ертеңгі күні сөзіңді тындап, сені қолдайтын адамдар керек. Сондай адамдарды таңдап алмайсың ба? – Реті келгенде Телқозы ыңғай қайрағандай, осындай сөз айтатын.
Шоң әкесінің бұл сөзінде шындық жатқанын, Шоң әкесінің қандай адамдарды өткізгісі келетінін білетін. Ол ыңғай өзіне қолы ашық адамдарды таңдайтын. Ал Шоң болса ондай адамдар көңілінен шыға қоймайтын. Содан кейін әкесіне де, басқаларға да: «Билерді сайлауды қазір анау Ақмолада отырған ояз шешеді. Менің, осындағы билердің айтқаны емес, соның айтқаны болады» – деп, әкесіне: «Сіз көрінгенге уәде беруді қойыңыз» дегенді айтып, ескертіп қоятын.
Телқозы Шоңның бұл айтқандарын жақтырмайды. Бидің қалай сайланатынын жақсы білетін еді. Соған орай:
– Ол бұл жақтағы қазақтарды қайдан біледі. Сенімен ақылдасатын шығар…
Әбден маза бермеген соң Шоң әкесіне сіз осы жұмысқа араласпай-ақ қойсаңыз қайтеді деді. Шоңның бұл сөзін ол жақтырмай қалды. Өйткені, оның көкейінде не тұрғанын білетін. Егер Телқозы айтқанын қолдаса Жанкелді тұқымдарының, анау пара беріп жүрген адамдардың бәрі би болатынын Шоңның іші сезетін. Соған орай, әкесінің айтқанын жүре тыңдап сыртқа шығып кететін. Телқозы байқағыш, аңғарғыш адам еді, Шоңның ренжіп қалғанын бірден сезіп, үндемей қала береді. Шоңның көнілі-күйі түзелген шаманы байқап жүріп, өзінің үйреншікті сөзін бастайтын қайтадан.
Шоңның өзі де биге бірнеше адамды өткізіп алуды ойлап жүрген. Көңілінен шығып жүрген бірнеше адам бар еді. Бірақ бәрін бірден өткізуге болмайды. Шама-шарқынша екшеп, байқап өткізу керек. Көп адамды алып келгенді ояз да жақтырмайтынын білетін. Соған орай Шоңның өз ойы бар еді, бірақ бұл туралы тіс жарып әкесіне де айтпаған. Ондай адамдар ішінде жүретін. Бүгін әкесінің үйреншікті әдетіне айналған сөзінен кейін ойланып қалды да:
– Казір қазақта не көп, би көп. Көпшілігі ақылымен емес, байлықтың арқасында би болып алған. Сіз көрінгенді әкеп маған тықпалай бермеңіз, – деді.
Телқозы баласының мына сөзін ұнатпай, ренжіген рай танытып, дастархан басынан тұрып кеткен. Әкесі кетіп, дастархан басында жалғыз қалған. Шоңның Телқозы айтқан адамдардың көпшілігінің би болуын көңілі қаламайтын. Айтып жүрген адамдары ел арасында сыйлы болса да, көбісі Шоң ойынан шықпайтын. Содан кейінге сырғыта беретін. Айтар ойы бар адамдарды сайлатып алғысы келеді. Болыс болып келгелі бірталай уақыт өтсе де әлі билікке бір адамды да өткізбеген. Әзірге әлі де ойда жүрген еді.
Шоң үйде біраз отырып тысқа шықты. Сыртта біраз жүріп үйге оралса үйде Әлсен отыр. Күміс дастархан жасап қойыпты. Шай қайнап тұр. Баяғыда Күміс келін болып түскенде алып келгендердің бірі осы Әлсен еді, келіннің бірінші бетін ашқан ыстық болады дейді қазақ. Сол шындық болуы керек, Әлсен келгенде Күмістің жаны қалмайтын. Шайын жасап, қазанын көтеріп есі шығады да жатады. Шоң оны осында келгелі байқап жүр. Мына дастархан жасасы да соның белгісі еді. Әлсен де бұрынғыдай