Қанат Жойқынбектегі

Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап


Скачать книгу

шаруасына жұмсап қоятын. Әуеліде келісім солай болған соң, Шоң бармаймын деп айта алмады. Мұндай жүрісте де арбамен, салт жүрсе де Жойқынбекті қалдырмайды. Өйткені, барған жерде атына қарайтын адам керек. Келген жерінде басқа болыстар тәрізді сол ауылдың адамын жұмсауды ұнатпайтын. Сондықтан қасына Жойқынбекті алып жүретін. Бірде Шоң Ақмолаға барғанда Карбышев айтқан:

      – Шоң Телкозинович, сіз ел арасында үлкен ауыл болып отыру туралы үгіт жүргізетін көрінесіз. Оның қажет жоқ, қазақтар бұрынғы қалпынша отырып өмір сүре берсін. Мұны жеткізіп отырған Қабай маңайындағы адамдар екенін білді Шоң.

      – Ана казак-орыстар тәрізді отырғанның несі жаман? – деп жауап берді Шоң.

      – Әр халықтың үйренген өз әдеті бар. Сонымен тұрсын.

      Карбышев Шоңның Темештерге Қорғалжын көлінің жағасынан жер бергенінен қорқып қалған. Нұра бойынан да соны жасай ма деп ойлап тұр еді.

      – Шоң, оны жасасаң, екеуміз бірге жұмыс істей алмаймыз.

      – Семен Иванович, одан қорықпай-ақ қойыңыз. Басқа түгілі, менің әкем де отырған жерінен қозғалғысы келмейді.

      – Ол сөзді айтпастан бұрын менімен ақылдасуың керек, ал мен губернатормен ақылдасып отырамын.

      Шоң бұған қарсы сөз айтқан жоқ. Егер Нұра бойына қазақтар қоныстанып алса оған ояздың да, губернатордың да қарсы шыға алмайтынын білетін. Содан кейін ояз сөзіне бас ауыртудың қажеті жоқ екенін білді. Бәрі жергілікті адамдарға байланысты екенін түсінген. Ал олардың жасап отырғаны анандай. Бұдан кейін ояз да жер туралы әңгімені қозғаған жоқ. Шоң әкесінің де, басқалардың айтқанына көнбейтінін білген еді. Дегенмен, реті келгенде үлкен ауыл болып тұру жайында айтып жүретін.

      Би сайлауы

      Дуанның уезге көшуіне байланысты қазақ өмірінде де көптеген өзгерістер кіре бастады. Орыстар қазақ өмірінде билердің алатын орыны айрықша екенін жақсы білетін. Қай ауыл болмасын, ең алдымен бидің айтқанын екі етпей орындайтынын түсінетін орыс шенеуніктері. Билердің өздеріне тәуелді болуын ойластырған еді. Содан кейін жаңа сайланған билерді ояз алдынан өткізіп отыруды әдетке айналдырған. Ыбырай кезінде аузы күйіп қалған Карбышев билерді тек өз алдынан өткізіп отыратын болды. Ол шаруаны болыстарға да тапсырып қойған. Орыстар саясатына онша тереңдеп бара бермейтін Ыбырай мен Карбышев арасында билерге байланысты дау шығып қалатын. «Билер шетінен мұсылман, қалай сенің алдыңда ант береді» деп те айтқан бірде. «Мемлекет орыстікі, сондықтан олар менің алдымда ант беруге тиісті» дейтін Карбышев те ондайда. Ал заңда кез-келген би ояздың өзіне болмаса, орынбасарының алдынан өтуі керек деп жазылған болатын. Карбышев соны өзгертті. Жаңа сайланған билер орынбасарларым алдынан емес, тек менің алдымнан өту керек деген еді. Билер жергілікті жерден сайланбастан бұрын ояздың алдынан өтуіне Карбышев жоғары жақпен келісіп осындай нұсқау берді. Бұл жұмысты басқаратын жергілікті болыстар тапсырған ояздар. Болыстарға байлар мен билердің тәуелділігі арта түскендей еді. Бұл орыс саясатына орай әдейі жасалып отырғанын Шоң жақсы білетін.